Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қала, ауыл-аймақтағы пациенттердің ішінде кәсіби дәрігерге жазылудың қиындығын айтып, шағымданатындар көп. Бұл биыл немесе былтыр анықталған кемшілік емес. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі күн тәртібінде тұрған мәселе. Әрине, жыл сайын жаңа стандарттарға сай медицина нысандары бой көтеріп, емханалар қажетті құрал-жабдықтармен толығып келеді. Мамандарды тартуға, ынталандыруға өңір әкімдіктері де араласты. Әйтеуір дәрігер тапшылығының алдын алудың қам-қарекетін жасап әлек. Оның үстіне былтыр ауылға барып еңбек етуді көздеген дәрігерлерге бір реттік төлем ұсыну туралы заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Төлемнің көлемі 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде болады деп жоспарланған. Мұны биылғы ең төменгі жалақыға шақсақ, 9 млн теңгеге жетеғабыл болады екен. Яғни жылдан-жылға ең төменгі жалақы өссе, төлем мөлшері де артады деген сөз. Бұл да болса дәрігер тапшылығын реттеп, пациенттердің кәсіби маманға мейлінше жылдам жолдама алуына ықпалдасады. Құжатта «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ұсынылған сала майталмандарына 1 000 АЕК көлемінде біржолғы төлем төленетіні көрсетіліпті. Бұған қоса республика көлемінде жыл сайын «Мамандық үздігі» деген атаумен байқау өткізіліп, оның жеңімпазына 500 АЕК көлемінде төлем табысталуы мүмкін. Мұның өзі – жұмысына тиянақты, ісін жетік білетін медицина саласының білгірлеріне үлкен қолдау. Алдыңғы аға буын дәрігерлердің ізімен саланың үздігі атануға ұмтылған жастарды ынталандырудың тағы бір тиімді тетігі деп түсіндік.
Денсаулық сақтау министрлігі биыл да емханада медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін бұйрықтар мен стандарттарға өзгеріс енгізуге ниетті екенін байқатып отыр. Мысалы, наурыздан бастап жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулар тізбесі 42 зерттеуге қысқарды. Әрі осы талдауларды қолдану мерзімі 10 күннен 14 күнге дейін және 1 айдан 3 айға дейін артады екен. Сол секілді сәуірден бастап, кәсіби мамандарға тікелей жүгіну тәсілдері жетілдіріледі. Бірқатар жағдайда пациенттер жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз кәсіби маманға жүгіне алады. Негізі бұл ереже-талап бұрыннан бар. Былтыр да өзгерістер енгізілген. Осыған қарамастан биыл да толықтыру енгізілгені қуантады. Әрине, шұғыл жағдайда, жарақат, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық жарақат алғанда кәсіби дәрігерге бірден қаралуға болады. Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек, дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар кезінде, тіркелген жері бойынша акушер-гинекологке және психологтің қабылдауына терапевтің алдынан өтпей, төте баруға болады. Сондай-ақ онколог және онкогематологтің қабылдауына, диспансерлік есепте тұрған пациенттерге кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, невропатолог, хирургтің қабылдауына емін-еркін жазылуға мүмкіндік беріледі.
Сәуір айынан бастап динамикалық бақылау тәртібі және жалпы практика дәрігері мен кәсіби мамандардың бірлескен жұмыс алгоритмі қайта қаралады. Осы жұмыстың шеңберінде зерттеулер жүргізудің көлемі әрбір пациент үшін жеке тәртіппен айқындалмақ. Бұл дегеніңіз – дәрігерлер бірлесіп, әрбір пациенттің ахуалына қарай емшара қабылдау кезеңдерін, тәсілдерін нақтылап алады деген сөз. Қарап отырсақ, биыл да кәсіби маманға жазылу біршама жеңілдейтін тәрізді. Әсіресе созылмалы сырқатқа шалдыққан науқастардың сапалы ем алуына көбірек көңіл бөлінетіні қуантады. Мұның барлығы кәсіби дәрігерге жазылып, кезегін апталап күтетіндердің мәселесін түбегейлі шешеді деп айтудан аулақпыз. Неге десеңіздер, дәрігер тапшы ауылдарда қызмет көрсету алгоритімін қанша жетілдіргенмен, аптаға ұласатын кезекті ә дегенде азайту әзірге іс жүзінде қиын болатын тәрізді.