Жануарлар • 06 Наурыз, 2024

Ел елікті аяп отыр

92 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоңыр күздің соңында Көкшенің ойы мен қырына иен даланың ерке аңы – елік толып кетті. Қыс түсе елді мекендерге кіре бастады. Көктем шыға елік атаулы кәдімгідей өткір мәселеге айналуы да мүмкін.

Ел елікті аяп отыр

Аң жайын білетін адам­дардың айтуына қарағанда, түп төркіні, сүрлеу ізі Сібір­ден бастау алатын тәрізді. Ит тұмсығы өтпейтін Сібір орман­дарынан үдере көшкен деген жорамал айтылады. Бәлкім ол жақта да Арқадағы секілді қыс қабағын түйіп тұр ма екен, кім білсін?! Әй­теуір, бұрын-соңды кездесе қоймаған табиғаттың таңғажайып құбылысы. Әуелі әлеуметтік желілерде Жақ­­сының жалпақ даласынан, Сандықтаудың сілем­дерінен түсірілді деген бей­небаян қаптап кетті. Өзі­міз де көрдік. Табын-табы­нымен жүр. Адамды оқ жетер жерге жақындатпаса да, үркіп, үдере қаша қоймайды. Қазір облыс орталығынан таяқтастам жердегі Өзен ауы­­лының маңында үш мың­ға жуық елік қыстап қал­­ған. Бұл бір ғана мысал, өзге өңір­­лер­дегі елікті сана­ған ешкім жоқ.

Биыл жалпақ далада жан сақтау қиын. Қыстың басын жауын жауған. Сынықсүйем болып қатты. Көк мұздың үстіне кереқарыс қар түсті. Іле даланың дидары жіпсіп, оған сулы қар қосылып, қайта қатты. Болат тұяқты деп мақ­тағанымызбен жыл­қы екеш жылқы да жұрт жылғы сынаққа шыдамайды екен. Тай-жабағы былай тұрсын, сіңірлі құтпан айғыр, кебеже қарын бие де тебінге жарамай қалды. Алақандай жерге бар жылқы үймелеп, олардың аузынан қалған үш тал қау шөпке мыңдаған елік ортақтасқан соң ауыл-аймақтағы малсақ қауым дала көркі – елікке өкпесі қара қазандай болып отыр. Атарға оғы жоқ. Біреу киесінен, біреу айып пұлын салатын иесінен қаймығады.

– Бұл дала қандай бей­нет көрмеді, белі қайысқа­нымен, үзілген жоқ, – дейді ел аға­сы Есенбай Кәрібаев, – диқандарға обал болады-ау. Ертең жер бетіне өзімен бірге бар бейнетті ала шы­ға­тын егін көктеген кезде тәмам елік жосылып, егіс­тік­тің үстінен екі-үш рет өтсе, еңбегі еш, тұздары сор болмай ма?

Шынында да кейінгі жыл­дары ауа райының қолай­сыздығынан жарытып өнім ала алмай отырған ауыл ша­­руашылығы құрылым­дары­ның бесбатпан бейнетін енді елік еселейін деп тұр ма, қалай?

– Омбы, Түмен маңын­дағы әріптестеріміз Қазақ­станнан қыруар елік ауып келді деп отыр, – дей­ді облыстық орман ша­руа­шы­лығы және жануарлар әлемі аумақтық инс­пек­­циясының басшысы Ла­шынтай Дүй­сенов, – бұрын-соңды кездесе қоймаған табиғаттың жұмбақ бір құ­былысы. Бәлкім жер ая­ғы кеңіген соң өздерінің ба­йырғы өрісіне, үйренген жеріне ауып кетер деп үміт­теніп отырмыз. Елікке еріп, қасқыр да келіпті деген қауесет желдей еседі. Таяуда әлеу­меттік желіде Зеренді ауда­нының Викторовка ауы­­лынан түсірілген бей­не­­баян көрсетілді. Іле біз­дің қызметкерлер із кескен. Жал­ған ақпарат болып шық­ты. Ал еліктің көбейгені рас.

Көк шыға көшер деген үміт қана. Көшпей қалса ше? Ауыл-аймақтағы мал­сақ қауым азын-аулақ малына жайылым таба алмай отыр. Ал сары далада са­ғымдай ескен ер­кін, азат аң ай­да­ғаныңа жү­ретін, айтқаныңа көнетін сы­нықмүйіз қара сиырың емес қой. Оған қалай ие болармыз?

 

Ақмола облысы