Спорт • 03 Наурыз, 2024

Әбиба Ташкентте күміс алды

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ташкентте өтіп жатқан Гран-при турнирін қар­қын­ды бастаған Қазақ­стан­ның бірнеше дзюдошы­сының жүлделі орындарды иеле­нуге жақсы мүмкіндігі болды. Солардың арасынан Әбиба Әбужақынова ғана суырылып шықты. Өрелі өнерімен барша жан­күйерлерін қуантқан ол же­ңіс тұғырына көтерілді.

Әбиба Ташкентте күміс алды

Аса жеңіл салмақтағы Әби­ба бастапқы бәсекелерде түрік­менстандық Гүзель Инамова мен израильдік Тамар Малканы ұтса, іле-шала әлем чемпионатының қола жүлдегері, Панамерика чемпионы, америкалық Мария Селия Лабордеден айласын асырды. Жартылай финалда оның жолы швециялық Тара Бабулфатпен қиысты. Осыдан екі апта бұрын Бакуде өткен турнирде қазақ балуаны дәл осы спортшыға есе жіберді. Сол жарыста 18 жас­тағы Скадинавияның сұлуы алтыннан алқа тақты. Бұл жолы Әбужақынова Бабулфаттан басым түсіп, Каспий жағалауында кеткен есесін қайтарды. Финалда жерлесіміз екі дүркін Еуропа бірін­шілігінің қола жүлдегері Сәбина Гилязовамен күресті. Ресейдің өкілі үшінші айналымда біздің Ғалия Тынбаеваны тізе бүктірген еді. Өкінішке қарай, оның да татар балуанына әлі жетпеді. Сөйтіп, Әбиба Әбужақынова қатарынан үшінші жарысында жүлде алды. Ташкентте оған күміс медаль бұйырды.

Ерлер арасында 60 кг салмақта күш сынасқан Елдос Сметов ку­балық Джонатан Шаронды шаң қап­тырып, одан кейін әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы, грузиялық Лухум Чхви­мианимен шеберлік байқас­ты. Бұл бәсеке де Елдостың пайдасына шешілді. Ширек финалда қазақтың ұлы әлем чем­пионатының қола жүлдегері Гео­р­гий Сардалашвилимен са­йысқа түсті. Бәсеке барысында Сме­тов грузин жігітінің мойнын бұрағаны үшін жарыстан шет­тетілді. Рұқсат етілмеген әдіс қол­дануының кесірінен ол жұбаныш бел­десуіне де қатыса алмады. Осы салмақтағы Нұрқанат Серік­баев тәжік Мехзод Суфиевке сан соқ­тырғанымен, ресейлік Аюб Блиевтен ұтылды. 66 кг сал­мақ­тағы Ғұсман Қырғызбаев қыр­ғыз Құбанышбек Айбекұлына және Жанарыс Рахметқали израиль­дік Баруш Шмайловқа жол берді.

Келесі күні 73 кг салмақ дә­ре­­жесіндегі Данияр Шамшаев қыр­ғыз Шыңғысхан Сағынғали мен словениялық Марин Хояктың ая­ғын көктен келтіріп, ширек фи­­налда Гран-при және Гранд-Слэм турнирлерінің төрт дүркін жеңімпазы, ресейлік Махмадбек Мах­мадбековтің мысын басты. Жартылай финалда Шамшаевтың жолы тағы бір Ресей дзюдошы­сымен қиысты. Бірақ Данил Ла­врентьевке оның әлі жетпеді. Қола медаль үшін бәсекеде қан­­дасымыз әлем мен Азия чем­пионатының қола жүлдегері, өз­бек Обидхон Нумановпен кү­ресті. Бұл айқаста төрешілер Да­ниярға көпе-көрінеу қиянат жасады. Бәсеке барысында қарымта шабуылға шыққан қазақ дзюдошысы қарсыласын кеудесінен асыра лақтырды. Өзбектің өрені құлаған кезінде қолын татамиге тіреді. Соның кесірінен ол жа­рақат алды. Бұл жерде Нумановқа қатаң ескерту берілуге тиіс еді. Өйт­кені күрестің қай түрінде де құлап бара жатып, қолды кілемге тіреуге болмайды. Ал төрешілер болса, жазығы жоқ Даниярды жазалады. Нәтижесінде, татами қожайыны қола медальді иеленсе, біздің жігіт бесінші орында қалып қойды.

81 кг салмақтағы Сұңғат Жұ­батханның ресейлік Давид Ка­рапетян мен марокколық Ахраф Мутийден мерейі үстем бол­ға­нымен, әзербайжандық Рад­жабли Омардың осал тұсын таба алмады. Жұбаныш белдесуінде ол әлем және Еуропа чемпио­ны, Еуропа ойындарының же­ңім­пазы, командалық есепте Олимпиаданың қола жүлдегері, израильдік Саги Мукиден өтті. Үшін­ші орын үшін сайыста Сұң­ғат жапониялық Таканори Нагасэмен айқасты. Токио Олим­пиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы деген дардай атағы бар апайтөске Жұбатханның шамасы келмеді.

Ал Асқар Нарқұлов (73 кг) поль­шалық Адам Стодолски және Руслан Мұсаев (81 кг) өзбек­стан­дық Нұрбек Мұртозоевтан ұтылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Сол секілді Ару­жан Ережепова, Балнұр Әбде­шова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Есмигүл Куюлова, Кристина Сотникова (63 кг) және Екатерина Сотникова да (70 кг) ел сенімін ақтай алмады.