Үкімет • 07 Наурыз, 2024

Елді ғалым танытып, ғылым дамытады

112 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, депутаттар бірқатар заң жобасын талқыға салды. Жиын ең алдымен Мәжіліс қатарына жаңадан қабылданған депутат Нұрсұлтан Байтілесовтің ант беруімен басталды. Ол Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды.

Елді ғалым танытып, ғылым дамытады

Ғылыми-техникалық орталық құрылады

Жалпы отырыста алдымен бір-бірімен байланысты екі заң жобасы бірінші оқылымда тыңдалды. «Ғылым және тех­нологиялық саясат туралы» және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама
жасады.

Министрдің айтуынша, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жос­пары және Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында әзірленіп отыр.

«Халықаралық практикада ғылы­ми-инновациялық технологияларды дамытудың кемінде тоғыз кезеңі ерек­шеленеді. Барлық деңгейден өткеннен кейін ғана технологияларды немесе өнімді толық коммерциялық орналастыру, нарыққа ендіру кезеңі басталуы керек. «Технологиялардың дайындық дең­гейлерін» заңнамалық деңгейде бекі­ту ұсынылады. Осылайша, дамыған елдер­дің тәжірибесін негізге ала отырып, еліміз­дің ғылыми-технологиялық саясаты ішкі ғылыми-инновациялық деңгейді артты­руға, әлемдік технологиялық көшбас­шыларға қатысты инновациялық алшақ­тықты қысқартуға, отандық компания­лардың өздерінің коммерциялық мақсатта­рында пайдалану үшін жаңа сыртқы ақпарат алу бөлігінде игеру қабілетін арттыруға бағытталады», деді министр.

Оның айтуынша, ұйымдастыру-бас­қарушылық, кадрлық, қаржылық және материалдық-техникалық әлеуеттің бес құ­рамдас бөлігінің бірі саналатын ақпа­раттық-талдамалық қамтамасыз ету бүгінде жүйелі түрде жүзеге асырылмай­ды. Сапалы талдаусыз ғылыми-техно­логиялық дамудың ұзақмерзімді стратегиясын қалыптастыру мүмкін емес.

«Мұның бәрі ғылымды дамыту және еліміздің дамыған мемлекеттер пулына шығуы жөніндегі стратегия­лық жоспарлардың орындалуына қауіп төндіреді. Ғылыми-техникалық ақпараттың мониторингі ғылыми үдерісті ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл, әрине, ғылым мен инновациялар дамуы­ның тұрақтылығына ықпал етеді. Осы проблеманы шешу мақса­тында заңнамалық деңгейде ғылыми жетістік­терді, ғылыми инновациялар мен жаңа тех­нологиялар нарығын қадағалау, олардың өнеркәсіп салалары, өнеркәсіп субъек­тілері және ғылыми ұйымдардың техно­ло­гиялық әзірлігі деңгейі бөлінісінде сыни тех­нологияларға бейімделу және олармен арақатынас әлеуетін бағалау мақсатын­да жүзеге асырылатын ғылыми-техника­лық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі тетікті қарастыру ұсынылады»,  деген Саясат Нұрбек осы норманы іске асыру үшін оны жүзеге асыратын Ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құру жос­парланып отырғанын да атап өтті.

Ғылым және жоғары білім министрі жас ғалымдарды ғылымға тарту үшін 2023 жылы 19 қазанда алғаш рет министрлік пен «Отбасы банк» АҚ (банк қаражаты есебінен) арасында жас ғалымдарға 2023–2027 жылдарға арналған несиелендіру бағдарламасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын еске салды. Осы келісім аясында былтыр 1 желтоқсаннан бері 80-нен астам жас ғалым баспана алған.

 

Ғылымға бизнестің қолдауы керек

Жалпы отырыста «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, ол жайында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген құжаттың бас­ты мақсаты – отандық ғылымды дамыту үшін кәсіпкерлердің ғылым саласына инвестиция жасау белсенділігін арттыру, сондай-ақ зерттеулер нәтижелерінің өндіріске енгізілуін ынталандыру. Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы 2022 жылы өткен Ғылым академиясының сессиясында көтеріп, тиісті тапсырма берген болатын.

Заң жобасында ғылым саласына жеке инвестиция құйған, жаңа ғылыми орталықтар ашқан компанияларға бір­қатар жаңа салықтық преференция беру ұсынылғанын атап өткен депутат қазіргі таңда, өкінішке қарай, бизнес ғылым саласына инвестиция жасауға, оны өнді­ріске енгізуге үлкен қызығушылық танытпайтынын және осы бағытта қаражат жұмсауға құлықты емес екенін айтты. «Ал әлемдегі тәжірибені қарасақ, ғылы­ми жетістіктерге серпіліс беріп, жаңа өндірістер құрып, ғылымды коммерция­ландыру жобаларын іске асыратын да –жеке компаниялар. Осыған байланысты ғылымға инвестиция жасайтын және оны өндіріске енгізетін бизнес үшін бірқатар жеңілдік ұсынылып отыр», деді ол.

Жеңілдіктердің біріншісі – салықтық шегерімдер. Заң жобасында ғылыми зерттеу университеттерінің жанынан ғы­лыми орталықтар ашуға және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жұмсалған қаражаттың 100%-ын салықтық шегерімге жатқызу ұсынылып отыр.

«Бұл – маңызды норма. Мысалы, «Альфа» компаниясы Қ.Сәтбаев ұлттық зерттеу университетінің жанынан ғылыми орталық ашуға 100 млн теңге жұмсаса, онда ол осы жұмсалған шығыннан салық төлемейді. Сондай-ақ ол тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға өз қаражатын жұмсап, оны өндіріске енгізбек болса да, оның жұмсаған қаражаты шегерімге түсетін болады. Міне, осылайша бизнес ғалымдарымыздың зерттеулерін өндіріске енгізіп, ғылыми орталықтарды, жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке одан да көп салық төлеуге мүмкіндік туады», деді А.Аймағамбетов.

Ол бұл тәжірибе әлемде кең таралға­нын, мысалы Сингапур, Ұлыбри­тания, Жапония және Қытай сияқты көптеген алдыңғы қатарлы елде жұмыс істеп тұрған барлық ірі ғылыми зерттеу орталығы, инновациялық шешімдер осындай ынта­лан­дырудың арқасында жеке инвестиция­лар есебінен құрылғанын айтты.

Екінші жеңілдік – салық сомасын азайту. Заң жобасында жеке компания үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар бо­йынша салық сомасын 50%-ға азайту ұсынылып отыр. «Егер кәсіпкерлер неме­се ғылыми ұйымдар, не университет­тер өздерінің жүргізген ғылыми зерттеу­лерінің нәтижелерін, тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарын өндіріске енгіз­се, онда бұл шығыстардың 50%-ы салық салынатын табысты айқындау кезінде дәл осы 50% көлемде азайтылады», деді депутат.

Үшінші жеңілдік – салық преференция­ларының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету. А.Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама­да ғылым саласын қаржыландырған компанияларға берілетін жеңілдіктер аз болса да бар, бірақ олардың өзі тиімді іске асып жатқан жоқ. Өйткені бұл нормаларды іске асыру үшін нақты тетіктер жұмыс істемейді. «Кейбір бағыттар бо­йын­ша нормалар болса да, бизнесмендер оларды қолдануға қорықты. Осылайша, бұл нормалар іс жүзінде тиімді жұмыс істемеді. Мысалы, бір компания ғылымға 100 млн теңге жұмсайды, содан кейін салық салатын сомасын азайтам дейді, бірақ оны нақты дәлелдейтін тетіктері, құжаттары болмаған соң, салық органдарының алдында дәлелдей алмайды», деді депутат.

 

8,5 млн адамның мойнында несие бар

Мәжілістің жалпы отырысында тал­қы­ланған тағы бір өзекті заң жобасы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне кредит беру кезін­де тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы». Бұл туралы баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ қоғамдағы кезек күттірмес мәселелерге тоқталды.

Депутаттың айтуынша, биылғы 1 қаң­тардағы жағдай бойынша 8,5 миллион отандасымыздың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге берешегі бар, оның ішінде 8,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша берешегі 10 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде 1,6 млн азамат несие қарызын өтеуді 90 күннен аса кешіктіріп жүр. Олардың жалпы қарызы – 1,7 трлн теңге.

Үнзила Шапақ заң жобасында ха­лықты несие «құлдығынан» құтқару үшін бірнеше жол қарастырылғанын жеткізді. Соның бірі – несие төлемін 90 күннен аса кешіктірген адамдарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салу. «Халықтың шамадан тыс несие алуына жол бермес үшін тұтынушылық несие бе­решегінің абсолютті мөлшерін шектеу­де реттеу рәсімін қатаңдату қажет. Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық несиелері бойынша бере­шектің орташа деңгейі шамамен 1,5 млн теңгені құрайды, бұл ретте мұндай несиелер бойынша берешектің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген. Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық несие деген ұғым енгізіледі, бұл оның ең жоғары мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 2 млн теңге) нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді», деді депутат.

Екінші жол – несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеу аясында азаматтардың құқығын қорғауды күшейту. Үшінші жол – атқару­шылық іс жүргізуде азаматтардың құқық­тарын қорғауды күшейту. Сонымен бірге азаматтардың несиелер бойынша банкроттық рәсіміне қолжетімділігін жеңілдету көзделіп отыр. «2023 жылғы наурыздан бастап банктер, микроқаржы ұйымдары және басқа да кредиторлардың несиелері бойынша жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығының заңнамалық рәсімі енгізілді. Банкроттыққа өтініш беру үшін қарыз алушыдан ағымдағы берешегі бойынша мерзімі өткен қарыздың реттелуі туралы көптеген құжат пен мәлімет беру талап етіледі. Қазіргі таңда 84 мың өтініштің ішінде банкроттық рәсімі 9,5 мың (11,3%) азаматқа қатысты жүргізілді», деп атап өтті Ү.Шапақ.

Мәжіліс депутаты несие алуға қатысты алаяқтық қылмыстардың алдын алу да маңызды екенін жеткізді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар саны көбейіп, өткен жылы азаматтарға келтірілген зиян көлемі 5,8 млрд теңгені құраған.

Отырыс барысында «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының кейбір заңнамалық актіле­ріне бизнес жүргізу мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның Сенат ұсынған жаңа редакциядағы жекелеген баптары да тал­қыланып, кейін депутаттар түрлі сала басшыларына сауалдарын жолдады.