Саясат • 04 Наурыз, 2024

Аймақтық қауіпсіздік кепілі

213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі қақтығыстың артында сыртқы күштердің астыртын қару-жарақ айналымын жүр­гізуі тұрғаны мәлім. Мамандар мұн­­дай жымысқы әрекетті жүген­дейтін бір ғана жол әскери ынты­мақтастық аясында аймақтық қа­уіп­сіздікті сақтау екенін айтады.

Аймақтық қауіпсіздік кепілі

Еліміздің аймақ қауіпсіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан мемлекет екенін бүгінде халықаралық қоғамдастық мойын­дап отыр. Мұның нақты көрінісі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жарғылық органдарына 2024 жылы Қазақстанның төрағалық етуі. ҰҚШҰ мемле­ке­тіміздегі бейбітшілікті, халық­аралық және өңірлік тұрақтылық пен тыныштықты нығайту, аймақ­тық бүтіндік пен оған мүше мем­лекеттердің тұтастығын сақтау үшін 2002 жылы құрылған еді. Ұйымның құрамындағы Арме­ния, Беларусь, Қырғызстан, Тәжік­стан, Ресей, Қазақстан арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынты­мақ­тастықты нығайту шеңберінде ма­ңызды мәселелер атқарып келеді.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының төрағалық ету міндеті елімізге өтті. Минскіде өткен саммитте ұйым қызметі бо­йынша ерекше назар аудару­ды қажет ететін бірқатар басым бағыт айқындалды. Ең алдымен, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік сала­сында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ын­тымақтастық орнату қажет. Әс­кери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас Ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты ретінде ұсынылып отыр. Сонымен бірге халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл ба­ғытындағы ынтымақтастықты дамыта беру керек. Ұйымның есірт­кі және психотропты заттар­дың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізуге тиістігі, қару-жарақ­тың заңсыз айналымымен және транс­ұлттық ұйымдасқан қыл­мыстық топтармен күресу, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәсе­лелері де баса айтылды.

Дей тұрғанмен посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасындағы шиеленістердің күрделенуіне байланысты қоғамда Қазақстанның түрлі интеграциялық бірлес­тік­ке, әсіресе ҰҚШҰ-ға қатыс­ты сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүше­лігіне қатысты сынның артуы, әсіресе қаңтардағы қайғы­лы оқиғадан кейінгі ахуалға түп­кілікті саяси немесе құқықтық баға берілмеуінен болған еді. Мәселен, «елімізге шетелдің әске­ри қызметшілерін шақыру қанша­лықты дұрыс шешім» немесе «біздің мемлекетті сол кезде Ресей құтқарып қалды» деген пікір көрші елде де айтылды. Мемлекет басшысы жыл басында ел газеті «Ege­­men Qazaqstan»-ға берген сұхбатында бұл алыпқашпа әңгіменің нүктесін қойды.

«Аймақтарда жаппай тәр­тіп­сіздік белең алып, жергі­лік­ті билік дәрменсіздік таныт­қан­да, Қауіпсіздік кеңесі Ұжым­дық қа­уіпсіздік туралы шарт ұйы­мына жүгіну туралы ше­шім қабыл­дады. Қазақстан оның бі­тім­герлік күштерін тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету үшін ғана қысқа мер­зімге ен­гізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ре­тінде Ресейге емес, Ұжым­дық қа­уіпсіздік туралы шарт ұйы­мына жүгіндік. Сол кезде осы ұйым­ның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мә­нінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жү­­генсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шы­ғарылды», деді Мемлекет басшысы.

Халықаралық құқық тұрғы­сынан алғанда ҰҚШҰ-ның құ­рылтай құжаттарында, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартта көрсетілген қағидаттарды тү­сінудің маңызы зор. Бұл қағи­­­далар ұлттық егемендікті құр­меттеуге, мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпауға және сыртқы агрессияға ұжымдық жауап беруге баса назар аударады. Ұйымның егемендікке әсері немесе ішкі істерге араласуы туралы кез келген алаңдаушылық осы қағидаттарға сәйкес бағалануға тиіс. Сондай-ақ бұл халықаралық құқық ұйымға мүше мемлекеттерге өз мін­деттемелерін, құқықтарын және көпжақты ұйымдарға қаты­суының ықтимал салдарларын бағалау үшін негіз болатынын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды. Ел Президентінің пі­кірінше, ҰҚШҰ Ұжымдық күш­терінің жедел әрекет ету мәсе­ле­леріне қатысты нормативтік-құ­қықтық базаны жетілдіру қажет.

– Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатыс­ты. Сонымен қатар әскери кадр­ларды даярлау жүйесін және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әс­кери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады. Бұл ретте ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің қызметі зор рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қару-жарақтың заңсыз айналымымен және транс­ұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағ­дайлардың алдын алу және оның салдарларын жою мәселелері бо­йынша ынтымақтастықты ны­ғай­туды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды ортақ жұмыстың ма­ңызды бағыттары деп санайды. Әрине, бұл – өте құптарлық жайт. Қазіргідей геосаяси жағ­дай­лардың күрделі кезеңінде халық­аралық контингенттердің өзара ын­тымақтастығы қажет екені тү­сінікті. Әрине, алаңсыз аймақ болмас. «Жау жоқ деме, жар астында» деген бабалар өсиеті, біздің сауысқандай сақтық пен қырағы қорғанысты мызғытпауға тиіс. Алайда қазіргі өркениеттің өзгеше өрнегіне сай әрекет қажет. Ол кез келген интеграциялық бірлестікте қазақтың ұпайы түгел, өзгеге өнеге болғаны маңызды.

 

Олжас ӘКІМОВ,

саясаттанушы