Ауыл • 01 Наурыз, 2024

Жайсыз мектепте оқып жүр

119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аудан орталығы Ақсуаттың тап іргесіндегі Екпін ауылының тұрғындары үшін балаларының алаңсыз сабақ оқуы әзірге арман болып тұр. Себебі салынғанына ­­30 жылдан асқан Ы.Кабеков атындағы орта мектеп апатты болып танылған. Әсіресе үшінші қабатының төбесінен ылғал өтіп, қабырғасының сылағы түскендіктен, ондағы пән кабинеттерінің (биология, бастауыш сынып, химия, қазақ әдебиеті) есігі тарс жабылып, сабақ өткізуге жарамсыз. Соның салдарынан мектептегі 365 оқушы екі ауысымда оқып жүр.

Жайсыз мектепте оқып жүр

Қабырғасы жарылған спортзалы да оқушылардың еркін жаттығуына қауіпті болғандықтан, пайдаланудан шығып қалғанын көрдік. Мектептің үшінші қаба­тына арнайы көтеріліп, аралап жүрге­німізде дәлізге тасталған матрацтарға көзім түсті. Ауыл азаматы Ғалбиат Байға­лиевтің айтуынша, балалар ауданда өтетін түрлі жарыстарға қатысу үшін осы жерде дайындалады екен. Осындай қолай­сыз жерде жаттығып жүргендеріне қара­мастан аудандық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алып жүрген жастардың жанкеш­тілігіне қайран қаласың.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі өркениет көшінен тыс қалғаны өз алдына, іші-сыртының сыны кеткен білім ошағына айналса да, ұстаздары қолайсыздығына төзіп, оқушылары жайсыз мектепте оқып жүр. Тек дәтке қуат етер үміт біреу ғана: «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы аясында салынатын мектеп құрылысы биыл басталмақ.

Абай облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл облыста 6 мек­теп­тің құрылысы басталып, келісімшарт бойын­ша 2025 жылы аяқталады. Біз айтып отырған Екпін ауылынан бой көтеретін 300 орындық мектеп соның қатарында қолға алынбақ. Демек екпіндік балалар кірсең еңсеңді түсіретін мектепте келесі жылға дейін оқуына тура келеді.

Жалпы, Абай облысында «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жобасы аясында бір ауысымда 5 700 оқушыға арналған 11 мектеп салу жоспарланған. Ал 2023 жылы басталған 5 мектептің құрылысы биыл аяқталуға тиіс. Атап айтқанда, Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1 200 орындық, Водный кентінде 600 орындық, Аягөз қаласында 600 орындық, Ақсуат, Бесқарағай аудандарында 300 орындық мектептер пайдалануға беріліп, білім ошақтарының жетіспеушілігі мәселесі жүйелі түрде шешіліп, апатты мектептерді жою көзделіп отыр.

Ақсуат ауданына барған сапарымызда Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек елді мекеніне де жол түсті. Бұл ауылдағы мектептің жайы тіптен мүш­­кіл. Әскери дайындық пәнінің мұға­лімі Қанат Қалихановтың бастауымен кіріп келгенімізде тар дәлізде улап-шулап мерекелік іс-шараға қатысып жатқан оқу­­шылардың өнеріне куә болдық. Бір қабат­ты білім ошағында акт залы атымен жоқ болғандықтан, балалар өнерін осылай көрсетуге мәжбүр екен. Ал спорт залы ретінде бұрынғы қазандық ғимаратын көргенімізде қарауға көз ұялды. Одан қалса, оқушылар санитарлық талапқа сай келмей­тін асханада кезектесіп тамақтанады.

– Іргетасы 1929 жылы қаланған Көктүбек кезінде дүркіреп тұрған үлкен ауыл еді. Іргемізден аудан орталығы Ақсуаттан бас­тап, Сәтбаев, Кіндікті ауылдары кеңестік дәуірде өз алдына шаруашылық болып салынып, бөлініп шыққанда, Көктүбек қалтарыста қалып қойды. Қазір Сәтбаев ауылының құрамындағы елді мекен болып саналады. Ауылда өзекті мәселе баршылық. Интернет қызметі сын көтермейді. Хабар­ласу үшін трассаға, биіктеу жерге барып, байланысқа шықпасақ, үйде ұялы телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік жоқ. Мектеп мұ­ғалімдері күнделікті тапсырмаларды орын­дағанда қатты қиналады. Соған қара­мастан ай са­йын аудан орталығына барып, интернет үшін «Қазақтелекомға» 8-10 мың теңге төлейміз.  Одан кейінгі айтар нәрсе, 10 шақырым жердегі ауданға төте жол жоқ. Алдымен Сәтбаев ауылдық округіне барып, сондағы трасса арқылы жеткенше 35 ша­қырым болады. Сонда Ақсуатқа барып қайтуымыз 70 шақырымға шығады. Бұл ауыл халқы үшін тиімсіз болып тұр, – дейді Қанат.

Көктүбек ауылына қатысты мәселе бо­йынша қабылдаған Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин жағдайдан толықтай хабардар екенін айтты.

– Көктүбек мектебін жаңадан салу мә­селесі жалпы назарымызда бар. Қазір об­лыс­тық құрылыс басқармасына жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Тиісті қаражатын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, құрылысын 2025 жылы бастау жоспарға енген. Бұған қатысты облыс әкі­мінің тапсырмасы да бар. Одан бөлек, Көк­жыра ауылының Базаршат деген жерінен бала­лардың жазғы демалыс лагерін салу қолға алынады, – дейді Ахмет Әсетұлы.

Ақсуат аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікбек Смағұловтың айтуынша, биыл аудандық маңыздағы Сәтбаев – Көктүбек арасындағы 9 шақырым жол асфальтталатын болады. Оған 492 млн теңге қаражат бөлініп, да­йын тұр. Ал Көктүбектен Ақсуатқа тура жол са­­луға мүмкіндік жоқ. Өйткені ара­лық­та бір­қатар шаруа қожалықтарының иеле­ріне тиесілі жерлері бар. Тура жол салу­дың күрделі жұмыстарын жүргізуге олар­дың көбінің келісе қоюы қиын. Есесіне, көк­тү­бектіктер Сәтбаев ауылдық округіне жаңа­дан төселетін жол арқылы қатынап, аудан орталығына облыстық маңызы бар трасса арқылы келуіне мүмкіндік туады.

 

Абай облысы,

Ақсуат ауданы