Осындай жауапты қызметте жүрген криминалистердің бірі, бірегейі - Өскемен қаласы полиция басқармасының жедел криминалистикалық бөлімінің криминалист маманы, полиция капитаны Айнұр Ахметова.
«Міндетім, қылмыскердің қалдырған іздерін, заттай дәлелдемелерін тауып, қылмыс жасады деген күдікті адамды табу», дейді Айнұр Оралбекқызы.
Құқық қорғау саласында азды-көпті қызмет еткен капитан А.Ахметованың қырағылығы мен тәжірибесінің арқасында аз қылмыс ашылған жоқ. Ұрлықты да, тонауды да, қанды қол қылмыскерлерді де әшкереледі.
Криминалист арудың айтуынша, қылмыскер көбінесе есіктен немесе терезеден кіреді. Ондай жағдайда ұнтақ арқылы қолы тиді-ау деген заттардан саусақ ізін алады. Егер қолғаппен кірсе, одорологиялық сараптама жасап, иісін салыстырады. Бұдан басқа да сараптама жұмыстарының түрлері көп секілді.
«Жұмыстың ең ауыры – кісі өліміне бару. Бұл жерде де күдіктіні жедел табуды мақсат етеміз. Сонымен қатар, қандай жағдайда, неден өлгенін анықтау. Мәселен, пышақ жатуы мүмкін, оны зерттейміз. Қанына дейін алып, биологиялық сараптама жүргіземіз», дейді Айнұр Ахметова.
Жер бетіне адам жаратылғалы қылмыстың қатар келе жатқанын жоққа шығара алмаспыз. Былайғы жұртқа қала іші тып-тыныш болып көрінгенімен, құқық қорғау саласының қызметкерлері оқыс оқиға ортасында жүреді. Жуықта дәмханалардың бірінде қала тұрғынының қалта телефоны жоғалып, оқиға орнына жеткен полицейлер адамдардың бәрін тысқа шығарған. Ғимарат ішінде тексеру жүргізіліп жатқан сәтте Айнұр Ахметова әдеттегідей жан-жағын фотоға түсіреді. Түсіре жүріп, әжетханаға кіреді. Кірсе, қалта телефонын ұрлаған күдікті қарсы алдында тұрған екен. Иә, кейде қылмыс сол сәтте-ақ ашылып жатса, енді бірде жылдар бойы дәлелдің ұшын табу қиынға соғып жатады. Қандай қиындық болса да қызметіне адал Айнұрдай арулар көп болсын дейміз.