Қоғам • 04 Наурыз, 2024

Этностарды ұйыстырған «Birlik»

145 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ТМД тарихында тұңғыш рет құрылған этностар мәдениеті мен өнерін насихаттайтын «Birlik» ансамблі тұсаукесер концертін өткізді. Шығармашылық ұжым алғашқы тартуын Алғыс айту күніне орай ұйымдастырды. Көрермен назарына түрлі этностың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін жеке хореографиялық шығармалар мен аспаптық, вокалдық бас-аяғы 15 нөмір ұсынылды. Ән-би ұжымы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік акаде­миялық концерттік ұйымының жанынан құрылған.

Этностарды ұйыстырған «Birlik»

60-қа жуық этносты бір сахнада тоғыстырған айтулы кеште 200-дей адам өнер көрсетті. Мұнда оркестрлер, би ансамбльдері және аспаптық ансамбльдер бас қосқан. Ұжымның құрамына елімізде тұратын этнос өкілдерінің арасынан үздік 20 биші мен музыкант арнайы кастинг арқылы таңдалыпты. Олардың ерекше әрі эксклюзивті би композицияларын қоюға Ресей, Татарстан, Өзбекстаннан шақырылған көрнекті шетелдік мамандар және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атсалысқан. Қатарында Өзбекстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Эвелина Протасова, Одилбек Орипов, Ресей­дің еңбек сіңірген әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Омбы мем­ле­кеттік орыс халық хорының бас балет­мейстері Зуфар Толбеев, Татарстанның халық әртісі, Татарстанның Мемлекеттік ән-би ан­самблі­нің педагог-хореографы Ляйсан Хаметова бар. Дайындықты хореографтар Анель Марабаева, Аида Бекишова, балет­мейстер Жаңатай Қожабеков пен тұсау­кесер-концерттің режиссері Саян Мырза жүргізген.

– Іріктедік, арасында қабілеті барын алдық. Бұл ансамбльдің құрамындағы бишілер Қазақстанның әр өңірінен келді. Соның ішінде грузин, орыс, қазақ, татар, ұлт өкілдерінен құралған өнерпаздар бар. Дайындығымыз бір ай болды. Бұл – өте аз уақыт. Соған қарамай, осы концертті өткізуге тырыстық. Ансамбльдің мақсаты – елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқандығын көрсету. Өнерде бас біріктіру. Шетелдерден шақырылған балетмейстерлар өте жоғары деңгейде би қойылымдарын қоя білді, – деді хореограф Жаңатай Қожабеков.

Бейбітшілік және келісім сарайына тұсаукесер концертті көруге жинал­ған халықтың қарасы қалың болды. Өнер­паздармен бірге олар да ел аузын­дағы есті әндерді шырқап, би биледі. Осылай­ша, Ансамбль мүшелерінің ғана емес, тұр­ғындардың да бірлігі бекем екенін көрсетті. Жобаның режиссері, ұйымдастырушысы Қарлығаш Әжиева қысқа ғана уақытта өте қажет және тамаша жастар ұжымын құрдық деп отыр.

– «Birlik» ансамблінің ерекшелігі елімізде тұратын этнос өкілдерінің әртістері­нен жасақталып отыр. Отанымыздағы әр халықтың өнері мен мәдениетін, фольклорын, тіпті ұмытуға айналып бара жатқан құндылықтарын көрсетуді көздедік. Ұжымның бірегей репертуары еліміздегі 130 этностың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтиды. Олардың әрқайсысының әні мен биінен бөлек аспаптары – өз алдына бір төбе. Оған қоса еліміздегі этнос­тардан құралған ансамбль арқылы рухани тұтастықты әйгілегіміз келеді, – деді Қарлығаш Әжиева.

Жанды аспаптық сүйемелдеумен әлем халықтарының билерін кәсіби деңгейде орындаушыларды тамашалауға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сенат және Мәжіліс депутаттары, дипломатиялық корпус, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Сондай-ақ думанды кешке шетел елшілері де келіп, әсерлерімен бөлісті.

– Өзге елдердің мәдениетіне деген шексіз құрметті көріп, қазақ халқының тектілігіне тағы бір мәрте қайран қалып тұрмын. Өнерде шекара жоқ. Ол достықты бекіте түсетін алтын көпір іспетті. Оның нақ дәлелін «Birlik» ансамблі паш етті. Өнерпаздарға мен қатты тәнті болдым, – деді ЕО өкілдігінің Қазақстандағы төрағасы Кястутис Янкаускас.

Кештегі құрметті қонақтың бірі – Беларусь елшісі Павел Утюпин. Ансамбль құрамында шетел саясаткерінің қызы да өнер көрсетті. Олар ұлтының мәдени кодын сақтауға атсалысып, қоғамға қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін халқымызға алғысын жаудырды.

– Барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл – 120-дан астам этносты біріктіретін мереке. Соңғы халық санағы бойынша беларус­тар Қазақстандағы ұлттар арасында он бірінші орында тұрғанын көрдім. Тәуелсіз Қазақстанда тұрып, елді дамытуға үлес қосып жатқан этностардың ішінде беларустар да бар екенін мақтан етемін. Сондықтан беларустар өркендеген тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып жатқанына қуанамыз. Сондықтан қазақстандықтарға бейбітшілік, жақсылық тілеймін. Кеш жоғары деңгейде өтті. Бұл елдің тыныс-тіршілігін анық көрсете білді. Қызым да өнер көрсетіп, маңызды іс-шарада Беларусь мәдениетімен бөлісті, – деді Беларусьтің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин.

Ал Канаданың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алан Хэмсон Алғыс айту күніне арналған концертке алғаш рет қатысқанын жасырмады.

– Концерт өте қызықты өтті. Түрлі этнос өнерпаздарының өнерлерін көрдік. Менің ата-анам музыканттар. Содан болар, өзге халықтардың шығарма­шы­лы­ғымен танысқан ұнайды. Канадада Алғыс айту күні бар. Ортаға, қайырымды жандарға, жалпы бүкіл жақсылықтың бастауына алғыс айтамыз. Қазақстанда мультимәдениетті көрсете алатын күннің бары қандай керемет, – деді Алан Хэмсон.

Концерт көптің құрметімен «Жолымыз бір» әнімен қорытындыланды. Осылайша, «Birlik» ансамблі бір тудың астына біріккен жолымыздың ешқашан айырылмайтынын меңзеді.