Халық • 01 Наурыз, 2024

«Ел мен жерді сүюді қазақтан үйрену керек»

210 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1944 жылдың 8 наурызы. Қап тауының баурайын мекен еткен ұлт пен ұлыстың жүрегі жылап оянды. Осы күні оларды Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударту басталып кеткен. Бейбіт елдің басына төнген алапатта отбасылар басының амандығын тілеп, мұздай суық вагондармен қиырдағы қазақ даласына бет алды.

«Ел мен жерді сүюді қазақтан үйрену керек»

Қап тауын мекен еткен қарашай-шеркеш, қабарда-бал­қар ұлттары – тағдырлас ха­лық. Күштеп қоныс аудару бас­тал­ғанда Мария Алботқызы 1 жасқа да толмаған жөргектегі сәби еді. Алайда сталиндік саясат ешкімді аямады. Ата-анасы, үйдегі он бір бала, соның ішінде кенжесі Мария қыстың ызғарлы күндерінің бірінде кеңес жауын­гер­лерінің пәрменімен көппен бірге суық вагондарға қамалды.

– Балам, мен анамның аузы­нан естіген әңгімелерімді айтамын. Анамыз өле-өлгенше «бізді құтқарған қазақтар» деп үнемі айтып отыратын. Ол біздің отбасымыз, тұтастай туысқан Қап тауы елінің ұлттары қазаққа мәңгілік қарыздар дейтін. Мұның барлығын санамда жаттап өстім. Анам бізді қазақ халқын сүюге, солардай мейірбан болуға тәрбиеледі. Біз қазақтар сияқ­ты Қап тауының етегін жайлаған бей­біт­сүйгіш, ынтымақшыл ел едік. Бір күнде шырқымыз бұзылып, еріксіз түрде танымайтын жерге көштік, – деп бастады Мария әжей әңгімесін.

«Анамның айтуынша отбасымыз көппен бірге өте лас әрі мұздай суық вагондарға отырғызылған. Мен бір жас­та ғанамын, ес біліп үлгер­ме­генмін. Үйде он бір бала едік. Әлгі пойыз Қап тауының етегінен қоз­ғал­ғаннан 44 сөтке жүреді. Жолда аштықтан, суықтан өлгендер болыпты. Кеңес солдатының бірі анама: «Шешей, аман қаламыз десеңдер, жолға тек жылы киім мен тамақ ал. Басқасы саған сапарда қажет болмайды» деген ғой. Анам шыжғырылған құйрық майды ыдысқа құйып, өзге де ас-ауқатты дорбаға толтырып алады. Сол азық қазақ жеріне дейін жеткен тәрізді. 44 тәулік өткен­де пойыз Павлодар вокзалына тоқ­тап, есіктері айқара ашылады. Сонда бізді Төребаев деген (есімін ұмыт­тым) ер адам қарсы алыпты. Кейін бұл қазақ азаматы әулетіміздің періш­те-жебеушісіне айналады. Жегіл­ген аты өте арық, кішкене шана­ға он үшімізді отырғызып алып, қа­зір­гі Коряковка ауылына алып барған. Төребаевтың отбасында 6 бала­сы бар. Соған қарамастан бізді жалғыз бөлмелі жеркепе үйіне орна­лас­­тырады. Әкем көп ұзамай аштықтан өледі. Тамақ жетпеген, үйде бар астың барлығын балаларым жесін деп, алғашқы күннен-ақ бас тартады. Сөйтіп, шешем он бір баламен жесір қалды. Әлгі қазақ отбасы өте кедей еді, соған қарамастан қолдағы барымен бөлісті. Олардың үйінде ұзақ тұрдық. Негізі шешем Қап еліне белгілі ақын, әнші, асқан дәулетті адам Ахматовтың төрт ұл­дан кейін көрген жалғыз қызы екен. Есімде қалғаны, анамның алтын бұйым­дары көп еді. Оны сақтап жүретін. Әлгі төрт ағасы да депортация уақытында Орталық Азия елде­ріне жіберілген. Өкінішке қарай, олардан әлі күнге дейін ешбір хабар-ошар жоқ. Анам оларды өмір бойы іздеумен өтті», деп көз жасын бір сығып алды.

Бүкіл Солтүстік Қап тауының елі Қазақстанға күшпен қоныс ауда­рыл­ғанда қазақ халқы қолдағы барымен бөлісті. Мейірбан жұрт кеудесі өксікке толып жеткен қауымды кеу­деден кері итермеді. Ақ пейілі мен дархандығының арқасында мыңдаған тағдыр аман қалды.

