Еңбек • 08 Наурыз, 2024

Мұнара кранының шебері

124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жұмыстан шаршадым» дейтіндер мұнара кранға өрмелеп бара жатқан кейуананың жұмысын көрсе ғой дедім. Алпыстың бесіне келген Райгүл Ахметова әлдеқашан зейнетке шыққанымен, қабат-қабат үй көтеріп, кранның ұшар басында жүр. «Жетпіске дейін мұнара краннан түспеймін», дейді өзі жылы жымиып.

Мұнара кранының шебері

Суретті түсірген – автор

Мұнара кранның биігіне қарасаң, малақайың сыпырылып түсетіндей. Сонау көктен жерді шолып отыратын краншы қыз-келіншектердің жүрегі неткен мықты еді. Неге екенін қайдам, мұндай кранда жұмыс істейтіндердің көбі – әйелдер. Райгүл Ахметова да 1982 жылдан бері кранның тізгінінде келе жатыр. Тәжірибелі краншы түстеніп алған соң, жұмыс орнына қарай беттеді. Қарбаласа құрылыс жүріп жатқан жердегі нәзік жанның жұмысын жанымызбен түсініп, санамызбен сезініп көрсек деген ниетте қыран қанатындағы кранның кабинасына бірге көтерілдік. Тік баспалдақ. Жабық жақтау жоқ. Алаң ашық. Әр қадамды аңдап басу керек. Алпыстан асқан ақ жаулықты ана ширақ қимылдап, жоғарыға көтеріліп барады. Ілесіп келе жатып, ортан беліне жете бере төмен қарап едім, жүрек шайлығып кетті. Ерсілі-қарсылы ағылған техникалар ойыншықтай-ақ. Мұндай биікке акрофобиясы бар, яғни биіктен қорқатын адамдардың шыға алмасы анық. Биіктен қорқатындар ғана емес, физикалық жағынан да мықтылық керек. Ал Райгүл Ахметова бұл кранға күніне екі шығып, екі түседі. Кейде ғана ас-суын бірге алып шығады. Ол күні таңғы сегізде шығып, жерге кеш қайта бірақ түсер еді.

Ентігіп, кабинаға жеткенімде кран басын жел шайқап тұр. Аядай ғана кабина терезесінен қарасаң, құрылыс алаңы алақандағыдай. Кейіпкеріміз аяқтың астындағы пешін қосты, шәугімін қайнатты.

– Жұмысым осы. Төмендегі жүрген балалардың бәрі қазақтар. Жаным ашып, ауыр көтерткім келмейді оларға. Жүктерін кранның тұмсығы жеткен жеріне дейін жеткізіп беруге тырысамын, – деп жұмыс орнына жайғасты Р.Ахметова.

Күн көзіне қаратып қойған кранын құрылыс алаңына қарай бұрып, арматура темірлерді ілді. 360 градусқа айналатын кран басты да айналдырып жіберетіндей. Оның үстіне жел кәдімгідей тербейді. Айтуынша, күн райы бұзылып, дауылдатып кетсе, жүк көтермей күтеді. Желдің жылдамдығын өлшеп отыратын арнайы құрылғы да бар. Алайда кез келген мұнара кранның құлағында ойнайтын Райгүл Ахметова үшін мұның бәрі үйреншікті.

– Марқакөлдің тумасымын. Кеңес өкіметі тұсында Өскеменде кранның оқуында оқыдым. Практикаға өз ауылым Марқакөлге жіберді. Сол жақта кранға алғаш шығып, жұмысқа кірісіп кеттім. Қазіргі аудан орталығындағы қаңырап тұрған қос қабатты үйлерді көтерген кезде кранда істеген едім. Кейін Алматыға көштім. Ол жақта 25 қабатты үйлерге дейін көтердік. Арада он жылдай жұмыс істемедім. Өскеменге қайта көшіп келіп, баяғы жұмысыма қайта кірістім. Мұнда 16-17 қабатты үйлердің құрылысын жүргіздік. Өзіме жұмысым ұнайды. Құдай денсаулық берсе, жетпіс жасқа дейін істей бергім келеді, – дейді краншы.

Жүзінен шуақ шашып тұрған Райгүл Ахметова сұхбат соңында Өскемен көгінен барлық Қазақстанның ақ жаулықты аналарын, данагөй әжелерін, бұрымды аруларын 8 нау­рыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Жылы лебізін білдірді. Кейіпкеріміздің жайдары мінезіне қарасақ, бар ғұмырын кранға, құрылысқа арнайтын сияқты. 1982 жылдан бері есептесек, қырық жылдан астам уақыты құрылыс алаңында өткен. Зейнеткерлікке шыққанымен, краннан түскісі жоқ. Екіншіден, мұндай жұмысқа қызығушылығы ауған жастар да санаулы. Күндердің күні кейінгі толқын да мұнара кранға өрмелеп бара жататын шығар. Бірақ олардың ішінде бойжеткендер бола ма, кім білсін!

 

Өскемен