Қоғам • 01 Наурыз, 2024

Жауапсыздық соңы – қатер. Жұмысшылар түгілі тұрғындар өмірі де алаңдатады

162 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, өндіріс орындарының жауы жауапсыздығы болып отыр. Ал мұндағы жарды тура мағынасында түсінсек те қателесе қоймаймыз. Өйткені өндірістегі жауапсыздықтың соңы апатқа ұшыратып, жар астында қалып қойған жұмысшылар қаншама? Бұған Қарағанды шахтасында жер жастанған марқұмдардың топырағы кеппей жатып, жыл басында Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде орын алған тағы бір оқыс оқиға дәлел.

Жауапсыздық соңы – қатер. Жұмысшылар түгілі тұрғындар өмірі де алаңдатады

Майқайың кентіндегі қайғылы оқиғаға шахта маңында кенеттен пайда болған ойық себеп болған. Осы ойыққа түсіп кеткен автобус ішіндегі төрт адам опат болды. Оның екеуінің мүрдесі табылса, қалғаны әлі іздестіріліп жатыр. Жантүршігерлік бұл жағдай бүкіл халықтың үрейін туғызды. Ал жергілікті тұрғындардың тіптен зәре-құты қашып отыр. Мысалы, сол өңірдегі тілшіміз өткен айда Майқайың алтын кенішінен 300–400 метрдей ғана қашықтықта орналасқан «Шанхай» шағын ауданы тұрғындарының жанайқайын жеткізді. Одан кейін бұл шетін мәселе Мәжіліс мінберінен де көтерілді.

Енді дәл осындай қорқынышпен күн кешкен Шығыс Қазақстан облысын­дағы Белоусов аулының тұрғындары да дабыл қағып отыр. Аталған ауыл, шынында да, тау-кен жұмыстары жүргізіл­ген кеніштің үстінде орналасқан екен. «Қауіп еткеннен айтамын» дегендей, жалпы шахта маңында тұратын елді мекендер жұртының бұлайша дүрлігуі бекерден-бекер емес. Өйткені осындай оқыс жағдай 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында орын алған. Онда жер опырылып түсіп, жеке тұрғын үй жұтылып кеткен еді. Абырой болғанда бұл үйдің тұрғындары бірнеше минут бұрын үйден шығып үлгерген. Ойық Риддер – Сокольный кенішінің пайдаланылған шахтасының орнында пайда болған. Ranking.kz порталының хабарлауынша, сол кезде мемлекеттік комиссия орын алған оқиғаның бір­неше себебі ретінде кәсіпорындағы тех­но­логиялық тәртіптің төмен деңгейін, топы­рақтың сулануын атады. Бұдан кейін шах­таға иелік ететін компания оқиғаның барлық салдарын жойып, шұңқырдың орнын толтырған. Бірақ бұл жағдай осындай қауіпті оқиғаның алдын алу үшін барлық тау-кен кәсіпорындарын жаппай тексеруге түрткі болмапты.

Жоғарыда айтқан Белоусов аулын­дағы мәселеге Үкіметтің назарын бұру үшін Сенат депутаттары Ольга Булав­кина мен Шәкәрім Бұқ­тұ­ғытов Премьер-министрге сауал жолдады. Олар хатында аталған елді мекенде тыңғылықты зерттеу жүргізудің маңызы мен кенішті қауіпсіздендірудің түрлі әдісін қарастыру қажет екенін атап көрсетті.

«2023 жылы өткізілген қоғамдық тың­дауларда жергілікті тұрғындар шахталарды су басса, топырағы опырылып құлап, соңы адам өліміне соқтыруы мүмкін екенін айтып, наразылықтарын білдірді. Расы­мен де, бұл ауыл тау-кен жұмыстарының үстінде орналасқан. Істен шыққан шахталар қирап қана қоймай, қуыстарды толтыратын ластан­ған су мен ауа жер бетіне шығып, экологияны әжептәуір былғайды. Бірнеше онжылдық ішінде тұрғын үйлердің жертөлелерінде метан мен көмірқыш­қыл газы жиналуы мүмкін. Бұл халық­тың денсаулығына айтар­лық­тай зиян келтіреді. Өз кезегінде лас­тан­ған жерас­ты сулары ауыл шаруашылы­­ғына да кері әсерін тигізеді», делінген депу­тат­тық сауалда.

Сонымен қатар сенаторлар осындай кенттердегі кәсіпорындардың әлеу­меттік жауапкершілігінің болмауы, жалпы өнеркәсіптік қалалар мен басқа да елді мекендерді қолдаудың тиісті мемлекеттік бағдарламаларын уақты­лы әзірлемеу осы аумақтарда тұратын халықтың құл­дырауына әкелуі мүмкін екен алға тартты.

Белоусов аулы тұрғындарының жа­най­қайын жеткізген сауалға Үкі­мет ­басшысы Олжас Бектенов жауап берді. Оның айтуынша, 2022 жылы жел­тоқсан­да Белоусов кен орнында поли­металл кен­дерін өндіруге қатысты 1998 жылғы 30 қыркүйектегі №245 келісім­шарт­тың қолданылу мерзімі аяқталған.

«Келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты жер қойнауын пайдаланушы («BM Mining» ЖШС) тау-кен жұ­мыстарын жүргізу салдарын жою жо­басын әзірледі. Алайда қоғамдық тың­даулар барысында біраз ескерту айты­лып, теріс қорытынды берілді. Осы­­ған байланысты Өнеркәсіп және құры­­лыс министрлігі қазіргі уақытта кен орнын эксплуатациялау мерзімін ұзар­ту мәселесін пысықтап жатыр. Соны­мен қатар мемлекет «Ауыл аманаты», «Дип­ломмен – ауылға!», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында ауылдық елді мекендерге қолдау көрсетіп отырға­нын атап өтеміз. Мәселен, Белоусов аулы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақ­сарту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 2021–2022 жылдары 4 жобаны іске асыруға 354 млн теңге бөлінді», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр әр­бір өңірдің гео­графиялық, әлеуметтік-экономикалық факторлары бойынша өзіндік ерекшелігі бар екенін ескере отырып, депрессия­лық аумақтарды дамытудың бірыңғай бағ­дарламасын әзірлеу тиімсіз деп санайтынын білдірді. Оның айтуынша, бағ­дарламалық шараларды бірізден­діру тиісті экономикалық әсер бермейді, өйткені әр аймақ үшін арнайы қолдау шараларын әзірлеу қажет.

Біз мұнда өндірістік аймақтардағы тұрғындардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғап отырмыз ғой. Бірақ «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегендей, сол қаупі басым өндірістің қазанында қайнап, басын қатерге тігіп еңбек етіп жүрген жандардың жайын да ұмытпауымыз керек. Статистикаға сүйенсек, кейінгі жылдары елімізде жұ­мыс­шылардың еңбек жағдайында жазатайым оқиғаға ұшырауы шамалы болсын азайып келеді. Алайда өнеркәсіп саласындағы өндірістік жарақат әлі де жоғары деңгейде тұр. Нақтырақ айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің дерегінше, елі­міздегі өндірістегі жарақаттанудың ең жоғары деңгейі өнеркәсіптік өңірлер – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және басқа да облыстарда байқалады. Зардап шеккен әрбір бесінші адам – тау-кен металлургия саласының жұмысшысы. Өткен жылдың қаңтар – қараша айларында өз жұмыс орнында 184 адам қаза тапты. Оның ішінде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтаның 46 кеншісі де бар. Өкініштісі сол, өндірісте зардап шеккендер мен қаза тапқандар­ға қатысты бұл сорақы көрсеткіш бес жылдан аса уақыт бойы өзгере қой-
мапты.

Негізінде, кәсіпорындардағы еңбекті қорғау мәселелерінен басқа, жұмыс орындарының қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауда қиындықтар бар екені бай­қалады. Мәселен, 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында сарапшылар әдетте жазатайым оқиғаларды тергеу нәтижелері бойынша бұзушылықты жою үшін шаралар әзірленетінін, бірақ оның қайдан пайда болатыны қаперге алына бермейтінін көрсетеді. Бұл осындай төтенше жағдайлардың алдын алуға және мәселені жүйелі шешуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың қанатының астында болуы да «жауырды жаба тоқуға» себеп болған көрінеді. Өйткені әкімдіктердің жұмы­сын бағалар кезде өңірлердегі өндірістік жарақат көрсеткіші де ескеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің сарапшылары 2022 жылғы статистиканы талдағаннан кейін осындай қорытындыға келген екен. Бұлай пайымдауға сол жылы жеті өңірде жеңіл немесе орташа ауыр жарақаттармен бірде-бір жазатайым оқиға тіркелмегені жетелеген. Ал еңбек инспекторлары осы уақыттың алдында әкімдіктердің қарамағына ауысқан еді. Түптеп келгенде, көпшілік шынайы жағдайға проку­рор­лық тексерулердің нәтижесінде ғана көз жеткізеді.

Мысалы, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау-қадағалау қызме­тінің қорытындылары бойынша өткен жылдың қаңтар – қыркүйегінде мем­ле­кеттік органдар тарапынан жүргізіл­ген тексерулер саны 2,8 есеге азайған. Үш тоқсанда барлығы 630 ғана тексеру жүр­гізілген. Ал 2022 жылдың қаң­тар – қыркүйегінде 1,8 мың тексеру бол­ған екен. Бір қызығы, жоспар­дан тыс зерттеулер саны 7 еседен астам қыс­­­қарды. Міне, осыдан келіп еңбек жағ­­дайындағы бұзушылықтар саны да азай­­ғаны байқалып отыр. Дерек келті­ре кет­сек, былтыр тоғыз айда өндіріс­­тік орын­дарда небәрі 15,5 мың ереже бұзу тір­келді. Бұл 2022 жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе аз. Сәй­ке­сінше айыппұлдар саны әлдеқайда қыс­қарған.

«Адамды адам еткен – еңбек» дейміз. Бірақ адам өмірінің қымбат екенін қашан­да қаперде ұстап, еңбектегі қауіпсіздікті, жалпы айналаға жанашырлықпен қарау­ды құнттаған жөн.