Қоғам • 05 Наурыз, 2024

Қазақстанда инватакси қызметіне сұраныс артты

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен 2023 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 26,7 мың рет көрсетілді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда инватакси қызметіне сұраныс артты

Фото: mail.kz

Министрлік 2023 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 53,9 мың рет көрсетілгенін еске салды.

Инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады.

«Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды. Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді», делінген ведомство хабарламасында.

Пилоттық жоба аясында азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.

Пилоттық жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады.

Жоба 2024 жылы да жалғасады, болашақта жаңа форматта қызмет көрсетуді мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына кеңейту және елдің барлық өңірлерінде кеңінен қолдану жоспарланып отыр.