Өнер • 06 Наурыз, 2024

Көкшедегі көркем мереке

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көгілдір Көкшеге көктем лебі жетті. Зәу биіктен себезгілей құйылған шуақпен мерекеге орай көкіректерде бүр жарған аялы сезім астасып, төрткүл төңіректің бәрі жадырай жайнап кеткендей.

Көкшедегі көркем мереке

Облыс орталығындағы Достық үйінде өткізілген «Шуақ шашқан мереке» атты концерттік бағдарлама өзінің мән-маңызымен көрермен көңілін баурап, сан санаға ой салғандай. Қо­ғамдық келісім мекемесінің басшысы Ермек Нұғыман нәзік жандылардың бүгінгі қоғамдағы өзіндік орны туралы тереңнен толғай айтып берді. Әр отбасының алтын діңгегіне айналып отырған асыл аналардың төл мере­кесі көңілдерді көктем етер ән-жыр­сыз өткізілмейтіндігі белгілі. Бұл күні қыз-келіншектерге алаулаған құ­­шақ-құшақ гүл сыйланып, жүрек жа­ды­ратар құттықтау сөздер айтылды. Ең бастысы, мерекелік ша­раға жиналғандар ондаған ұлттар мен ұлыстардың өкілдері еді. Олардың бір-біріне деген ақжарма сөзінен-ақ сүттей ұйыған татулық пен бекем бірлікті айқын аңғаруға болады. Облыстық славян, орыс және ка­зак ұйымдары қауымдастығының төр­ағасы Геннадий Осиненконың да құттықтау сөзі көпке ой салғандай. Ол өз сөзінде ұлы өнердің ұлттар мен ұлыс­тар арасындағы достықтың алтын арқауын бекіте түсетін күш екендігін айтып берді.

Этномәдени орталықтардың өнер­паздары әр тілде әсем әндерін орын­дап, мың бұралған билерін жиналған қауымның назарына ұсынды. Әр тілде ай­тылғанымен, мазмұн-мағынасы жарқын дүниенің жарастығын бірге бөлісіп, ел тарихын бірге өрісіп жату­дың өзі бір бақыт екендігін мең­зеп тұрғандай. Қыс бойы қабағы түк­сиіп тұратын Көкше аспаны дәл осы күні жадырап, бауырындағы тағ­дыр табыстырған тәмам жұрттың қуанышына өз шаттығын еселеп, көңіл тостағанын шүпілдете толтырып тұрғандай еді.

Татулыққа, бір-бірін ұға білгенге не жетсін, шіркін!

 

Көкшетау