Қоғам • 08 Наурыз, 2024

Есімде мән болуы керек

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл қаңтар және ақпан айларында жаңа туған қыз нәрестелерге Медина, Асылым, Айша есімдері жиі қойылыпты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сәннен Айлин, Томирис, Сафия, Амина, Раяна, Аяла, Мәриям сынды аттар да түспепті. Мамандар 2023 жылды 2022 жылмен салыстырғанда осы үздік ондықтың еш өзгермегенін байқаған. Айтулы күнде айрықша нәзік есімдерге үңілдік.

Есімде мән болуы керек

Фото: osken-onir.kz

Дүние есігін ашып, өмір табал­ды­­рығын енді аттаған нәрестеге жа­ра­сымды, айшықты ат беру – бағ­зы­дан келе жатқан үрдіс. Тарих қат­парлары да талай әлеуметтік іс­тер­ді, қоғамдық құбылыстар мен ірі оқиғаларды адам есімімен атап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Ныспы да халық аузындағы аңыз-әфсәна секілді ескіріп әрі жаңарып отырды. «Әсте ұлттық сана-сезімді, ділімізді сақтап, болашаққа жарқын қарау үшін нәрестеге қояр есімге де мән беру керек», дейді этнолог, тарихшы Тұрар Саттарқызы.

– Адамның есімі аталса, қай ұлттың өкілі екенін бірден білеміз. Мәселен, Сергей, Иван десе – славян ұлтының өкілі. Әлбетте, халқымызда араб, парсы тілінен енген есімдер көп. Олар тіпті қазақыланып кеткен. Дегенмен ұлтымыздың болашағын ойласақ, ұлт мүддесін биік қойып, ұрпағымызға қазақша ат қойғанымыз дұрыс. Әр ұлт өзге ұлттардан өзіндік ерекшелігімен, төл тарихымен, ұлттық мәдениетімен дараланып тұруға тиіс. Жаратқанның өзі бізді ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Сондықтан ұрпағымызға мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор, қазақ есімдерін қойған абзал, – дейді этнолог.

Балаға ат қоюға жеңіл-желпі қа­рауға болмайтынын көне көз қа­рия­ларымыз, аға буын айтып-ақ келеді. Бірақ жұрт қиялға ерік беріп, қо­­ғам­дағы түсініксіз үрдіске іле­сіп, Айкүміс, Балқадиша, Баянсұлу, Ботакөздерді Ясина, Хадия, Ағлия, Замилия сынды есімдерге алмастырды. Оған статистикалық деректер де дәлел. Мәселен, ақпан айында Ясина –155, Сафия – 276, Аиша есімдері 140 рет қойылыпты.

– Батыр Бауыржан бабамыз: «Адам­ның аты иттің кличкасы емес, атты абайлап қою керек. Неге десең, адам есімі мен болмысының тылсым байланысы бар екені күмәнсіз, бірақ сыры ашылмаған, құпиясы көп», деген екен. Бүгінде халық ара­сында қазақы пайым-түсінігіміз бен ұлттық ерекшеліктерімізге жат нәрсе белең алып барады. Қазақ болудан арланып, баласына арабша ат қоятындар көбейіп кетті. Иә, бұрында да діни есімдер қойған, бірақ ол есімді арқалаудың жүгі ауыр екенін білген үлкендер тіке атамаған. Айталық, Абай атамыздың шын есімі Ибраһим екені белгілі. Қазір балаларға ат қоюдың ұлттық сипаты жоғалып барады. Қазаққа тән емес, сериалдардың кейіпкерлері, шетелдік жұлдыздардың мағынасы түсініксіз есімдерін қоюға құмар болдық. Жас кезінде әдемі көрі­нер есімнің ертең адам қар­тай­ған кезде қалай оғаш естілетінін ойланайықшы. Мәселен, Жасмин әже, Адель әже деген есімдер адам қартайған кезде қалай естіледі?! Бір кездері сән болған Индира, Эльмира, Эльвира деген апалардың бүгінде есімдерін қазақшалап атап жүргенін көріп жүрміз. Қазақтың әп-әдемі есімдеріне «А, Я» әріптерін жалғап айту да сәнге айналып, қалыптасып бара жатқан сыңайлы. Мәселен, Айнұрымыз Айнура, Жанарымыз Жанара, Әсеміміз Асема, Дәмеліміз Дамеля, Кәмиламыз Камила. Тіпті құжаттарында да осылай жазылып жүр, – дейді Т.Саттарқызы.

Айта кетейік, Скандинавия тү­бегін­дегі Финляндияда балаға есім қоюда қатаң талап сақталуы керек. Құжатқа сәйкес, нәрестеге кей ат­тарды қоюға тыйым салыныпты. Мысалы, Иисус секілді дінге қатысы бар кейіпкерлер не болмаса пайғам­бар­лардың, қандай да бір заттың, бұйымның атауын сәбиге таңуға рұқсат жоқ. Тіпті адамның аты-жөніне қатысты заң бойынша ұл балаларды әйелге, қыздарды ерлерге тән есіммен атауға мүлдем шектеу қойылған. Ал бізде мұның бірі де ескерілмеген.