Сұхбат • 08 Наурыз, 2024

«Мақсатым – ұшу шеберлігін шыңдау»

202 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өжеттігі, алғырлығымен аса жауапты әрі қиын істерді меңгерген қайсар қыздардың бірі – көк жүзінде ұшақты шебер қалқытып, штурвалда еркін оты­ра­тын Аяжан Байдүйсенова. Ол – Азаматтық авиация саласындағы санаулы жас ұшқыштардың бірі. Бүгінде 22 жастағы бойжеткен отандық әуе компаниялардың бірінде жұмыс істейді. Мерекеге орай қанатты арумен арнайы жүздесіп, сұхбат құрған едік.

«Мақсатым – ұшу шеберлігін шыңдау»

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Аяжан, ұшқыш мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?

– Бала кезімде сурет салғанды ұнататынмын. Ақ парақты шимайлап отырып, қиялға ерік беріп, әлемді шарлайтынмын. Кейін мектеппен қоштасатын сәт жақындап, мамандық таңдауға кірістік. Әкем әскери адам. Бірақ мені бұл салаға баруға үгіттемеді. Анам да шешім қабылдауыма ерік берді. Ойлана келе, нағашы ағаммен ақылдастым. Ол бірден Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына бағыттады. Интернеттен деректерін зерделедім. Сөйтіп, қызығушылығым оянып, Хиуаз Доспанованың ізін жалғап, ұшқыш боламын деген байламға келдім. Күні-түні міндетті сынақтарына дайындалдым. Іштегі уайым мен қажырлы еңбек көзде­ген мақсатқа жеткізді. Мен Ақмола облысының Ерейментау қаласында дүниеге келгенмін. Бастауыш сыныптарды сол өңірде оқып, жоғары сыныпты Астанада аяқтадым. Сары­арқаның төрінде мемлекеттік грантты жеңіп алып, Алатау бөктері Алматыдан бір-ақ шықтым.

апр

– Оқу үдерісіне тоқталсақ. Тәжіри­белеріңіз қайда, қалай өтеді?

– Бастапқыда оқу бағдарламасы жеңіл көрінетін, кейін мамандық бо­йынша пәндер қосылып, сәл қиындады. Бір қызығы, топта жалғыз қыз болдым. Соған қарамастан ұлдармен иық тіресе, бір деңгейде оқып, емтихан тапсырдым. Оқуға қазақ тілінде тапсырғанымызбен, сабақты орыс және ағылшын тілдерінде жалғастырдық. Тәжірибеміз 2-курстың соңында басталған. Алғаш ұшуды Тараз қаласында үйрендік. Қызық осы жерден басталды. Тренажерге отырған кезде ұшақта қандай қимыл-қозғалыс болатынын толықтай сезіндік. Көтерілгені, құлдилағаны, бұрылғанын – бәрін шынайы өмірдегідей бастан кештік. Қалай ұштың, қайда бұрылдың, қандай жылдамдықта жүрдің, биіктігің қанша – осының бәрін карта есептеп береді. Сол бойынша қандай қателік кетті, соны түзетуге жұмылдық. Осылайша, практика мен теорияны ұштастырып, академия қабырғасындағы 5 жыл зу етіп өте шықты.

– Отандық әуе компаниясына­ ең жас ұшқыш болып қалай орна­ла­стыңыз? Алғаш ұшақ­ты басқар­­ған­дағы сезімі­ңіз­бен бөліс­сеңіз.

– Ұшқыштарға кәсіби талапты көбірек қояды. Арнайы лицензия болуы қажет. Оны біз академияда оқып жүріп алдық. Кейін жан-жақты меди­ци­налық тексерістен өттік. Денсау­лығыңызды кәдімгідей сканерлеп, лупамен қарағандай тексереді. Одан қалды психологиялық тест тапсырамыз. Бұған қоса авиациялық ағылшын тілін меңгергеніңіз жөнінде сертификат болуы маңызды. Ең төменгі деңгей – 4. Жарамдылық мерзімі – үш жыл. Бесінші деңгей – алты жылға, алтыншы – өмір бойына беріледі. Менде қазір 5-деңгей. Өзге де критерийлерден мүдірмей өттім. Осылайша, екінші ұшқыш болып жұмысқа сәтті қабылдандым. Оқуды бітірген соң бірден ұшаққа отыра салу мүмкін емес. Ұзақ жұмыс істеу керек. Оқып, түк шығара алмауың ықтимал. Ең бастысы – ыждағат, еңбек пен техникалық бейімділік. Мысалы, кейбіреулер қанша тырысса да, көлік айдаудың шебері атана алмайды ғой. Ұшқыш үшін денсаулық та маңызды. Өйткені күн сайын ұшудан денсаулығың жақсармайды. Қанша мықты денсаулық болса да, сыр беруі мүмкін.

