Қоғам • 29 Ақпан, 2024

Абай туралы тың зерттеулер

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ­тың бас ақыны – Абай Құнанбайұлына арналған ғылыми еңбек­тер­дің таныстырылымы өтті. Бірегей жаңа зерттеулер ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында 9 серия бойынша жарық көрді. Ғалымдар ойшылдың «Толық адам» тұжырымдамасына да терең зерттеулер жүргізді.

Абай туралы тың зерттеулер

ЕҰУ жанындағы «Абай ака­де­мия­сы» ҒЗИ-дің зерттеу жұ­мыс­тарын белгілі ғалымдар мен абайтанушылар дайындады. Атап айтсақ, Е.Сыдықовтың «Абай­ әулетінің тарихы», Т.Жұрт­бай­дың «...Бір кемел», Е.Құр­ман­ға­лиеваның «Батыс елдеріндегі және Түркиядағы абайтану», Е.Тілешовтің «Ын­талы жүрек сезген сөз...», Б.Тұр­сын­бай­ұлы­ның «Абайдан қалған арман», А.Салқынбайдың «Абайдың дана­лық әлемі», Ұ.Үмітқалиевтің «Абай және оның заманы тари­хи-этно­гра­фиялық мұра», Ж.Әубә­кір­дің «Абай және ұлттық болмыс», Ж.Дәдебаевтың «Абай ілімі», Д.Ысқақұлының «Абай – дала данышпаны», Қ.Кемеңгердің «Абай мұрасы: 1891–1896», Т.Қыдырдың «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби ком­­­пара­тивистикалық талдау» атты 12 жаңа кітап тоғыз серия­мен жарық көр­ді. Авторлар өз зерт­теу­лерінде қоғам­­ның, ғылым­ның, әдебиеттің, тілдің өзекті мәсе­лелерін Абайдың дүние­­­та­нымы мен мұрасы арқылы қарас­­тырды.

«ЕҰУ жанындағы «Абай ака­­­­де­­миясы» абайтанудың көп қыр­лы аспектісінде жан-жақ­ты ғы­лы­ми, сараптамалық және әлеу­мет­та­ну­лық зерттеулер жүр­гізеді. Ұлы ойшылдың бай мұра­сын шетелде кеңінен насихаттау бел­сенді жүргізіліп жатыр. Кейінгі төрт жыл­да ақынның рухани мұрасы мен өмірінің әр саласы бойынша 80-нен астам кітап жарық көрді. Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылы­ми еңбектер Мемлекет басшысының тұжы­рымдамалық идеяларымен үйле­седі. Абайдың ойлары мен тұжы­рымдарының терең философиясында жалпы­адамзаттық құн­ды­лықтар сабақ­тас­қан. Олар қазіргі қо­ғамның дамуымен өзара байланысты қарастырылады», деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

«Абай ілімі» кітабының 3-то­мы­­ның авторы, профессор Жан­ға­ра Дәдебаев Абай ілімінің өзекті мәсе­лелерін жан-жақты қырынан тал­дады. «Абайдың «Толық адам» ілімі туралы тұжырымдамасы», «Абай ілімінің негіздері», «Абай ілімінің тоғысуы» атты үш бөлім­нен тұратын зерттеу нәтижелерін оқу үрдісінде, оқу­лықтар мен оқу-әдістемелік құ­рал­дарды дайындауда және Абай ілімі саласында ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізуде пай­далануға болады. Айтулы еңбек «Абайдың «Толық адам» тұ­жы­рым­дамасы және қоғамдық сананы жаң­ғырту» сериясымен жарық көр­ді.

Ал «Абайдың даналық әле­мі» кітабының авторы Анар Сал­қын­бай: «Абайды тану үшін әлем әдебиетін білу керек. Мұны Шекс­пир, Гете, Пушкинді зерттеген қа­зақ ғалымдары жақсы біледі. Біз кітабымызда Абайды тілдік-фило­со­фиялық бағыт арқылы зерделеу­ге­ тырыстық, оның әрбір сөзін мұ­қият талдап, ақынның әрбір туын­ды­сындағы сөздердің мән-мағы­на­сын сараптадық», деп зерттеу еңбе­гінің қыры-сырын баяндаса, ЕҰУ жанындағы «Абай академия­сы» ҒЗИ директоры Жандос Әубәкір: «Абайды зерттеу – бір күн немесе бір жылдың ісі емес. Ең бас­ты мақсат – Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. «Абай академия­сы» ҒЗИ тек ғылыми-көпшілік зерт­­теулермен ғана емес, сонымен қатар Абайды зерттеудің жаңа әдісін насихаттаумен де айналысады. Біз «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құнды­лықтары», «Абай­дың «Толық адам» тұжы­рым­да­масы және қоғам­дық сананы жаң­ғырту», «Абай шы­ғар­ма­шы­­лығы және қазіргі қазақ әде­­бие­тінің қалыптасуы», «Абай шы­ғар­маларының тілі және қазіргі тіл білімінің өзекті мәсе­ле­лері», «Абай мұрасы кон­текс­­інде қазақстандық пат­рио­­­тизмді қалыптастыру» атты 9 ар­найы серия бойынша кітаптар шы­ғардық», деп атал­ған жобаның мән-маңызына тоқталды.

Сонымен қатар   «Абай Құ­нан­­­­­­бай­­­ұлының мұрасы әлеу­­­­­­мет­­­­тік-гума­ни­тарлық ғылым­дар­­ ас­­пек­­­ті­сінде» бағытында 50-ге жуық таным­дық мақала, 22 әлеу­мет­тік-таным­дық кейс, заманауи муль­ти­медиалық технологиялар көме­гімен «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.

Айта кету керек, «Абай акаде­мия­­сы» ғылыми-зерттеу институ­ты Мемлекет басшысының тап­­сыр­­масымен 2019 жылы Л.Н.Гуми­­лев атындағы Еуразия ұлт­­тық уни­­вер­ситеті жаны­нан ақын­­ның өмірі мен шы­ғар­машы­лы­­ғын жүйелі түрде те­рең­де­тіп зерт­теу мақсатында ашылды.