Әдебиет • 29 Ақпан, 2024

Өрім талдай Сәулімдер

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Еркін бейбіт ауылым-ай,
Жас өрім талдай сәулім-ай.
Қырдың ерке сұлуы
Сағындым сені, бауырым-ай», дейді Сәкен Сейфуллин «Біздің жақта» әнінде. Иә, қателескен жоқсыз, сәулем емес, сәулім болса керек. Бұл не сөз деп таңыр­қайтын шығарсыз, бірақ анығы – осы. Сәулім. Жалғыз-ақ ауыз сөз әннің бүкіл реңін ашқаны өз алдына, қазақтың тілдік қолданысында ертеден бар екеніне көз жеткізген соң барып айтып отырмыз.

Өрім талдай Сәулімдер

Сәкеннің «Тар жол, тай­ғақ кешу» романында Сәу­лім атты кейіпкер бары бұрын­нан белгілі. Айдау мен түрме­ден қашып келе жатып, Баян­ауылдағы Балабай ауылына аялдап тыңайғанда байдың Сәу­лім есімді бойжеткен қы­зы ән салғанын жазады. «Біз­дің жақта» туындысын қаш­қылықты-қуғылықты жүргенде елді сағынып салғаны және шын. Бірақ дәл сол Сәулімге бола шықпаған ән ғой деп қоя салғанбыз. Өткенде ғана Жүсіпбек Аймауытұлының «Күнікейдің жазы­ғы» повесін парақтағанда осы сұлу сөз қайта ұшыраса кеткенде, «Біздің жақтаның» қайыр­масындағы сөз сәулем емес, сәулім екеніне анық көз жетті. Себебі бұрын оның осылай екенін Серік Оспанның «Сә­кеннің музыкалық мұрасы» еңбегінен оқысақ та, тап солай деуге батылымыз бармаған. 

«Күнікей тысқа шығып, есік алдында тұрып, ауылға бар­лай қарады. Содан кейін бармағының ұшымен ша­пан­ның жағасын көтеріп, шашы­ның жарымына дейін жауып, сәулімдерше сызылып, түп-түзу аяңдап, Шідертінің бер жағындағы өзекке түсті.

Ой жағалап ойнақтаған шұ­нақ қара қасқа лақша ыршып-ыршып түскісі келеді. Бірақ Күнікей ыршымайды: ол енді өзінің сәулім болғанына көзі жетті. Сәулім болса, бала қаздай байпаңдап, салмақпен жүру керек».

Демек сәулім дегені бойжеткен қыздың зәулім биік шынардай сымбаттанған дер шағы болғаны ғой. Енді Сәкенге құлақ түрелік:

«Жылқының шетінде, текемет үстінде қотанды күзетіп Балабайдың қызы мен екеуміз ғана ояу отырмыз. Ақырын домбыра шертіп Сәулім отыр. Шалқамнан көкке қарап, жұл­дыз санағандай, мен жатырмын. Қасымызда қаңтарулы бәй­ге күрең қасқа айғыр тұр. Сұлу, жүйрік күрең қасқа ай­ғыр қалғып кетіп, анда-санда ішін тартып, тамсанып қоя­ды. Төңірек тым-тырыс. Тек Сәу­лімнің қолындағы ыңырсып толғанған домбыраның әні ғана ақырын сыңқылдап шы­ғады. Домбыра сарыны ыңыр­сып, қалтырап, ақырын тол­ғанады. Торғын, жұмсақ тұнық ауаны дірілдетеді. Нәзік, қал­тырап толғанған әдемі дыбыс маужыраған қотанды, тыныс тартқан дүниені ақырын әлдилеп, жұмсақ тербеген тәрізді... Сәулім домбырасына «Зұлқияның әнін» салады», дейді.

Негізі Балабай қызының есімі Сәулім емес, Сәкен оны өзі осылай атап алса керек шы­­ғар­масында. Сәулімнің шын аты Жүпшира екенін жа­за­ды Серік Оспан. Бұл кісі Аста­надағы Сәкен Сейфуллин мұражайын басқарып тұрған­да, сәкентанушы ғалым Тұр­сын­бек Кәкішұлы, тағы басқа зерт­теушілермен «Сәкен жүрген жолдармен» атты экспедиция ұйымдастырып, Балабай ауылына сапарлап, ұрпақтарының үйінде қонақта болғанын жазады. Ақырында сұрастыра келе Сәкенді тәнті еткен Жүп­шира апамыздың көзі кетсе де, туған балаларына кездейсоқ ұшырасқанын айтады. Бала­байдан Ыбырай, Гүлшира, Әжік, Жүпшира туады. Автор осы Жүпшира ападан туатын Бибітай Бақтиярқызы апаны балалары арқылы іздеп тапқанын, барып барлық мәлі­метке көз жеткізгенін, тіпті Жүпшира апаның фотосымен жариялаған. Сол кездесуде Тұрсынбек Кәкішұлы:

– Мен 1985 жылы Сәулім деген атпен іздестіріп, ауылына ат басын тірегенде, сөйлеспей теріс қарап жатып алатын кісі осы Жүпшира ма еді? – деп сұрады Тұрсекең.

– Дәл өзі, бірақ аты Сәулім емес, Жүпшира болатын. Әрі ол кезде ешкіммен сөйлескісі келмейтін. Ауыр бейнет, қай­ғы-қасірет қойсын ба, 1958 жыл­дары анамыз зағип боп, көзі көрмей қалған-ды. Іздеп келу­шілер Сәкенмен ара-қаты­насын сұрап мезі ететін, – депті ұрпақтары.

«Біздің жақта» әнінің ал­ғашқы шумағында ақын ел мен жерді суреттесе, екінші ауызында қазақтың жігіттерін, үшінші шумағында қазақ сұлуларын, яғни сәулімдерді сипаттайды. Бірге тыңдап, айтайық: 

 

«Қыздары біздің жақтың қара қасты,

Тісіне ұқсатарсың  меруерт тасты.

Сымбатты, көркем бойлы тал шыбықтай,

Мамық төс, сұңғақ мойын,  сүмбіл шашты.

Еркін бейбіт ауылым-ай,

Жас өрім талдай сәулім-ай.

Қырдың ерке сұлуы

Сағындым сені, бауырым-ай.

А-ай, жан сәулем, Өрім талдай,

Жазық маңдай, Аузыңнан шыққан лебің шекер балдай».