Бұған қоса ұшақ штурвалында тұру – үлкен жауапкершілік. Кабинетте отыру – бір басқа. Оқығаныңды қайтарып алып, түзеп, өңдеуге болады. Ал мұнда жұмысты қазір, бір мәрте және дұрыс істеу керек. Қайта жөндеуге мүмкіндік берілмейді. Сондықтан әуе компаниясы әуелі қызметкерін ұшақты толық зерттеп, танысу үшін 1 айға Аустрияға жібереді. Ол жақта 2 апта теория, 2 апта іс тәжірибесі болады. Жалпы, әр ұшқыш жарты жыл сайын шетелден тәжірибеден өтеді. Өзге елде жүріп, апатты жағдайда не істеу қажет, яғни білім-білігімізді үнемі шыңдап отырамыз. Алғаш рет ұшақты жүргізгенімде бойымды қуаныш сезімі кернеді. Қобалжу мүлде болмады. Көкпен танысу мақсатында 30 минут әуеде қалықтадым. Барлығын инструктор жасады. Мен тек қарап отырдым. Мұны визуалдық ұшу дейді. Жан-жағыңыздағы өзен-көлдерді, әуе жолын жаттап алу керек. Қазір енді айына 80 сағат әуеде қалықтаймыз. Бізге қарапайым жұмысшылар секілді таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін деп бекітілген уақыт жоқ. Әр ұшқыш өз кестесі бойынша жүреді. Екі айлық еңбек демалысы да беріледі.

– Бойжеткендердің осы салаға қы­зы­ғу­шылығы қандай? Жалпы, авиа­­ция саласына келуге қыздарға кедер­гі­лер бар ма?

– Мен тапсырған тұста 6 қыз ғана болған. Бірақ оқуды соңына дейін аяқтап, диплом алған үшеуміз, ал қызметін авиациямен байланыстырған тек екеуміз ғана. Бірақ бүгінде салаға қызығушылық танытқан, оқуын соңына дейін жеткізіп, қанаттылар қатарына қосылған арулар саны жыл сайын өсіп келеді. Меніңше, бұл мамандық туралы көпшілігі білгенімен, қолжетімді екенін бірі білсе, бірі білмес. Тек арманның жетегінде кетіп жатқандары қаншама. Әрі қарай жұмысқа орналасудағы қиындықтары бар деп те іркіліп қалады. Алайда ұшқыштың біліктілігі талапқа сай болса, оны жұмысқа алудан ешкім бас тартпайды. Менен де кейде: «Сіз қиындықтарға кезіктіңіз бе?» деп сұрайды, кейбіреулер: «Мен қиындықтарға қарсы күресіп, жеңіске жеттім», деп жатады. Мен ештеңе айта алмаймын. Өйткені ешкім бәрін дайындап әкеліп, аузыңа тоспайды. Әкелуге міндетті де емес! Айналаңдағылармен арпа­лысып, күресудің де қажеті жоқ. Тек өзіңнің кемшіліктеріңді үнемі түзеп, біліктілігіңді әрдайым арттырып отыруың керек. Біреуді айыптау – мәсе­ле­нің шешімі емес. Егер жұмысқа алмаса, оның өзге де себептері бар шығар.

– Әуеде қандай қиындықпен кез­дес­тіңіз?

– Ұшатын кезімізде алдын ала дайындық болады. Бағыт бо­йын­ша­­ штурмандық бақылау жасаймыз, есеп­­тейміз. Жанармай қанша уақытта жетеді? Осы секілді сұрақтар аз емес. Одан кейін медициналық бақылаудан өтеміз. Кейін брифинг болады. Ол жерде ұшып барып-келетін жолымызда қандай ауа райы тосып тұрғанын, ауа қысымын талқылаймыз. Өзімізге қолайлы ауа райы болса ұшып кетеміз. Ең маңыздысы – күрделі әуе кемесін меңгеруге қабілетінің болуы. Кез келген келеңсіз жағдай болғанда, адамның ойлау қабілеті рөл атқарады. Сондықтан әйел мен ер деп бөлуге болмайды. Мұндағы ең қиын нәрсе – техниканы меңгеріп кету. Тікелей төнген шұғыл апатты жағдайларға түсіп көрген жоқпын. Бірақ әр сәтіміз аса жауапты. Әрі кейінгі Халықаралық азаматтық авиа­ция ұйы­мы­ның (ICAO) аудитіне сай Қазақстандағы ұшу қауіп­­сіздігінің деңгейі 82% болды. Демек еліміздегі азаматтық авиация желілеріндегі қауіпсіздік деңгейі дамыған Еуропа елдерінің көрсеткішімен тең келеді.

– Жұмысыңыздағы ендігі мақсат, меже қандай?

– Жұмысым ішкі тәртіпті қажет етеді, жалқаулануға болмайды. Жауап­кер­шілігі мол болған соң зейініңді жоғалтып алмау керек. Ұшқыштың өмірі – кадеттің өмірі, зейнетке шыққанша білім аласың. Компанияға тиісті ұшу уақыты (ұшақ штурвалында өткізген уақыт) мен лицензиясы бар азаматтарды да қабылдайды. Алайда бұл жағдайда компания стандарттарына сай келуі үшін ұшу қабілеті мен теориялық білімін көрсете алуы керек. Сондықтан алдағы уақытта магистратураға түсуді жоспарлап отырмын. Басты мақсатым – ұшуды әркез шыңдап, капитан шеніне өту.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»