Экономика • 04 Наурыз, 2024

Арзан көліктің кілтипаны Жүргізушілерді не толғандырады?

1725 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шырғалаңы жетерлік. Шетелден көлік тасып, аз-маз пайдаға кенеліп жүргендердің уәжі еді бұл. Сондағы мәселе – өзге елден шыққан автомобильді Қазақстанға әкеліп тіркеу қиындығы. Көлік жүргізушілердің мазасын қашырған – түрлі төлем сомасының қымбаттығы, одан қалса құжат рәсімдеу уақытының созылуы.

Арзан көліктің кілтипаны Жүргізушілерді не толғандырады?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Алдымен аз-кем...

Былтыр ел бойынша 149 150 жеңіл ав­то­көлік кедендік рәсім­деу­ден өткен. Қаржы министрлігіне қа­рас­­­­­­ты Мемлекеттік кірістер коми­теті­­­нің бас­пасөз қызметі хабар­ла­ған­дай, бұл кө­ліктердің жалпы құны 2,9 мл­­рд дол­ларды құрап, 385,9 мл­рд теңге ке­ден­дік төлем мен салық төленіпті.

Көліктің басым көпшілігі Қытай елінен әкелінген. Өткен жылы 46 мыңға жуық автомобиль бері өткен. Одан кейін Грузиядан – 39 395, Бірік­кен Араб Әмірлігінен – 20 320, Оңтүс­тік Кореядан – 14 870 және Жапония­дан келген 11 438 көлік тіркелген. Қарап отырсақ, әрбір үшінші көлік Қытайдан әкелініпті. Қытай демекші, Қазақстан азаматары қазір көрші елден шыққан темір тұлпарды көптеп тізгіндей бастады. Себебі су жаңа әрі бағасы да қалтаға қонымды. Бірақ сапа жағына келгенде кереғар пікір көп. Көбісі «жаңа көлік болғанымен, оның шын сапалық мерзімі 3–4 жылдан кейін белгілі болар» деген де ой айтады. Ал қытайлық көлікті жүргізіп жүрген азаматтардың айтары бөлек.

– Өзіме ұнады. Бағасы да қалтамызға сай, жүрісі де жақсы. Жүргізушіге керектінің барлығы орнатылған. Қазір әлеуметтік желіде Қытай автомо­биль­дерінің сапасына сын айтушылар көп. Дегенмен өз басым оған келіспеймін. Мысалы, қазір елдегі құрылыста жүрген ауыр техникалар – жүк көтергіш кран мен жер қазатын экскаватор-погрузчик тракторларының басым көбі Қытай техникалары. Олардың сапасы жаман емес екенін мамандар да айтады. Сондықтан өзім қытай көлігін алғаныма өкінбеймін, – дейді Астана қаласының тұрғыны Ерқанат Сәрсенбай.

Қайткен күнде де Қытайдан келіп жатқан көлікте есеп жоқ. Бұл қарқын үдей берсе, алдағы 2–3 жылда Еуропа мен Азияның да автопаркін жаулауы мүмкін. Жаңа көліктерді автосалоннан сатып алу немесе несие рәсімдеуде Қытайдан кейін корей көлігі тұр. Жапондық маркаларға да сұраныс жоқ емес.

 

Шетелдегі баға сіз ойлағандай емес

Тақырыпқа оралсақ. Сөз басында айт­қандай, шетелден көлік тасудың қиын­дығы да бар, артықшылығы да жоқ емес. Мысалы, Грузиядан көлік әке­ліп мініп жүрген өзіміздің қаракөздер Қазақ­стан ішінен көлік сатып алу тиімсіз деп есептейді. Неге?

– Сіз мысалы, жарнама арқылы Жам­был облысы немесе Астана қаласынан өзіңізге ұнайтын көлік таптыңыз делік. Осыны «Автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету» орталығына апарып тексертіп көрсеңіз, кемінде 10-15 адам сол көлікті тізгіндеген болып шығады. Жұрт айтатындай, Грузияда машина арзан емес. Жағдайына қарай баға әртүрлі. Аме­рикадан Грузияға келген көліктердің ең арзаны – алдыңғы бөлігін соққы алғандар. Ал жаны мен артқы тұсынан соғылып, қайта қалпына келтірілген машина бағасы одан жоғары. Мүлде соғылмағандары тіптен қымбатқа түседі. Екіншіден, ол жақтан әкелген көлік Қазақстандағы түрлі әрі қымбат алым-салықтың арқасында өзімізде жүрген көлік бағасымен шамаласып қалады деп пікір айтатындар бар. Бірақ әлгінде айтқанымдай, сіз шетелден келген көліктің ең алғашқы қожайыны боласыз. Біздегідей көп адам иелік еткен көліктей болмайды, – дейді шетелден көлік тасып жүрген азаматтың бірі Азамат Өтегенов.

