Мәселе • 07 Наурыз, 2024

Құланның үйірі көбейсе...

108 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәуренінде қазақ сахарасында үйірімен өріп, 50-жылдары жойы­лып кеткен пржевальский жылқысын көбейту мәселесі көптен бері айтылып жүр. Түрлі қадам жасалып, сан салалы жоба түзілді. 2012 жылы Үкімет қаулысымен арнайы резерват та құрылған-ды. Биылғы жылдың маусым айында «Жабайы жылқылардың оралуы» халықаралық жобасы аясында елімізге Еуропадан керқұлан әкелінбек. Сегіз бас пржевальский жылқысы Прагадан және Берлиннен ұшаққа тиеліп, алдымен Арқалыққа жеткізіледі де, содан соң Қостанай облысына жөнелтіледі.

Құланның үйірі көбейсе...

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Халықаралық жобаны жүзеге асырушы Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек тарпаң мінез тағы жылқыны тұмса таби­ғатқа жіберу мәселесін оңынан шешу үшін ауқымды шаруа қолға алынғанын айтты. «Бұған дейін Моң­ғолия жерінде керқұландарға реинтродукция жүргізіп, Прже­вальский жыл­қысының популяция­сын қалпына кел­тірдік. Қазақстан Үкіметінің қол­қалауы бойынша біз алдағы бес жыл ішінде қазақ даласына 40 шақ­ты жа­байы керқұланды көшіріп әкеп жер­сіндіреміз», деді Мирослав Бобек.

«2023 жылғы 24 сәуірде өткен Қазақстан – Чехия бизнес форумы шеңберінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага зообағы арасында жабайы жылқыларды Қазақстан аумағына жерсіндіру бойынша меморандумға қол қойылды. Мүдделі ұй­ым­д­ардың мамандарымен кеңесу нәти­­жесінде еліміздегі неғұр­лым қолайлы өңір таңдалды. Бұл аумақта жабайы жылқыларды жер­сіндіру іс-шараларының аясында мате­риалдық-техникалық база күшей­тілді және арнайы вольер орнатылды. Келіссөздер қо­­рытындысы бойынша 8 бас кер­құланды маусым айында әкелу жос­парланып отыр», деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Еуропаның ен даласынан жет­кізілетін керқұланның алғашқы үйіріне өріс Қостанай облысындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватынан бұйырады. 2012 жылы құ­рылған резерват 489 766 гек­тар аумақты алып жатыр. Үйірлі кер­құлан бірден табиғатқа жіберілмей, резерват аумағындағы жабайы жануарлар реинтродукция­сы орта­лы­ғында бір жылдық күтім көріп, әбден жерсінген соң ғана сайы­н дала төсін мекен етеді. Серіктес ұжым­­дардың бастамасымен һәм қар­жылай қолдауымен құрылған реин­тродукциялық орталықты Қазақ­­­стандағы биоалуантүрлілікті сақ­тау қауымдастығы (АСБК) бас­қарады. Орталық 2017 жылдан бері инфра­құрылымды дамыту арқылы жа­байы құландарды меке­ніне қайтару жұмысын жүргі­зіп келеді. АСБК – биологиялық алуан­дық және экосауат ашу бағытында жұмыс істейтін Қазақстандағы үкі­меттік емес ұйым.

Пржевальский жылқысын Қазақ­­­станға қайтару жобасына Эко­­логия және табиғи ресурс­тар министрлігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар әлемі ко­митеті, Прага зоопаркі, Франкфурт зоо­логия қоғамы, Нюрнберг зоо­пар­кі, Tierpark Berlin және Hortobágy ұлттық паркі үлесін қосты. Осы жылдың 28 ақпанында серіктестер мәміле жасасып, меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың көтерер жүгі де ауыр: алдағы бес жылдың бе­дерінде Еуропадан үйір-үйір кер­құлан қазақ даласына жеткізіледі.

Чехиядан елімізге жеткізілетін пржевальский жылқысы 2021 жылы сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсім­діктер тізіміне енген. Одан сырт жойылудың аз-ақ алдында тұр­­ған жабайы фауна мен флора түр­лерін саудаға салу туралы ха­лық­аралық конвенцияның (СИТЕС) қосымшасына да енгізілді.

Қазақ даласына керқұланды жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойған ұйымдар жөнінде бірер сөз. Прага зоопаркі пржевальский жылқысының асыл тұқымына ие және EAZA Ex situ бағдарламасын жүзеге асырушы бірегей ұйым. EAZA – Еуропаны мекендейтін жабайы жануарлардың популяциясын сақтау бойынша зоопарктер мен аквариумдер қауымдастығының бағдарламасы. Прага зоопаркі 2012-2019 жылдар аралығында керқұ­ландарды Моңғолия топырағына жерсіндіру жобасын қолға алып, жабайы жылқыларды байырғы ме­кенімен табыстырды. Франкфурт зоология қоғамы (FZS) – әлемнің 18 мемлекетінде жойылып бара жат­қан түрлер мен экожүйелерді қорғау жобаларын басқаратын халықаралық ұйым. 2005 жылдан бері «Алтын дала» табиғат қорғау бастамасының құрылтайшы ұйымның бірі. 2017 жылдан бастап «Алтын дала» жобасы аясында Орталық Қазақстанға жабайы құ­ландарды қайта жерсіндіру жобасына қолдау көрсетеді. Берлин зоопаркі (Tierpark Berlin) жабайы жануарлардың популяциясы мен реинтродукциялық бағдарламасын жүзеге асыруда бай тәжірибесімен әйгілі. Зоопарк жобаға қатысушы ұйым ретінде бізге керқұландарын жібереді. Арнайы мамандары жа­байы жылқыны Қазақстанға жет­кізу шаруасына да күш қосады. Нюрнберг зоопаркі бұған дейін де Пржевальский жылқысын Орталық Азия жеріне қайтару жобасына үлес қосқан. Hortobágy – Мажарстандағы қоршаған ортаны қорғауға мұрат тұтқан ұлттық парк. Бүгінде мадиярлар еліндегі парк аумағында керқұландардың ең үлкен популяциясы мекендейді. Зерттеушілер Мажарстандағы керқұланның үйі­рінен сұраптап алып байырғы мекендеріне жіберген әлдеқайда тиімді деген пікірді алға тартады.

Қазақстандағы биоалуантүр­лілікті сақтау қауымдастығы 2005 жылдан бері Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, Франкфурт зоология қоғамымен (FZS), «Фауна мен Флора» халық­аралық қайырымдылық қорымен (F&F), Құстарды қорғау корольдік ұйымымен (RSPB) тізе қосып, осы игі бастаманы қолға алды. Мақсат айқын – Қазақстандағы бірегей дала экожүйелерін сақтап, зерттеу және ақбөкен, құлан, керқұлан сияқты негізгі түрлерді қалпына келтіріп, кө­бейту.