Руханият • 05 Наурыз, 2024

Бай-Өлке қазақ театрының жылнамашысы

221 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қазақстан және Моңғолия театр қай­раткерлері одағының мүшесі, театртанушы Тайф Тәукейұлының «Моңғ­о­лия қазақтарының театр тарихы» және «Керуен-ғұмыр» атты қос кітабы оқырманға жол тартты. Атал­­ған туындылардың тұсаукесер рәсімі елордадағы Ұлттық акаде­мия­лық кітапханада болды.

Бай-Өлке қазақ театрының жылнамашысы

Жиынға астанадағы бір шоғыр зиялы қауым қатысып, қарт автор­ға құттықтау сөзін арнады. Әуел­гі сөзді «Отандастар қоры» КеАҚ төрағасының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, про­­фессор Қалыбек Қобландин мыр­за алды. Ол қордың төрағасы Абзал Сапарбекұлының ыстық сә­лемі мен құттықтау сөзін жет­кіз­ді.

«Сізді «Отандастар» қоры ұжымы атынан бүгінгі оқырманға таныстырылып отырған қос кітабыңыздың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын! Моңғолия қазақтары әлем қазақтарының бір тар­мағы десек, Бай-Өлке аймағының ұлт­тық музыкалық драма театры, оның өнерпаздары заңды түрде осы елдегі қазақ өнерінің түпқазығы, негізгі мәйегі болып есептеледі. Сексеннің ішін аралаған жасыңызда ұлт руханиятының жоқшысы болып шығармашылық ізденіс сапарлар жасай жүріп, «Моңғолия қазақтарының театр тарихы» атты тарихи эссе жан­рын­­дағы көлемді энциклопедиялық еңбек жазып шықтыңыз. Алтайдың күн­шы­ғысында мекен еткен аз ғана қазақ­тың өзін-өзі сақтап қалуы, тілі мен мәде­ниетін, әдебиетін, өнерін дамыту жолы – өзін­дік бір тарих. Соның ішінде ұлттық театрдың қалыптасуы, оның негізін қалау­шылар, әр кезеңдегі даму үдерісіне атса­лысқан тұлғаларды алтын арқау еткен бұл кітаптың қазақ мәдениеті үшін маңызы зор», делінген құттықтау хатында.

«Дәуір» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Моңғолия қазақтарының театр тарихы» кітабын Моң­ғолия­дағы қазақ өнерінің алтын дәуірінің шежіресі десе де болады. Сондай-ақ автордың Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы – «Ұлы дала» сериясымен іріктелген он кітаптың қатарында «Керуен – ғұмыр» атты ғұмырнамалық естелік кітабы басылып шықты. Бұл кітап негізінен Моңғолияның ішкі өлкелерінде 30–50 жыл еңбек ете жүріп, ұлы көш басталғанда қызмет-лауазымына, өзге де игіліктерге қара­мас­тан, Атажұртқа ат басын бұрған қан­дас­тардың ғұмырынан сыр шертеді.

«Тайф ақсақал 80-жылдардың ортасында құрылған «Мұрагер» фоль­клор­лық ансамбліне жетекшілік жасай жүріп, моңғол елінің ішкі өлкелеріне қоныс­танған қазақтарға ұлттық өнер мен айтыс, концертпен арала­ған кезіндегі көрген-түйгенін, ат­а­жұртқа деген халықтың сағынышын жет­кізіп отыр. Ол – туған өлкесінен алыс кетіп, басқа елге, жат жұртқа сіңісіп өмір сүру­дің қиындығына куә болған адам. 1991 жылы Қазақ елі өз тәуелсіздігін жария­лағаннан кейін Моңғолияның ішкі өлке­лерінде қоныстанған қазақтардың тағы бір көш-керуен ғұмыры басталды. Көз көрген тағ­дыр­лы тақырыпқа барып, жазу­ды өзіне азаматтық парыз деп санады. Осындай еңбекті жарыққа шығару – ел үшін үлкен құнды мұра», дейді Қ.Қобландин.

Мәдени кештің модераторы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ерболат Баят бұдан кейін белгілі журналист Амантай Тойшыбай, фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшан, белгілі ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рақметұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, журналист Айша Тұрмағанбетова және Өнерхан Сансызбайұлы қатарлы тұлғаларға сөз берді. Бәрі де ағынан ақтарылып, ақса­қал­дың еңбегін жоғары бағалады.