«Ес біліп қалған уақытым. Біз қоныс етіп отырған қазақ отбасындағы апаны «апашка» дейтінбіз. Ол кісі басына үнемі ақ жаулық салып жүреді. Бірде есік алдында қазылған жер ошаққа қазан іліп, ірімшік қай­нат­ты. Шіркіннің иісі әлі күнге мұр­ным­нан кетер ме? Қарным аш баламын ғой, әлгі ірімшіктің піскенін күте-күте мысығымды құшақтап ұйық­тап қалыппын. Сонда апа қатқан ірім­шіктің маған тиесілі бөлігін сақ­тап қойыпты. Мен тұрғанша күтіп отырған ғой. Әлгі тағамды сүйсіне жегенім есімде... Әкем өмірден өткен соң Төребаев бізге көмегін еселей түсті. Өте қамқор адам еді. Бізге ауыл­­­дан жер үй тауып беріп, бір жерден кереуеттер тауып әкеліп, кәдімгідей жайлы қоныс етті. Өз балаларына қарағандай жақсылық жасады. Оның қайсыбірін айтып тауы­­сайын. Ол кісі қайтыс болғанда әке­­міз жатқан қабірдің жанына апарып жерлепті».

Мария Байрамқұлова мектепте жақсы оқып, бойжеткенде үш бірдей жоғары білім алды. Мәскеу, Ташкент, Фрунзе қалаларында оқыды. Бірақ қайда жүрсе де оның жүрегі қазақ жері деп соғып тұратын. Қай жер қыз­метке шақырсын, Павлодарда қаламын деп шешті. Мұнда комсомол, кейін партия жұмыстарына араласты. Белсенді жастың қызметтік мансабы тез өрлеп, Ақсу (ол кезде Ермак аталған) қалалық атқарушы коми­тетінің төрағасы, Павлодар қа­ла­лық атқарушы комитеті төраға­сының орынбасары лауазымдарына дейін жетті. Ол анасының: «Қызым, жүрегіміз қазақпен бірге, олардың алдында мәңгілік қарыздар екендеріңді ұмытпаңдар. Реті келген жерде қазақ халқының еңбегін бағалап, мерейін көтерісуге жарасаңдар – сол бақыт» дегенін ешқашан ұмытпайтын. Лауа­зым­ды қызмет атқарып жүргенде қа­был­дауға келген адамдардың арасынан қазақ­тың ата-әжелерін кезектен тыс шақырып, ерекше сыйлап, күтіп жібереді екен. Бұл қылығы үшін бал­қар қызына «ұлтшыл» айыбы та­ғыл­ған уақыт та болыпты.

«Қазақтың үлкендері ол кезде көп сөйлемейтін, еңбек адамдары еді. Өтірік айтуды білмейтін, аңғал, біреудің алтын уақытын бағалауды білетін қарапайым жандар еді. Мен олардың мәселесін бүге-шігесіне дейін тыңдап, қолдан келгенше жәр­­демдесуге тырысатын­мын. Хал­қы­­мызға жасаған жақсылығының тым болмаса бір ши­ре­гін ісіммен, қызметіммен өтесем деген арман-мұрат тұратын. Қарашаш деген құр­бым болды. Мектепте мені арқа­сына отырғызып алып, үйінен үнемі бауырсақ әкеліп беретін. Өкі­ніш­ке қарай, өмірі ерте үзілді, абайсызда Ертіс өзеніне батып, көз жұмды. Абзал жанның бейнесі әлі күнге көз алдымда. Ол шақтағы адамдардың ниеті сондай таза еді ғой, шіркін... Мені мектепке өте кішкене шағымда берген. Өте кедей тұрамыз, аш-жа­лаңаш­пыз. Киетін етігім жоқ бол­­ған соң, мектепке ағам көтеріп алып баратын. Бір күні ерте тұрып, аязда жалаңаяқ үйден шығып кетіп, құл­пы ашылып үлгермеген мектеп алдында дір-дір етіп тұрдым. Сонда мұғаліміміз, қазақтың жас келін­шегі мені аяп, боздап жыла­ған еді. Аяғымды шүберекпен орап тастап, құшақтап еңкілдеді. Мұн­дай мейірімді адамдарды қалай ұмы­тасың?..».

Қазір Мария әжей – Павлодар облысы мен Ақсу қаласының құрметті азаматы. Жасына қарамастан өте бел­сенді жан. Павлодар облыстық «Эльбрус» қарашай-шеркес және кабарда-балқар ұлттық-мәдени орта­лы­ғы» ҚБ төрағасы қызметінде ұрпақ тәрбиелеп жүр. Қыздары қазақ азаматтарына тұрмысқа шыққан. Олардан бірнеше немере көріп отыр. «Ел мен жерді сүюді өзге жұрт қазақ­тар­дан үйренуі керек» деп есептейді әжей.

«Қарашайлар мен балқарлар Қазақстанда 80 жылдай тұрып жатыр. Бізді мұнда күштеп көшіріп әкел­гені анық. Бірақ біздің қазір басқа жерге кеткіміз келмейтіні ақиқат. Балаларымыз, немерелеріміз бен достарымыздың бәрі осында. Бұл жерде қазақ халқының кең пейілін көрдік», деп аяқтады әңгімесін М.Байрамқұлова.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20