Аймақтар • 07 Наурыз, 2024

Қызылжарға қашан құт қонады?

137 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Елге ел қосылса – құт» деген екен қазекем. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан халқының саны өткен жылы 266 739 адамға көбейіп, 20,03 млн адамға жетті. Былтыр республикамызға 25 399 адам көшіп келсе, 16 055 адам көшіп кетіп, көші-қон сальдосы көп жылдан кейін алғаш рет оң (+9344 адам) болды.

Қызылжарға қашан құт қонады?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірақ еліміздегі демогра­фия­лық ахуал біркелкі емес. Үш ме­га­полисте және оңтүстік пен батыс өңірлердің көпшілігінде халықтың ұдайы өсімі байқалып отырғанымен, солтүстік және шығыс өңірлерде керісінше, тұр­ғындар санының жылдан-жылға азаю үрдісі тыйылмай тұр. Мәселен, былтыр халық саны Абай облысында бұрнағы жылғы 610 198-ден 607 556 (-2642) адамға дейін, Қостанай облысында 832 234-тен 829 998 (-2236) адамға дейін, Павлодар облысында 754 944-тен 753 957 (-987) адамға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) 534 104-тен 530 124 (-3980) адамға дейін, Шығыс Қазақстан облысында (ШҚО) 730 238-тен 727 071 (-3167) адамға дейін кеміп кетті.

Бұл ретте бір назар аударар­лық жайт – өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысынан басқа өңір­лердің бәрінде халықтың таби­ғи өсімі болған. Соған қара­мастан, Абай, Қостанай, Павлодар, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында тұр­ғын­дардың азаюы олардан басқа жақ­қа көшіп кеткен адамдар саны көшіп келушілерден әлдеқайда көп болған­дығына байланысты болып шықты. Нақ­ты айтқанда, көші-қонның теріс саль­досы Абай облысында – 7141, Қос­та­най облысында – 3553, Павлодар облы­­сында – 3917, Шығыс Қазақстан облы­­сында 3862 адамды құрады. Ал СҚО-дан көшіп кеткендер қатары көшіп келу­ші­лерден 3654 адамға көп екенді­гіне қоса, дүниеге келген сәбилер саны да өмірден озғандардан 326 адамға аз болған.

Еліміздің солтүстік және шы­ғыс облыстарындағы демог­ра­фиялық ахуал­ды жақсар­ту мақсатында Үкімет жеті жылдан бері оларға жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті түрде қоныс аударумен және қандастарды квота бойынша орналас­тырумен айналысып келеді. Қазір бұл әлеуметтік жобалар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жо­басы аясында іске асырылып отыр.

Алайда сол жобалар күткен­де­гідей нәтиже бермей тұр. Себе­бі, демо­графиялық статис­тика атал­ған кезеңде тұрғын­дар саны Қос­танай облысында 49,1 мыңға (2017 жылғы 879 мыңнан 2024 жылғы 829,9 мың адамға дейін), Павлодар облысында 3,1 мыңға (757 мыңнан 753,9 мың адамға дейін), СҚО-да 32,9 мыңға (563 мыңнан 530,1 мың адамға дейін), Абай және Шығыс Қазақ­стан облыстарын қоса алғанда 54,4 мыңға (1389 мыңнан 1334,6 мың адамға дейін) азайғанын көрсетті. Әсіресе, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі СҚО-да қалыптасқан жағ­дай алаңдатарлықтай.

1999 жылы жүргізілген Ұлт­тық санақ қорытындысына қара­ғанда, сол уақытта Қызылжар өңірінде 725 980 адам тұрған. Арада өткен 25 жыл ішінде облыс тұрғындарының саны 195 856 адамға азайған. Осыған орай, 2018 жылы Солтүстік Қа­зақстан облысының әлеуметтік-эко­но­ми­калық жағдайы Қауіп­сіздік кеңе­сінде қаралған болатын. Нәти­жесінде, Қызылжар өңірінде арнаулы экономикалық аймақ құру және қанатқақты жоба ре­тін­де оңтүстік өлкеден қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салу сияқты игі шаралар іске асы­­рылды. Әйтсе де, ол шаралар да өңірдегі демографиялық ахуал­ды сауықтыра алған жоқ. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, жергілікті шенеуніктердің тарапынан талап пен бақылаудың болмауынан қоныс аударушыларға ар­нал­ған баспаналар сапасыз салынып, олардың орынды ренішін туғыз­ған.

«Казахстанская правда» га­зе­ті­нің осы жөніндегі сыни мақа­ла­сына ден қойған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай облыс көлемінде кешенді тексеру жүр­гі­зіліп, қоныс аударушыларға немқұрайдылық танытқан Айыртау және Есіл аудандарының әкім­дері қызмет­те­рі­нен босатыл­ған, ал өзге бірнеше жоғары ла­уа­зымды шенеунік тәр­тіптік жауап­қа тартылған. Қо­ныс ауда­ру­­шыларға тұрғын үй салу жө­нін­дегі қанатқақты жоба­ның осындай сәтсіздікке ұшыра­ға­нын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі 2022 жылғы 27 мамырдағы бұйрығымен «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына» эко­но­микалық ұтқырлық серти­фи­каты туралы толықтыру енгіз­ді. Ол – тұрғын үйді сатып алу және салу, ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қоныс аударушылар мен қандастарға берілетін ақша­лай түрдегі материалдық көмек.