Айтуынша, өзге елден көлік тасушы­ларға тапсырыс берсеңіз, 220 мың тең­ге көлемінде ақы төлейсіз. Ал өзіңіз бар­саңыз, тіл білмеу, жергілікті алыпса­тар­лар­ға алдану сияқты түрлі қиындыққа тап болуыңыз әбден мүмкін. Ал көлік әкелу­шілер ұдайы тапсырыс берушімен байланыста болып бір немесе бірнеше көліктің түсін, шыққан жылын, мотор көлемі туралы фото-ақпарат, бейнежазба жіберіп отырады.

– 10 мың долларға көлікті алған соң сол елде тұрып, өз атыңызға 100 дол­лар­ға рәсімдейсіз. Оған 400 доллар кепіл­деме қосымша төлейсіз. Жолыңа тамақ пен көлігіңе жанар-жағармайға 200 доллар қоясыз. Сонда 10 мың 700 долларға жаңа көлікті Қазақстанға кіргіздіңіз. Әрі қарай Қазақстандағы шырғалаң басталады. Мұнда 10 күн ішінде келген көлікті заңдастыру қажет, – дейді ол.

 

Төлем бағасы тым қымбат

Сарапшылардың айтуынша, Қазақ­станда көлік рәсімдеу бағасы жоғары. Әсіресе алғашқы төлемнің құны тым қымбат. Осы мәселеге жеңілдік жасау қажеттілігі туралы бастама бірнеше рет көтерілді. Екінші тілек келген машинаны заңдастыру жұмыстары бір «нүктеден» шешілсе екен дейді. Қазір барлық құжатқа кезекке тұру қажет, кейде таныс іздеп кетесің, өйткені бізде танысың болса көп нәрсенің жылдам шешілетіні жалған емес. Одан қалса, бірнеше жұмыс күнінде қаралатын құжаттар да бар. «Цифрлық Қазақстан» дейміз, бірақ осындай кедергілер арқылы көлікті тіркеу жұмысы көп уақыт алады. Әр есікті қақпай-ақ, өзге елдегідей интернет арқылы арнайы базамен көлік құжатын рәсімдесек дейді олар.

– Біздің басты қызметіміз – келген көлікті кедендік рәсімдеуден өткізу. Бірінші келген көлік жүк есебінде Қазақстанға кірген соң уақытша жүк сақтау қоймасына қойылады. Оны арнайы кедендік бақылау қызметіне кіретін компаниялар қадағалайды. Қоймада тұрған көлікті рәсімдеу үшін арнайы «Көлік құралы конструкциясының қауіп­сіздігі туралы» сертификат беріліп, тауарлық декларация толтырылады. Одан соң жүйе арқылы кедендік тір­кеу­ден өтеді. Оның өзінің белгіленген төлемдері бар. Бір қызығы, ақпан айынан бастап шетелден келген көлікке «SOS-батырма» орнату керек деген ереже пайда болды. Мейлі, ондай апаттық тетік көлікте бұрыннан болса да ол біздің елге жарамайды. Қазақстанда қайта орнату қажет. Онсыз сенің автокөлігің ешқашан алғашқы рәсімдеуден өтпейді. Өтпесе қоймадан да шықпайды, – дейді «Phoenix BK» ЖШС брокерлік компаниясының қызметкері Айнұр Уахитова.

Шынымен, бізге «SOS-батырма» дейтіннің қажеті бар ма? Көлік жүргізу­шілердің айтуынша, мұны әркімнің өз еркіне қалдырған дұрыс. Иә, елсіз жерде апаттық жағдай бола қалса, қажетті дүниенің бірі осы. Бірақ қалтаға салмақ салып тұрған «SOS-батырма» орнатуға көпшілік қарсы. Бағасы да арзан тұрмай­ды. 200-220 мың теңге көлемінде төлем жасауға тиіссіз. Тіпті осы батырманы Қазақстанда қайта орнатқанымен онысы жұмыс істемейтін де көрінеді. «Демек мұнда әлдебір топтың көлеңкелі бизнесі де тұруы мүмкін ғой» дейді көлік басқарушылар.

