Спорт • 03 Наурыз, 2024

Қыс қызығы – шаңғы

132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Италияда өткен «Марчалонга» шаңғышылар марафонына қарқаралылық Думан Бейсенаев қатысып, сәтті өнер көрсетіп қайтты. Еркін стильде 42 шақырым қашықтықты 2 сағат 15 минутта жүгіріп өтіп, 3 мыңдай қатысушының ішінде 133-ші болып мәреге келді. Әлемдік марафонда алғаш рет бақ сынаған әуесқой спортшы үшін бұл – әжептәуір жетістік.

Қыс қызығы – шаңғы

Әуесқой шаңғышы бұл спорт түріне қалай келді? Әскерден оралған соң ол шаш­тараздық кәсіппен айналысып, нәпа­қасын содан табады. Баяғы бала күнгі арманы кеудесінен өшпеген көрінеді. Алғашқы табысына шаңғы сатып алып, өз бетінше жаттығып, әуесқойлар арасында түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлдесін жеңіп алып жүрді.

Одан кейін әлемнің әр елінде өтетін бәсекелерде бағын сынауға тәуекел ете­ді. 2018 жылы Финляндияда 5 мың­дай шаңғышы қатысқан марафонда мәреге 117-болып келеді. Бұл да жаман көр­сеткіш емес еді.

Эстонияда 70 шақырымдық клас­сикалық марафонда «домино эффек­тісімен» құлаған бәсекелестерімен бірге жығылып, шаңғысы сынып, жарақат алады. Уақытты жоғалтып алғандықтан, жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайды.

Думан сол марафонда алған жара­қатынан кейін екі жыл шаңғы тебе алмаған. Биыл өз қалтасынан қар­жы шығындап, тәуекел етіп, Италия­ның Доббиако қаласында өткен «Мар­ча­лонга» марафонына барды. Қыс бойы Қарқаралыда шыңдалып, жарыс алдында он күн оқу-жаттығу жиынына қатысты.

«Доломит Альпісінің қойнауында орналасқан Доббиако қаласында 3 мың­дай ғана халық бар. Мұнда спорттық туризм, қысқы спорт түрлері жақсы да­мыған. Дамып кеткені сонша, бір мезгілде ондаған мың туриске қызмет көрсете алады. Осы жолғы марафонға қатысқан 5 мың адамның әрқайсысы 70 еуродан жарна төледі. Сол қаржының бір бөлігі жүлде қоры мен ұйымдастыру шығындарына жұмсалған күннің өзін­де мемлекетке, оның ішінде қала бюд­жетіне едәуір пайда түседі екен», дейді кейіпкеріміз.

Жерлес шаңғышымыздың бар ойла­ғаны әлемдік додаларға қатысу емес еді. Әсем Қарқаралыда шаңғы жарыстарын өткізіп, база жабдықтау жағын да ойлас­тырып жүрген екен. Түрлі шетелден көріп келген тәжірибесімен 2017 жылы Қарқаралыда шағын шаңғы базасын ашты. Тау бөктеріне контейнер қойып, шайханасы бар, жалға шаңғы, тюбинг беретін орын жасады. Мұндай қысқы демалыс орны уақыт өте келе сұранысқа ие болды, жан-жақтан келген демалушылар мен туристер саны арта бастады.

«Дамыған елдер қысқы спортқа ғылыми тұрғыдан қарайды. Оны дамыту жолдары, физикалық дайындық­тың неғұрлым тиімді тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырады. Шаңғы, тағы басқа да спорттық құралдарды майлап, даярлап, бабына келтіруге жауап беретін арнайы сервистік топтар бар. Бұрын біз ағаш шаңғыларды пайдалансақ, кейін олар пластик, карбон материалдардан жасалатын болды. Солардың ерекшеліктері мен күтімін де білуіміз керек. Шетелдерге жарысқа қатысу үшін ғана бармай, олардың жаттығу ерек­шеліктерін жадыма тоқып, шаңғы базаларындағы ахуалмен, бапкерлерінің жұмыс тәсілдерімен танысып, тәжірибе алып қайтам», дейді Думан Бүркітұлы.

Шаңғы спорты десе, шығар-шық­пас жаны бар оның ойлағаны біреу. Қар­қаралыдағы шағын шаңғы базасының ауқымын кеңейтсе, оған келушілер кө­бейер еді. Сол арқылы өңірдегі ту­ризм­ді түлету. Бірақ бұған кедергі бар екен.

«Жерді ұзақ мерзімге жалға алуға, Қарқаралы ұлттық паркінің аумағын­да шағын да болсын құрылыс салуға рұқсат жоқ. Бұл – Экология және таби­ғи ресурстар министрлігінің құзы­рын­­дағы мәселе. Осындай базалар Бура­бай, Щучинск жақтарда, Алматы тө­ңі­регіндегі Көлсай мен Қайыңдыда ке­йінгі жылдары қолға алынып, оң нәти­жесін беріп жатыр. Қарқаралының да солардан еш кем емес әсем табиғаты, тамаша әлеуеті бар. Өзімнің жобаларымды қорғап министрлікке неше рет бардым. Министрлік өкілдері Қарқаралыға ақпан айының соңында осы мәселе бойынша арнайы келеміз деген. Әйтеуір, содан аздаған үмітіміз бар», дейді жанашыр спортшы.

Думан Бейсенұлы жобасына қар­жы сұрап отырған жоқ. Өзіне сеніп отыр. Жергілікті атымтайлар да қол­дау көрсетуге ниеттеніп отыр. Бар сұрай­тыны – белгілі бір аумақты тегін емес, ақылы түрде жалға алуға рұқсат қана.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Әділетті Қазақ­стан­ның экономикалық бағдары» атты Жол­дауында: «Еліміздің туристік әлеуетін пайдалану керек. Туризм осындай сер­пінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүм­кіндіктерімізді пайдалану қажет», деген жоқ па?

Сөзіміздің соңында спортшылар үшін ғана емес, жалпы бұқараға, турис­терге арналған шаңғы базасын жаса­ғысы келіп отырған азаматқа қолдау көр­сетілсе дегіміз келеді.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы