Әйел әлемі • 07 Наурыз, 2024

Ым тілі жүйесін жасаған маман

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұрзада Амангелді – ІТ маманы, PhD, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін бірегей жоба дайындаған ғалым. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде сабақ беріп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өзекті тақырыпты таңдауы халыққа пайдалы іс болсын деген ниетінен туғанын айтады.

Ым тілі жүйесін жасаған маман

– 2019 жылы докторантураға түстім, сонда кафедра тарапынан жетекшілер мен тақырыптары ұсынылады. Сол кезде елімізде осы мәселемен айналысып жүрген Сәуле Әлжанқызын жетекші ретінде таңдап, ым тілін тануға арналған әдістерді зерттеуге кірістім. Әр жұмыстың нәтижесі де түпкі ниетке байланысты екені белгілі, қазіргі таңда команда құрып, алдағы үлкен мақсатқа бет алдық. Жүйе болашақта ым әліпбиін, ым тілін білетін сурдо­­аудармашыларды даярлай алады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымдарға қа­жет. Бүгінгі таңда біз мобильді қосымша жасау­ға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобамның нәтижесінде ерекше қажеттілігі бар жандар мектепте ыңғайлы, еш кедергісіз оқуға, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуға, сондай-ақ еркін сөйлесуге мүмкіндік алады. Осы тақырыпты түбіне дейін зерттеп, өз үлесімді қосу – азаматтық борышым, дейді Нұрзада.

Кейіпкеріміздің ғылыми жобасы жасанды интеллектіге негізделіп, сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған. Жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген, дәл осы бағыты аталған жүйенің басты бірегейлігі, артықшылығы болып тұр. Жүйені әзірлеу барысында автор бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған екен. Ғалым оларды көрсетілу күрделілігіне сәйкес топтарға бөліп, әрқайсысы үшін жасанды нейронды желі моделін әзірлеген.

– Ғылыми зерттеуді қолдау мақсатында университет тарапынан JANA ASU ішкі грантымен 2022, 2023 жылы екі рет қаржы­ландырылды. 2023 жылы желтоқсан айын­да Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі қолдауымен Әлемдік банктен қаржылай қолдау алдық, соның нәтижесінде жұмыс тобы құрылып, жабдықтар алынып жатыр. Аталған грант бір жылға ғана беріледі, жыл ішінде көлемді жұмысты соңына дейін жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Ғылым қоры жариялаған конкурсқа биыл тағы өтініш жібердік. Былтыр өтпей қалған едік. Осындай инновациялық жобалар мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болғандық­тан, біз де қатысуға мүдделіміз. «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президентімен кездесуде балаларды оқытуға қатысты түйінді мәселенің барын білдім. Қазақша және басқа тілдерде ымдау тілін үйретуге арналған зияткерлік тренажеріміз есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек көрсететін қажеттілік болып тұр. Мұндай оқыту жүйесі балаларға ымдау тілін және қоршаған ортада қарым-қатынас жасауды үйренуге мүмкіндік беретін тиімді қарым-қатынас құрал­да­рымен қамтамасыз ете алады. АҚШ пен Қа­зақ­станның ғалымдар тобы біздің елдегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін білім беру және оған қолжетімділік саласында бірқатар зерттеуді бастады. Біздің бірлескен жұмысымыз елімізде ғана емес, Орталық Азияда пайдалы болатын үлкен ғылыми жобаға айналады деп сенеміз, – деді ғалым Н.Амангелді.

Осы жасап шыққан жүйесі, яғни ғылыми еңбегі докторлық диссертациясына да арқау болған. Диссертациялық кеңес оның еңбегін өте жоғары, халықаралық деңгейдегі жұмыс ретінде бағалаған. Бірақ кейіпкеріміз түпкі мақсатына жетпейінше тоқтамайтынын жеткізді. Н.Амангелдінің көздегені – бастаған ісін аяқ­сыз қалдырмай, өнімін мұқтаж тұты­нушыға жет­кізу. Біз оның бұл шешімінен қайсар­лық пен табан­дылықты байқадық.