Қоғам • 06 Наурыз, 2024

Жас сайлаушылармен кездесу

61 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапарға комиссия мүшесі Шавқат Өтемісов пен комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты. Өңірлерге шығуға алғаш рет ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері – заң ғылымдарының докторлары Исидор Борчашвили мен Индира Әубәкірова да қатысты.

Жас сайлаушылармен кездесу

Сапар аясында комиссия басшысы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жас сайлаушылармен кездесті. Басқосуға түрлі жоғары оқу орны­ның студенттері, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мү­ше­лері, облыс және Қарағанды қаласы мәслихаттарының депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрлан Әбдіров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен саяси және конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталды. «Реформаларға сәйкес Президент, Парла­мент Мәжілісі, барлық деңгейдегі мәсли­хат­тар сайланып, нәтижесінде, негізгі сая­си институттар қалыптасты. Аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау қанатқақты режімде өтті. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтіп жатыр. Мұның бәрі сайлау органдары жүйесінің тұрақты, күнделікті жұмыс форматына көшуін талап етті», деп атап өтті ол.

Елдің сайлау жүйесін дамытудың өзекті трендтеріне егжей-тегжей тоқтал­ған Нұрлан Әбдіров комиссияның страте­гиялық перспективаларын белгілеп, осы ұйымның көзқарасы, миссиясы, құн­дылықтары, қағидаттары, мақсаттары мен басымдықтарын нақты айқындады. Сонымен қатар Ортсайлаукомның басшысы ОСК-ның 30 жылдығы және осы кезеңде өткізілген сайлау науқандары туралы айтты. ОСК-ның 30 жылдығы аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қорытындылары бойынша «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктеме, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинақтың екінші томы, «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін трансформациясы» монографиясы жарияланды. Комиссияның ресми сайтында қолжетімді электоралдық терминдердің онлайн-сөздігі таныстырылды. Аталған басылымдардың даналары Қарағанды университетінің кітапханасына да тапсырылды.

Кездесу барысында 294 жас сайлаушы сайлау саласының өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнамаға қатысты. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жас­тардың 84,7%-ы президенттікке канди­датқа денсаулық жағдайы бойынша, ал 78,6%-ы мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс өтілі талаптарын белгілеу керек деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 82%-ы президенттікке кандидаттарға – елде, ал Парламент Мәжілісінің депутат­тығына сайлау округінде тұру мерзімі бойын­ша қойылатын талаптарды қолдайды. Респонденттердің 47,6%-ы сот қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған және бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған азаматтардың дауыс беруге құқығы болмауға тиіс деген пікір білдірді, тағы 44,9%-ы дәстүрлі бюллетеньді дауыс берудің ең сенімді тәсілі деп санайды.

Кездесу барысында комиссия мүшесі, Сарапшылық кеңестің төрағасы Шавқат Өтемісов 2022 жылы құрылған осы кеңес­тің қызметі туралы хабардар етті. Кеңес отырыстарында сайлау науқандарының қорытындылары мен сайлау үдерістерін же­тілдіру бөлігінде халықаралық бай­қау­лардың ұсынымдары жан-жақты талқы­ланады.

ОСК жанындағы Сарапшылық кеңес­тің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, Maqsut Narikbayev University профессоры Индира Әубәкірова жақында таныстырылған электоралдық термин­дердің онлайн-сөздігіне назар аударып, Әзербайжандағы президенттік сайлауда ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының құрамында байқауға қатысқаны туралы айтты. Ол сондай-ақ ОСК қызметіндегі инновациялар мен оң нәтижелерді атап өтті. Заң ғылымдарының докторы, «Астана» Халықаралық университетінің профессоры Исидор Борчашвили сот қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған және бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың дауыс беру құқығына қатысты өз пікірін білдірді. Профессор қызықты ұсынысы үшін жас сайлаушы Әмірхан Оразкеновке алғыс ретінде Қыл­мыс­тық кодекске авторлық 3 томдық түсі­ніктеменің бір данасын табыс етті. Сондай-ақ ол түсініктеменің қазақ және орыс тілдерінде 30 данасын университет кітапханасына тапсырды.

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Меруеш Башай президенттікке кандидатқа Қазақстанда туу және тұру мерзімі бойынша азаматтық бөлігінде қойылатын талаптарға қатысты сұрақ қойды. Ал Қазақстан адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Қарағанды филиалының директоры Юрий Гусаков байқаушылардың мәртебесі және олармен сайлау комиссияларының жұмысы мәселелеріне қызығушылық танытты. «Мұқалмас» РҚБ филиалының басшысы Майра Әбдірахманова мәслихат депутаттарының мемлекеттік тілді білуінің маңыздылығы туралы пікір білдірді.

Сондай-ақ ОСК басшысының төрағалы­ғымен өңірдің аумақтық сайлау комис­сияларының мүшелерімен кеңес өтті. Кеңес барысында тиісті АСК басшылары шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлауға дайындығы туралы баян­дады. 31 наурызға белгіленген сайлау Приозерск қаласының мәслихатына, Абай, Бұқар жырау және Шет аудандық мәслихаттарына өтеді деп жоспарланған. Нұрлан Әбдіров сайлау мүшелерінің назарын қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлау өткізу қажеттігіне аударды. Сондай-ақ АСК-ның материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері қаралды.

Бұдан әрі оқыту семинары өтіп, ОСК аппаратының талдау және коммуникация бөлімінің меңгерушісі Ерлан Қарабалаев, электоралдық оқытуды ұйым­дас­тыру бөлі­мі меңгерушісінің орынбасары Түсіп Рыспеков, сайлау үдерісін ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы Дастан Дәулетияров қатысушыларды сайлау науқандарын ақпараттық сүйе­мел­деу мәселелері, электо­рал­дық оқы­тудың негіздері, аумақтық сайлау ко­мис­сия­ларының қазіргі сайлау жүйе­сін­де­гі рөлімен таныстырды.