Айнұрдың айтуынша, шетелден келіп жатқан көліктердің көш басында Toyota тұр. Бұл көліктің 2013-2019 жылы шыққан моделдері біздің елде жүйткіп жүр. Сұранысқа ие көліктердің алдыңғы қатарында Hyundai да бар. 

Қазақстанға кірген машинаға техни­ка­лық құжат керек екені белгілі. Ол үшін алдымен «Жасыл даму» АҚ арқылы электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтінім беріліп, ол бір күн қаралады. Артынан арнайы шот ашылып, банкке ма­шинаның көлеміне қарай үтіл алым төленеді. Ол кезде бұл бойын­ша да сертификат беріледі. Одан соң «Автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету» орталығына барып, шыққан жылы бойынша алғаш­қы төлем жасалады. Сосын барып қазақ­стандық көлік болып қабылданады. Айта кетейік, 2023–2024 жылы шыққан көліктерге алғашқы төлем алынбаса, 2022 жылы шыққан көлікке 10 пайыз төлем (184 500 теңге) жасайды. 

– Қаңтар айында 4 млн теңгеге Гру­зиядан көлік әкелдім. Маркасы – Kia Optima, жылы – 2017, қозғалтқыш көлемі – 2,4. Осы көлікті жергілікті жігіт­­тердің тілімен айтсақ, «қазақ» қылу үшін үтіл алымға – 923 мың, алғаш­­қы төлемге – 1 млн 861 мың, серти­фи­каты мен кедендік салыққа 1 млн 100 мың теңге төледім. Мұнда кейбір бағалар көліктің шыққан жылы мен көлеміне қарай өзгере береді. Осы­лайша, қаңтар айының соңында көлік құжатын бітірдік. Ол кезде «SOS-ба­тыр­ма» орнату туралы әңгіме болмады. Бұл төлем 1 ақпаннан бастап шықты ғой. Сонда мен жол шығынымды есептегенде 8 млн теңгеге машина мініп отырмын. Бірақ дәл осы бағаға мен айтып отырған маркадағы көлікті Қазақ­стан ішінен таппайтыныңыз рас, – дейді қызылордалық Ербол Қожақов.

 

Білу керек бір дерек

Шетелден көлік алдыруға қызыққан көпшілік білу керек бір дүние бар. Ол – көлікті сатып аларда арғы-бергі тарихына үңілу. Көлік бизнесімен айналысып жүрген Мадияр Ашкеев мұхиттың арғы жағынан келетін көліктерді аларда абайлау керек деген кеңес айтады.

– Мысалы, Канададан бері өтетін көлік­тердің кейбірі «қамауға» алынған. Аталған ел Дубайға, Арменияға, Гру­зияға осындай көліктерді дилерлер арқы­лы экспортқа шығара береді. Бағасы да арзан болып келеді. Оны сатып алып, Қазақстанға әкелген соң көлікті ке­ден­дік рәсімдеуден өткізіп, тиісті қар­жы­сын төлейсіз. Енді Қазақстан есе­біне тіркер кезде көлік арнайы ба­за­ға түскен уақытта, бұл мәселе ал­дыңыз­дан шығады. Демек әкелген көлігіңіз халықаралық іздестіруде жүр. Ал аукцион арқылы шыққан көлік­тердің құжаттары таза, өйткені оның жұмысымен сақтандыру компаниялары тікелей айналысады, – дейді.

Халық тілегі көп емес. Су жаңа болмаса да жағдайы біршама жақсы көлік міну аз қаражат талап етіп тұрған жоқ. Сондықтан кедендік төлем мен салық құнын арзандату мәселесін әлі де жиі айтып келеді. Әсіресе алғашқы төлем құнының тым жоғары болуы жұрт қалтасына едәуір жүк.

Қазір шетелден келген көлікті заң­­ды түр­де кедендік тіркеу үшін 10 күн уа­қыт беріледі дедік. Содан соң жергілікті тіркеуге алу үшін мақала барысында айтқандай, белгі­ленген төлемдер жасалады. Оған дейін оны жүргізуге құқық берілмейді. Ал Қазақстан есебіне өтпеген көлік ел аумағынан шығарылады. Оған мүмкіндік қалмаған жағдайда әкелген көлікті бөлшектеп сатуға мәжбүр боласыз. Осылайша, «бұтарланған» автомобиль қосалқы бөлшектер сататын алыпсатардың қолында кетеді. Өкініштісі де осы.