Тайф Тәукейұлы 1939 жылы Бай-Өлке аймағы, Цэнгэл елді мекенінде туған. Жазушы, өнер зерттеушісі, режиссер, Моңғолия өнер саласының үздік қызметкері, Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы, бірнеше көркем әдеби, зерттеу кітаптарының авторы, Моңғолия қазақтарының әдеби-мәдени мұрасын жинақтауда қажырлы еңбек сіңірген.

Ел «Тәй аға» деп төбесіне көтерген қарияның өнегелі ғұмыры талайға үлгі болғаны белгілі. Тәкең отбасында алты ұлдың бірі болып ержетіпті. Үлкен ағасы – Тайкен (құсбегі), Насыр, Ысқақ (композтор) және егіз іні Сұлтан мен Халифа. Сұлтан Тәукей – Моңғолияның халық жазушысы, Ұлы құрылтай мүшесі (Парламент депутаты) қатарлы жоғары лауазымдар атқарған мемлекет және қоғам қайраткері.

Ғасыр жасап келе жатқан Бай-Өлке­дегі қазақ музыкалық драма театры тура­лы әңгіме шағын мақаланың көлеміне сыймайтыны түсінікті. Аталған еңбекте соның бәрі түгел қамтылып жазылған. Тайф ақсақалдың айтуынша, ондағы ашылған ұлттық театрдың көркеюіне атамекен Қазақ елінің де ықпалы зор болған.

«Алғашқы ұлттық театрдың ашылуына байланысты 50-жылдары Қазақстаннан Бай-Өлкеге өнер майталмандары келе бастады. Алғашқы ұлт оркестрін ұйым­дас­тыруға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының доценті Хабидолда Тастанов, хор-капел­лаға Зоя Жараспаева, музыка аспаптарын жасауға Қамар Қасымовтар екі елдің Мәдениет министрлігінің келісімшартымен 1960 жылға дейін қызмет етіп, сол жылғы декада өткен соң, елге бір-ақ қайтты. Олардың еңбегін Моңғолия үкі­меті жоғары бағалап, «Алтын жұл­дыз» орденін омырауларына қадады. Тас­та­­­нов­­тан соң, Алдаберген Мырза­беков оркестрде – 4 жыл, Мәлғаждар Әубә­кіров 4 жыл жұмыс істеді. Ал биге хорео­граф ретінде Мәпура Ахметова да бірнеше жыл бишілерді жат­тық­тырып қайтқан. Бұдан өзге де Бай-Өлке қазақ­та­ры­ның өнері мен мәдениетін өрістетуге ба­р­ған кәсіби мамандар көп», дейді өнер зерт­теуші ақсақал.

Бай-Өлке қазақтарының тарихында «Мұрагер» этно-фольклорлық ансам­блінің орны ерекше. Мұны бір сөзбен айт­қанда, Моңғолия қазақтарының мәдени мери­дианы деуге болады. «Мұрагер» ансамблі сондағы қазақтардың ұлттық фоль­клорлық өнерін сақтауға және оны дамытуға зор еңбек сіңірді. Бұл ансам­бл­ьдің негізгі идея авторы – қазақтың бел­гілі ақыны Кәкей Жаңжұңұлы еді. Ал жетекші қызметін Тайф Тәукейұлы ат­қа­рып, оның құрамындағы әртістерді ел аралатып, абыройын даралатты. Аты аңызға айналған ансамбльдің құ­ра­мын­да жүзге жуық өнерпаз өнер көрсетті.

Жиынға сол асылдардың соңғы «мо­ги­­­кандары» қатысып, ән шырқап, жыр­­дан шашу шашты. Әсіресе 1989 жылы Ал­матыда өткен халықаралық ақын­дар ай­тысына қатысқан «Мұрагер» ансам­блі­нің мүшесі, байөлкелік арқалы айтыс­кер ақын Қабдыжәлел Сахарияұлы мен қос­та­найлық Жадыра Құтжанованың айтысын ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Сол айтыста Бай-Өлке қазақтарының үкілі киме­шек-шылауышымен келіп қатысқан ақын Егеухан Мұқамедиқызы да осы өнер-керуенінің күймесімен келген еді.

Кеште Қабаң ақын сахнадағы сыралғы қарсыласы Қазира Иланқызын шақырып, қағытпа айтыс жасады. Ал Тайф ақсақал күй шертіп, Күмісжан апай би биледі. Бұдан кейін Моңғол үстіртін әнімен тербеткен әйгілі әнші Сахи Жұмжұмақызы мен Нұртуған Тұрғынбай ән шырқағанда баяғы тыңдармандары тебіреніспен тыңдап, еріксіз көздеріне жас алды.

Осылайша, «Мұрагер» ансамблі өзі­­нің мұрасын атажұртқа жеткізіп, өсиет­нама манифест жасады.