Тұлға • 05 Наурыз, 2024

Алаш деп соққан жүрегі

740 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ол Әлихан Бөкейханды көрген жоқ, әрине. Алайда көргенге парапар... Өйткені Әлекеңнің туған бауыры Смахан төрені көрді. Кісілігі айқайлап тұратын. Сөйлеген сөзінде, киген киімінде кісілігі мейлінше жиексіз көрінер еді. Ал оның әр жағында, әрине, Әлихан тұр...

Алаш деп соққан жүрегі

Содан да бұл елдің баласында сұңғылалық бар, әңгіменің басы болса болды, қалғанын өз­дері толтырып алады.

Қайырбек Изатбекұлы – со­ғыс жылдары дүниеге келген аға ұрпақ өкілі. Бұлардың ата­лары болмады. Айдалған итжек­кен­дерінен оралмады.

Әкелері де болмады. «Ура­лап» кеткен Батыс­тан оралмады...

Аталары жеткізе алмай кеткен, әкелері айтып үлгере алмай кеткен әңгімені аналары жеткізген...

Адам жаратылысынан кете ал­майды. Соғыс заманы болса да олардың да балалық шағы болды. Олар да ойын қызығына тоймаған. Сол ойындары ойға жетелеп жатушы еді.

Үлкендердің сөзіне сенсек, ақто­ғайлық­тардың жәутігі жоқ. Батыр да осыларда, көсем де осы­ларда, шешен де осылар­да. Жидебай батырды кім біл­мейді? Қарменде биді қазақ баласы біл­се керек. Абайға бата беретін Шабан­байды қайтіп біл­­мейміз? Әсет Най­манбайұлы осы топырақта көзін ашты. Қа­зақтың бұлбұл қызы Күләш Бәй­сейітова әнімен, ең алды­мен, осы Ақтоғайын тербеткен.

Мұндай өңірді, мұндай өл­кені сүймеу мүм­кін бе?

Ол да сүйген. Жүрегімен! Бірақ түсінбейтіні көп еді... Басқа жақ­тағыдай мұнда айырплан ұшпай­тын. Арсыл-гүрсіл дүниені көші­ріп пойыздар да жүрмейтін. Тіпті «полу­торкалардың» өзі кейінде ғана бой көрсеткен...

Есесіне қиялдарында шек болмайтын. Қара жермен кеме жүргізіп қоятын... Мұнда телефон байланысы кештеу келді. Теледидар да сағынтып жеткен. Кино да ке­ліп жарытпайтын. Есесіне әнші іздеп сабылмайтын. Күйші іздеп күңіренбейтін. Бір Әшімтайдың өзі неге тұрады? Машақ күйшіні айтып тауыса алмаспыз...

Басқа жұртты қайдам, бұ­лар өздерінше өмір сүретін. Есік­те­рінде құлып, күршек деген болмайтын. Жарты құртты қалай бөліссе, кішкене қуаныштарын да солай бөлісетін.

Ол тұста жарыс көп болды ғой. Еңбек жарысы деген. Сол дүбірде топ бастап жүретін. Омы­ра­уында салбырағы жоқ жан бол­майтын...

«Қойдан басқа ештеңеміз жоқ қой. Қалай алдық екен бірінші орынды?» деп іштей ойла­натын. Жерасты байлығын неге бермеді екен деп әм ойға кететін. Кейін білсе, бәрі де бо­лыпты ғой. Алтын да бар екен, күміс те бар екен. Керек десе­ңіз, одан да мықтырағы – уран дегені де бар екен. Тек игеруге мұршалары келе бермеген. Әлде қандай да бір себеппен құлықсыз болды ма екен? Солай болар... Әйтпесе Ақтоғайдың алтыны қазір елдің құлағында, саусағында, мойнында жүр...

Содан ба екен жер қой­на­уы­ның іздеушісі болғысы келген. Ақто­ғайын алтынға бөктіреді. Сөйтіп, ұшпаққа шығарады...

Алтын табылса, әрине, айыр­пла­­ны да, пойызы да, кемесі де келеді...

Соған сенімді еді. Содан да жақ­сы оқуға тырысты. Мектепті алтынға бітірді.

Орыс мектебін.

Міне, қызық. Мұнда бәрі қа­зақы еді. Орыс тілін білмейтін қазақтар болғанымен, қазақ тілін білмейтін жан болмайтын. Бұ­лар ел сияқты ру-руға бөлініп жат­пайтын. Бұлар екіге бөліне сала­тын. Қара қазақтар болып, сары қазақтар болып...

Қалай екенін қайдам бұлар оқуға құлықты еді. Айтып отыр­ған орыс мектебінде орын да бола бермейтін. Оларынан орыс болып кетсе, кәне?

Сөз жоқ, ол мектептердің де пай­дасы тиді. «Орыс» оқуларына қамшы салдырмай түсіп жатты.

Бұлар да бала болып үлкен­дердің қолын ұзартты. Сон­дағы үлкендердің батасы келтелеу шығушы еді. «Аман бол, аман ердің аты білінеді...» деп шолақ қайыратын.

Басқа жұрттардай мұғалім бол деп те айта қоймайтын. Гео­лог бол, болмаса инженер бол деп айтуға зауықсыз келетін. Кейін­гісін түсі­нуге болар, елден кетіп қалады дейді ғой...

Ал алғашқысын түсініп көр...

Бір қауіптің болғаны ғой. Со­лай екен...

Мұғалімдердің бәрін қырып салған екен ғой... Оқыған деп... Же­рін сүйген деп... Елін сүйген деп...

Тіпті сонау отыз бірінші жы­­­лы көтеріліске де шығыпты. Уықпен...

Оны да бастап жүрген мұға­­лімдер... Осынау «уық көтері­лісі» әлі күнге дейін тарих пара­ғынан өз орнын ала алмай келеді.

Бала Қайырбек Алаш мұ­ра­тына осылайша суарылып өсті. Содан да инженер немесе геолог болам демеді. Шын­туайтында, кім бо­латынын өзі де білмейтін. Алай­да алар ма­ман­дығының Алаш­танумен байла­ныс­тылығын түсінген. Ол тұста Алаш­танудың иісі де жоқ еді.

Жоқ, ол білді кім болатынын. Ол жоқшы болады!

Аталарының, әкелерінің жо­ғалт­қанын іздей­тін болады...

Міне, ағамыздың жоқшы бол­­­ға­­нына да жарты ғасырдан асыпты.

Жоқшы болып не бітірді дей­сіз ғой.

Алаштанудағы, Әлихан­тану­дағы қосқан үлесі сай­рап
жатыр.

Ең алдымен, Әлихан есі­мін күндеден босатты, ақтоғай­лық­тардың иелігінен шығарып, қа­зақ баласының игілігіне қосуға жол ашты. Алғаш болып Әлихан бабамыз жөнінде қалам тербеді. Жақып, Әлімхан бабаларымыз жө­нінде тың деректерді бірінен кейін бірін жариялап жатты. Алаш көсемдерінің мұрағаттық ма­те­риалдарын да іздестіріп та­уып, қазақ баласының ру­хани­ ­игі­лігіне айналдырды. Басқа тіл­­­дегі зерттеулерді де қа­зақ­шаға тү­­сір­ген Қайырбек Изат­бекұлы болатын. Қазақ руха­ния­тында аға­­­мыз өзін­дік қолтаңбасын айшық­тады.

Жезді аудандық партия коми­тетінің хатшысы, облыстық ат­қару комитеті ұйымдастыру бө­лімінің меңгерушісі, облыстың мәдениет басқармасының бас­­тығы, облыс­тық атқару ко­ми­теті төрағасының орынбасары, облыс­тық тарихи-өлкетану му­зейі­нің директоры, облыстық тіл­­дер басқармасының бастығы, «Бай­­қоңыр» қаржы-өнеркәсіп­тік ин­вестиция ком­па­ниясының бі­рінші вице-пре­зиденті қыз­мет­терін бір кісідей атқарды. Ұлт ұясы Ұлытауды ұлық­­тауда­ғы ат­қарған жұмыстары да өз нәти­жесін берді. Алашахан, Жошы хан мазарларын жаңғырту жұ­мыстарының жауапкершілігі бір өзінде болды.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінде кеңесші болып жүргенінде де Алаш тақырыбын ұмыт қал­дырған жоқ. ЮНЕСКО көлемінде 150 жыл­дығы аталған жылы Қай­ре­кең­нің жетекшілігімен шық­қан «Әлихан әлемі» көрсеткіш кітабы – айтарлық­тай елеулі еңбек. Институт атқаратын шаруаны бір өзінің атқарып шы­­ғуы ағамыздың аза­маттық тұл­ғасын одан әрі асқақ­тата түседі.

Сол бақилық мұратын қазақ даласына әкеліп жүргендер де Алаш арыстары болатын.

Алаш мұраты – бар болу мұ­раты.

Ендеше ағамыз осы мұ­ратты одан әрі қаузайды.

Абыз ақсақалымызға жарасатын мұрат... Тәңір жарылқасын!

 

Төрехан МАЙБАС,

жазушы