Қоғам • 03 Наурыз, 2024

Әмбебап асатаяқ

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенті Мырзахан Ерзат құрастырған инновациялық асатаяқ өте жеңіл әрі қарапайым. Әмбебап асатаяқтың екі бұрандалы тұтқасын қысып ұстап, баспалдақпен жоғары қабатқа жылдам әрі жеңіл көтерілуге болады.

Әмбебап асатаяқ

Бүгінде Ұлттық университет басшылығы студенттердің өнертабыстық бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жаңалыққа жаны құмар факультет деканы, заң ғылымдары­ның кандидаты, доцент Спатай Сартаев өнертабыстың зертхана деңгейінде қалып қоймауына мән беріп, студенттерді әр кез жігерлендіріп отырады. Жоба жетекшісі, деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, PhD Қанат Келдебековтің айтуын­ша, әрбір өнертабыс үлкен ізденіске, сараптау, зерттеу жұмыстарымен тығыз байланыс­ты. «Факультетімізде қоғамға пайдалы әрі заманауи идеялар топтамасы жасақталған. Бастысы, жас зерттеушілер тарапынан құлшыныс болса болғаны. Біздің зерттеулерімізге қарағанда, әзірге Мырзахан Ерзат құрастырған әмбебап асатаяқтың баламасы жоқ. Студентіміз, әсіресе робот техникасы саласына машықтанған. Алдағы уақытта да қоғам сұранысына қажетті бұйымдар құрастырып шығаратынына сенім мол. Бұл асатаяқ қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аса қажетті құ­рал. Әлем пандемиядан ке­йін адам денсаулығының бәрі­­нен де маңызды екеніне көз же­т­кізді. Әсіресе қоғамда қарт­тар мен мүм­кіндігі шектеулі жандарға қам­қор­лық күшейе түсті. Осы орайда факультетте жасалған бал­дақ­тың про­тотипі зама­науи жаңа­шыл­ды­ғы­мен ерек­ше­ле­не­ді», дейді Қ.Келдебеков.

Қарапайым материалдардан құрастырылған балдақта GPS қондырғысы орнатылған. Серуенге шыққанда құрылғы арқылы балдақ ұстаған адамның бағытын қадағалап отыруға болады. Абайсызда құлап қалса, жақындарына дереу хабарлама жетеді. Ал балдаққа орнатылған арнайы лазерлік шам бөгеттерді, кедер­гілерді анықтап, қарт адам­ға дыбыстық белгі беріп оты­рады. Балдақ қозғалысты жеңіл­детіп қана қоймайды, көңіл күй­ді де көтереді. Өйткені онда радио құрылғысы жұмыс істейді. Сал­мағы – 300-400 грамм, ұзындығы 1 метрге дейін созылатын бал­дақ­тың нарықтағы бағасы көп­ші­лікке қолжетімді болмақ.

«Деректер бойынша дүние жүзінде, әсіресе Жапония, Қытай елдерінде қарттар саны көбейіп барады. Қартайған са­йын қозғалыс үшін қосымша саймандар да қажет екені анық. Әсіресе қарт адамдар үшін баспалдақтан түсіп, шығу қиындайды. Осылайша, біз баспалдақтан еш қиындықсыз көтерілуі үшін заманауи балдақ шығаруды ойластырдық. Оның алғашқы үлгісінде темірді қол­дан­дық. Ендігі кезекте салмағын жеңілдетуге басқа да материал­дарды қарасты­рып, әртүрлі баспалдаққа бейімдеуді жобалап отырмыз. Уни­верситет бас­шылығының қол­дауымен өнер­табысты на­рыққа шығару да жос­парымыз­да бар. Патент құқы­ғы жобаланып, алдағы жос­пар­лар­ды да талқылау үстіндеміз. Елі­міз ғана емес, халықаралық на­рыққа ұлт­тық өнімдер шығару, қа­за­қы брендті дамыту басты мақ­­сат болғандықтан, бұл іске құл­­шы­­­нысымыз жоғары», дейді өнер­­тап­қыш.

«Ғылымды игеріп, жаңалық жаратсам» деген ой Мырзахан Ерзатты көптен мазалап жүрген-ді. Ол осы мақсатына жету үшін ұлттық университеттің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіне оқуға түседі. Та­лап­ты жасқа қолдау білдірген ұстаздары да оның идеяларын тұрақты қолдап келеді.

Бұл өнертабыс Мырзахан Ерзаттың алғашқы жобасы емес. 2018-2022 жылдарда Шың­­жаң университетінде механика­­лық инженерге мамандан­ған ол кейінгі екі жылда Астана LRT құрылыс жобасында тех­ника­ саласының маманы бо­лып і­с­тей­ді. Былтыр күз айын­­да Xinjian(Shenzhen)Technology Co.,­ Ltd компаниясын ашып, қо­­ғам­ға пайдалы кәсіп істесем деп­ ал­дына үлкен мақсат қояды. Та­лап­ты жас бұған дейін бидай түюге арналған электронды, мұз қыратын электр машинасын, көтергіш стенд, қалалық аумақтарда жерасты кешенді құбырларында қолданатын құрылғы, көкөніс отырғызып, тамыр дақылын себетін және құрылысқа арналған құрылғы құрастырып, патентін алған.

 

АЛМАТЫ