Өкінішке қарай, СҚО-ға қо­ныс аударушылар мен қандас­тарды қабылдау үшін жыл сайын берілетін квота саны осы өңірден көшіп кетушілердің орнын жаба алмай келеді. Мысалы, былтыр бөлінген квота саны – небәрі 2698 адам. Соған сәйкес Қызылжар өңіріне 2460 қоныс аударушы мен 238 қандас қана көшіп келген. Осы орайда СҚО әкімдігі 2586 қоныс аударушы үшін сұраған квотаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі неге 126 адам­ға қыс­қар­тып тастағандығын түсі­ну қиын.

Осылайша, Қызылжар өңірін­де­гі көптеген ауылдың түтіні бір­тіндеп өшіп, жұрты ғана қалып жатыр. 2017 жылы СҚО-да 673 ауыл болса, арада өткен жеті жыл ішінде олардың 38-і жабылып, өңір картасынан сызылып тасталған. Қалған 635 ауылдың 328-і тірек және серіктес ауыл­дық елді мекендер тізбесіне енгі­зіл­мей, «келешегі жоқ» деген қатаң үкім кесілгендей болып отыр. Оның ішінде 125 ауылдағы тұрғындар саны 50-ге жетпейді. Ал 35 ауылда 3-4 тұрғын ғана қал­ған. «Елден ел ажыраса – жұт» деген осы.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, сол­түс­тіктің жеті айға дейін созылатын қатал қысында тұрғын үйлерді көмір жағып жылыту машақаты, ауыл шаруашылығы саласында жалақының төмендігі, ауыл жолдарының нашарлығы – солтүстікқазақстандықтарды жай­лы мекен іздеуге мәжбүр­лей­тін себептер, міне, осылар. Олар әсіресе, сұранысқа ие білікті де тәжірибелі мамандар көршілес Ресейдің Түмен, Қорған және Омбы облыстарының газдан­ды­­рылған елді мекендеріне жиі қоныс аударып жүргені белгілі. Ал СҚО-ны газдандыру мәселесі жиыр­ма шақты жылдан бері соз­бақ­қа салынып, шешілер емес. Әу басында көршілес Қостанай облысы сияқты, СҚО-ны да Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосу ұсы­­ныл­ғанмен, бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау таппаған.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 17 маусымда болған елі­міз­дің газ саласын дамыту жөнін­дегі кеңесте Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын толық газдандыру қажеттігін айта келіп: «Бұл – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Кемінде екі тәсіл бар: «Сары­арқа» ма­гистральды газ құбы­рын жалғас­тыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Екі нұс­­қаның да өзіндік плюсі мен минусы бар. Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиісті», деген еді. Алайда содан бері екі жарым жылдан астам астам уақыт өтсе де, Үкімет бұл мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. СҚО-дан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов пен сенатор Әсем Рах­метованың осы мәселе жөнін­де былтыр және биыл жолдаған депутаттық са­уалдарына да бұрынғы Үкімет те, жаңа Үкімет те екіұшты жауап беріпті.

Жақында Парламент Сена­тын­да «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артық­шылығының негізі» тақыры­бында өткен Үкімет сағатына қа­тысқан СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар өңі­­рін­­дегі демографиялық жағ­дай­ды жақсарту мақсатында бірқатар нақты ұсыныс жасады. Соның ішінде жаңа туған бала үшін бері­ле­тін біржолғы жәрдемақы, бала күту үшін берілетін жәрдем­а­қы және облыста тұрақты тұра­тын көпбалалы аналарға бе­рілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін 2 есе өсіру, жұмыс берушілерге әрбір жұмыссызды еңбекпен қам­тығаны үшін 2 жыл бойы 30 АЕК мөлшерінде субсидия төлеу, жұмыс күші артық өңірлер тұр­ғын­дарының жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударуы бағдарламасы аясында берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатын 1625 АЕК-ке дейін ұлғайту, сон­дай-ақ облыс ішінде қоныс ауда­рушыларға да экономикалық ұт­қырлық сертификаттарын беру бар. Өңір басшысы СҚО елді ме­кендерін газдандырудың ма­­ңыз­дылығын да атап өтті. «Жал­пы, бұл шаралар солтүстік­қазақ­­стан­дық­тардың әл-ауқатын жақ­сар­тып, тұрғындардың кірі­сін көбейтіп, демографиялық ахуал­­ға оң әсерін тигізеді», деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

СҚО әкімінің аталған ұсы­ныс­­тары Мемлекет басшы­сы­ның 2021 жылғы «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік не­гі­зі» Жол­дауында Үкіметке берген: «Ел ішіндегі еңбек кү­шінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен сол­түстікке көшіп жат­қан азамат­тарға жәрдемақы бөлу­дің қол­да­ныс­тағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айт­қан­да, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңір­лер­ден адамдарды өз бетімен жал­дайтын жұмыс беру­шілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Кө­шіп келген аза­маттарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мем­лекеттік қолдау шаралары қол­жетімді болуын қамтамасыз ету қажет», деген тапсырмасына негіз­делген. Тек осы тапсырманы бұрынғы Үкіметтің орындап жарыт­пағаны анық. Ендігі үміт – жаңа Үкіметте.