Саясат • 04 Наурыз, 2024

Талдау мектебі: Үшінші кезең

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдау мектебінің үшінші кезеңі аяқталды. Осыған орай қатысушылар жұмыстарын қорытындылап, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге арналған 13 баяндаманы көпшілікке таныстырды.

Талдау мектебі: Үшінші кезең

Осыдан үш жыл бұрын Сенат жанын­дағы Жас сарапшылар клубының баста­масымен және Палата төрағасы Мәу­лен Әшімбаевтың қолдауымен қолға алынған «Талдау мектебі» қоғамдық жобасы отандық және халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алды. Үшінші кезеңнің қорытынды дәрісі мен тре­нингке БҰҰ-ның Қазақстандағы тұ­рақ­ты үйлестірушісі Микаела Фри­берг-Стори арнайы мейман ретінде қатысты.

Осы жолы еліміздің өңірлерінен келген жас сарапшылар белсенді қатысты. Бұл үшінші кезеңдегі ерекшелік­тер­дің бірі болды. Олар екі ай бойы аналити­калық материал дайындау бойынша білім алып, осы бағыттағы дағдыларын жетілдірді. Осылайша, аталған алаң отандық және шетелдік білікті сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты.

Алдыңғы жылдардағыдай бұл кезеңде де оқыту курсы теориялық және тә­жі­рибелік бағытта жүргізілді. Белгілі отандық және шетелдік сарапшы­лар дәріс оқыды. Олар түрлі аналити­калық әдістер мен тәсілдер туралы ай­тып, шеберлік сабақтары мен тренинг­тер өткізді. Сондай-ақ мектеп қатысу­шылары министрлермен және орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен іскерлік ланч форматында кездесті.

Сенат төрағасы командалық жобаларды қорытындылай келе баян­да­малардың жоғары деңгейде әзір­лен­геніне, олардың өзектілігіне, қорытын­дылар мен ұсынымдардың жүйелілігі мен мазмұнына ерекше назар аударды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл ретте Талдау мектебінің командаларымен жұмысты ұтымды үйлестіре білген тәлімгерлер маңызды рөл атқарды.

«Биыл жобаның бірқатар ерекше­лігі болды. Олардың бірі қатысушылар­дың жоғары деңгейдегі белсенділі­гі мен үйлесімді командалық жұ­мыс екені анық. Бұл – әр қатысушы мен ментордың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Тәлімгерлер өздеріне ар­тылған жауапкершілікті сезініп, аптасына кемінде 15 сағат уақыт бөлді. Олар өздерінің білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті, кездесулер ұйымдастыруға қолдау көрсетті және баяндамалар дайындау үшін бағдар берді. Тәлімгерлік дегеніміз – оқыту және кәсіби дағдыларды арттыру бағытындағы маңызды институт. Сіздермен 24 тәжірибелі дәріскер және 13 тәлімгер жұмыс істеді. Олардың кәсіби біліктіліктерінің қандай деңгейде екеніне өздеріңіз де көз жеткіздіңіздер», деген Мәулен Әшімбаев жобаға қатыс­қан менторларға алғыс білдірді.

Курс 7 негізгі модульді қамтыды. Командалардың қорытынды жұмыстары кедейлікті жою, денсаулық сақтау және әл-ауқатты арттыру, сапалы білім беру, таза су және санитария, лайықты жұ­мыс, сондай-ақ экономикалық өсу сияқты тақырыптарды қамтитын Орнықты дамудың бес мақсатына арналды. Мәулен Әшімбаев бұл мақсаттар Қазақстанда ерікті шолу аясында жүргізілген сауал­нама нәтижесінде басым міндеттер ретінде анықталғанын және ол БҰҰ-да таныстырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар биыл қатысушы­лардың, тәлімгерлердің және сарапшы-дәріскерлердің өзара іс-қимылына қызығушылықтың артуына байланыс­ты сабақтардың ұзақтығы екі есеге ұлғайтылды.

«Екі ай өте қарқынды өтті. Алдағы уақытта Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубымен бірлесе отырып, сіздердің баяндамаларыңыздың жинағын шығарамыз. Басқа да бірқатар жобаларымыз бар. Осы ретте барлық баяндаманың мазмұны жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Олар бір жинақта жарияланып, жұмыс үшін Сенат депутаттарына және салалық мемлекеттік органдарға беріледі», деген Мәулен Әшімбаев қатысушыларды курстың сәтті аяқталуымен құттықтап, Парламенттің заң шығару қызметі аясында өзара іс-қимыл жалғаса беретінін айтты.

Үшінші кезеңнің соңғы күнінде Назарбаев университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының директоры Хусейн Атакал Варол мен жасанды интеллект мектебінің негізін қалаушылардың бірі Ник Макфлай дәріс оқыды.

Жоба барысында оқылған дәрістердің бейненұсқасы Талдау мектебінің ресми YouTube арнасына жарияланады.