Ғылым • 05 Наурыз, 2024

Бие сүті – антибиотикке жәрдемші

3255 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бабаларымыз төрт түліктің төресі туралы «жесең – ет, мінсең – көлік, ішсең – сусын» деп қалай тауып айтқан, ә! Әсіресе бие сүті емге – шипа, дертке – дауа. Халқымыз оның емдік қасиетін бұрыннан білгенімен, ғалымдар оған жасушалық деңгейде зерттеуді енді бастады. Бұл Nazarbayev University National Laboratory Astana зертханасында алғаш рет жүргізіліп отыр. Аталған зертханада ғалымдар жасушаішілік инфекцияларды емдеуге антибиотиктерді жеткізу әдісін әзірлеуді қолға алды. Бұл жоба туралы бізге зертхананың аға ғылыми қызметкері Шыңғыс Серғазы әңгімеледі.

Бие сүті – антибиотикке жәрдемші

Жас ғалымның айтуынша, бак­­териялардың жасушаішілік лока­лизациясы бар кейбір инфекцияларды антибиотиктермен емдеу қиын. Мұның бірнеше себебі бар. Антибиотиктер жасушалық ортаға жақсы сіңбейді, айтарлық­тай әсері болмай, тез жойылады немесе жұмысын тоқтатады.

«Бұл мәселені шешудің сәт­ті әрекеті – тасымалдау жүйе­ле­рі арқылы жасушаларға антибио­тиктерді жеткізетін полимер на­но­бөлшектерімен немесе липосомалармен байланысты. Қазір біз бие сүтінен алынған экзосомалар, микровезикулалар арқылы антибиотиктерді жасушаларға жеткізу мүмкіндігін зерттеп жа­тыр­мыз (экзосомалар – жасуша­лардың қоршаған ортаға бөлетін жасушадан тыс көпіршіктері) Сүттен экзосомаларды бөліп алу – оқшауланған зерттеулер жүр­­гізіліп жатқан жаңа сала. Сиыр сүтінің құрамында көп мөл­­шерде казеин бар. Ол ұзақ сақталатындықтан, мұқият тазартуды қажет етеді. Бие сүті ана сүті сияқты, казеинді көп қамтымайды және экзосомалар жасау үшін әлі пайдаланылмаған», деді ол.

Бұл зерттеуде бие сүтінің экзо­сомасының қасиеті мол еке­нін байқадық. Біріншіден, эксо­сомаларды антибиотиктерді тіке­­лей жұқтырған жасушаларға жеткізу үшін тасымалдаушы­лар ретінде пайдалану емдеу­дің тиімділігін арттыруға және антибиотиктердің сау жасуша­ларға әсері мен бактерияның төзімділігін дамыту ықтималын азайтуға болады. Екіншіден, экзосомалар иммундық жауапқа әсер ететін молекулаларды алып жүреді. Олар ағзаның инфек­циялармен, әсіресе антибио­тиктерге төзімді бактериялар­дан туындаған инфекциялар­мен күресуін арттырады. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да денсаулық сақтау агенттіктерінің мәліметінше, антибиотиктерге төзімділік емдеу уақытының ұзақ болуына, медициналық шығындардың жоғарылауына, өлім-жітімнің көбеюіне әкеледі.

«Жалпы, статистикаға сүйен­сек, жыл сайын миллиондаған аурудың антибиотиктерге төзім­ді­лігіне байланысты емдеу болып отыр. Бұл үрдіс өсіп барады. Антибиотиктерге төзімді ин­фек­циялар әдетте кейбір бактериялар мен паразиттер сияқты қабылдаушы жасушаларының ішінде өмір сүріп, көбейе алатын микроорганизмдерден туа­тын ауруларды қамтиды. Мұн­дай инфекциялар, мысалы: ту­беркулез, легионеллез, пнев­мо­нияның бір түрі және хлами­­диоз. Антибиотиктерге төзімділік ден­­саулық сақтау саласының өзек­ті проблемасына айналды», деді жас ғалым.

Бұл жоба былтыр басталған. Қазір жасуша желілеріне тәжі­ри­бе жүргізіліп жатыр. Ол аяқ­тал­ғаннан кейін зерттеулер зерт­ханалық жануарлардың қаты­суымен жүргізіледі. Осы зерттеулер сәтті өткеннен кейін клини­ка­лық сынаққа көшу жос­парланған. Nazarbayev University жаңа дәрі-дәрмектерді іздеу және зерттеу зертханасын Медицина мектебінің профессоры, доктор Мохамад Альжофан басқарады.

«Қазір бізде бірнеше жоба бар. Сондай-ақ өз жобама қосымша бір мезгілде оксидативтік күйзе­лісін азайтуға және қарқын­ды физикалық белсенділік кезін­де денсаулықты сақтауға көмек­тесетін мамандандырылған та­мақ­танудың әзірлемесін ком­мер­цияландырып жатырмын. Бү­гінге дейін сарапшылар мен тұтынушылардың жоға­ры ба­ға­сына ие болған «Қай­нар» та­ғамдық қоспасын нарық­қа шы­ғардық. Осы зерттеу шамамен 10 жыл бойы жүргі­зіл­ді. Бұл – жүрек-қан тамыры ауруларының дамуы мен асқынуын болдырмайтын жүзім полифенолдарының концентратына негізделген биологиялық белсенді қоспа. Зауыт жылына 20 мың бірлік өнім шығарады. Енді біз тағы бір зерттеуіміздің нәтижесін нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Ғылым қорының қаржыландыруы аясында іске асқан спортшыларға және денсаулыққа зиян тигізетін салада еңбек етіп жүрген қыз­мет­керлерге арналған мамандан­дырылған диеталық өнімді шығарамыз», деді Шыңғыс өзінің ғылыми жобаларымен бөлісіп.

Енді кейіпкеріміз туралы бірер сөз. Ш.Серғазы ғылым­дағы алғашқы қадамын дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінен бастаған. Сон­да оқып жүріп, биологияға қы­зығушылығы артып, осы пәннен өткен бірқатар республикалық олимпиаданың жүлдегері бол­ған. Кейін «Болашақ» бағдарла­масымен шетелде молекулалық биология және фармакология саласында білім алған.