Аймақтар • 29 Ақпан, 2024

Құрбылар қосымша ойлап тапты

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Алуа Едігеева мен Азиза Жақыпбек «Naqyl söz» атты қосымша ойлап тапты.

Құрбылар қосымша ойлап тапты

Қазақша үйреніп, тілді терең танығысы келгендерге арналған бұл қосымшада ұлттың ұлы тұл­ғаларының қанатты сөздері, ел арасында кең қолданыс тапқан мақал-мәтелдер және тұрақты тіркестер бар. Қосымша ойлап тапқан қос құрбы әуелгі бөлімде сөздерді авторлары бойынша жіктеп, мақал-мәтелдерді  тақы­рыпқа бөлген. «Тұрақты тір­кестер» бөліміндегі сөздер әліппе реттілігімен орналасып, әр сөздің орыс, ағылшын тілін­дегі аудармасы мен аудио жаз­басы қоса ұсынылып отыр. Жоба жетекшісі осы мектептің информатика пәні мұғалімі Әділжан Науан. Қосымша авторлары жоба арқылы қоғамда қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын кеңейтуді көздегенін айтады.

«Мысалы, біздің қатарласта­ры­мыздың көпшілігі тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің мағынасын түсіне бермейді. Ал олар жанынан тастамайтын ұялы телефондағы қосымша күнделікті өмірде қолданатын сөздік қорымызға түрлі тұрақ­ты тіркестерді, қанатты сөздер­ді енгізудің тиімді жолын ұсына­ды. Жоба қазақ тіліне терең лингвистикалық талдау жүргізіп, сонымен қатар олардың мән-мағынасын, қолдану аясын зерттеп қолданушыға тілді тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді», дейді авторлар.

Қазір қосымшадағы дерек қо­ры толықтырылып жатыр. Жа­қында «Naqyl söz»-ді әркім өз смартфонына Play Market, AppStore электронды дүкен­дер арқылы жүктей алады. Былтыр ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанған қосымша­ның demo нұсқасын алғаш осы мектеп оқушылары пайдаланыпты. 

Қос құрбы жобаны қолға алудан бұрын қазақ тілін үйре­нуге арналған мобильді қосымша­ларды жете зерттеген екен. Көп сөздің мән-мағынасын ұғына бермейтін қатарларына кө­мек ретінде басталған жоба тіл үйреніп, халық нақылдары арқылы сөздік қорын байытқысы келетіндердің бәрін қамтиды.

 

Қызылорда