Әйел әлемі • 07 Наурыз, 2024

Өсімдік сүтінің авторы

126 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Гүлназым Оспанқұлова – биология ғылымдары­ның кандидаты, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, өсімдік сүтін ойлап тапқан ғалым.

Өсімдік сүтінің авторы

Кейіпкерімізге өсімдік сүтін өндіру идеясы америка­лық химик, ғылым докторы Темур Юнусовпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде келген екен.

– Т.Юнусовтың АҚШ-тағы технологияларды коммерцияландыру саласындағы үздік тәжірибесі осы жобаны елімізде іске қосуға түрткі болды. Лактозаға және жануарлар ақуыздарына аллергиясы бар адамдар қатары кейінгі кезде көбейіп барады. Осыған қоса шетелдік өнімге  100% тәуелділікті, сүтке балама өнімдерге сұраныстың, вегетариандық, дұрыс тамақтануды ұстанатындардың артуын, сондай-ақ отандық шикізат нарығын ескере отырып, зерттеулерімізді бастадық. 2017-2018 жылдары бастамашыл зерттеулер жүргіздік, сол зерттеулеріміз болашақтағы Ғылым қоры қаржыландырған «Өсімдік шикізаты негізінде сиыр сүтін алмастырғыштар өндірісін жолға қою» атты коммерцияландыру жобасының негізі болды. Осы жылдың соңына қарай өнімдердің бірінші партиясын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл бидай, сұлы, күріш және өсімдік сүтінің басқа түрлері алынатын сүт ұнтағы болмақ. Мұндай өнімдердің жануар­лар сүтінен айырмашылығы – құрамында, яғни аз мөлшерде қаныққан майға ие, холестериннен толығымен ажыратылған, консервантсыз, адамдардың денсаулығын сақтауға, иммунитетті нығайтуға көмектесетін қоректік заттардың ерекше кешені болуымен байланысты, – дейді Г.Оспанқұлова.

Мәселе жаңа өнімнің әлеуметтік және экономикалық тұрғыда тиімді, яғни нарықта сұранысқа ие болуын­да ғана емес, жануар сүтін ішкеннен аллергиясы қоза­тын адамдарға таптырмас көмек екенінде болып тұр. Мұның бәрі – ғалым Г.Оспанқұлованың үздіксіз ізденісі мен белсенділігінің нәтижесі. Себебі ол гранттық, бағдар­ламалық-нысаналы қаржыландырудың әртүрлі ғылыми жобасына басшы, кеңесші немесе орындаушы ретінде ұдайы қатысады. Оның жетекшілігімен 20-дан аса жоба іске асырылған.

– Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде биология-география факультетінің 3-курс студенті кезімде микроорганизмдердің генетикасы бойынша зерттеумен айналысқан нағыз ғалымдармен (Гаяне Погосян мен Константин Ли) жұмыс істеу бақыты бұйырды. Микроорганизмдермен алғашқы тәжірибе ғы­лым әлемін ашқан тақырып болды, кейін аспирантураға түсуге де итермеледі. Бір жыл ізденуші-зерттеуші болып жұмыс істеген соң, 2001 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетке «Микробиология» мамандығы бойынша аспирантураға түстім. С.Сейфуллин университетінің мәжіліс залындағы ғылыми кеңесте болашақ ғылыми жетекшім Зоря Петровна Карамшукпен алғашқы кезде­суім ­әлі есімде. Зоря Петровна – аты үлкен әріппен жазы­луға тиіс мықты ғалым. З.Карамшук күн сайын дер­лік, таңертеңнен кешке дейін зертханада уақыт өткізіп, мені­мен Петри табақшаларына отырғызылған микроорга­низмдердің нәтижелерін қарап, талқылады. Нәтижесінде, ол кісі менен деректерді талдай алатын, өз ойын дұрыс, нақты жеткізе білетін, болашаққа жоспар құруға қабілетті зерттеушіні шыңдап шығарды, – дейді кейіпкеріміз.

Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін Г.Оспанқұловаға түрлі ғылыми-зерттеу ұйымынан жұмысқа ұсыныс түсе бастады. Соның ішінен таңдап, 2010 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа ауыс­ты. Онда 2011 жылдан бастап өсімдік шаруашылығы өнім­дерін терең қайта өңдеу зертханасын басқарды.

– Ғылымды дамыту бағытындағы қаржыландыру жұмыстары, Ұлттық ғылым академиясын құрудағы мемлекеттің шешімдері көңіл қуантады. Алайда ға­лымдардың жеткіліксіз танылуы, қоғамдағы мәртебесі туралы да айту керек. Меніңше, қоғамның ғалымдарға деген сенімін сақтау, арттыру үшін ғалымдардың ғылыми адалдық пен этика қағидаттарын сақтағаны аса маңызды. Шыны керек, ғылыми этиканы бұзу ғалымдар арасындағы байланысты нығайтуға, қаржыландыруды көбейтуге, ұжымдық жұмыстың тиімділігін арттыруға, қоғамда ғалымдардың еңбегін оң бағалауға кедергісін келтіреді. Ғылыммен айналысқысы келетіндерге қолдау мен тәлімгерліктің болуы үлкен рөл ойнайтынын айтқым келеді. Кезіккен кедергіні жеңу үшін өзіне сенімділік пен табандылық дағдыларын дамыту қажет. Сонымен қатар тәжірибе алмасу, қолдау табу үшін қоғамдастық немесе пікірлес топтар іздегені жөн. Жалпы, әр адам өзіндегі идеяларын белсенді түрде іске асыруға, көшбасшылық рөлдерді қабылдаудан қорықпай, үнемі кәсіби өсуге ұмтылуы керек, – дейді кейіпкеріміз.