Күрес • 11 Наурыз, 2024

Түркия мен Болгариядағы белдесу

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Түркияның Анталья қаласында ХХ ғасырдың бел ортасында атой салған атақты балуан, еркін күрестен Олимпиада мен әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, грек-рим күресінен құрлық біріншілігінде топ жарған Яшар Доғудың мемориалы өтіп жатыр.

Түркия мен Болгариядағы белдесу

Әйелдер күресінен өткен жарыстың алғашқы күні қор­жынымызға екі жүлде түсті. 76 кг салмақтағы Елмира Сызды­қова ақтық сынға алқынбай жеткенімен, шешуші тұста қыр­ғыз Айпері Медетқызына жол берді. 57 кг салмақта белдескен Эмма Тисина қола ме­дальды иеленді. Келесі тәу­лікте Ирина Кузнецова (62 кг) финалға шығып, Айсұлу Ты­ны­бековамен күш сынасты. Бірақ Қырғызстанның атақты балуанына отандасымыздың әлі жетпеді. Ал Гүлмира Бекеш (59 кг), Елена Шалыгина (68 кг) және Шәмшібаяну Тастанбек (72 кг) үшінші орынға табан тіреді. Нәтижесінде 133 ұпай­ды еншілеген  Қазақстан құ­рамасы жалпы командалық есепте үшінші сатыға жайғасты. Алдымызда – Жапония (135 ұпай) мен Моңғолия (133 ұпай).

Бұрымдылардан кейін грек-рим күресі шеберлері боз кі­лемге шықты. Бұл жарыста қос қоланы қанжығаға байладық. Оның иегерлері – Мейрамбек Айнағұлов (60 кг) пен Темір­лан Шадукаев (77 кг). Сөз орайы келгенде, Мейрамбекті бас жүл­де үшін таласу мүмкіндігі­нен айырған қырғыздың тағы бір белді балуаны Жоламан Шаршенбеков екенін де айта кетуге тиіспіз.

Кеше Антальяда еркін кү­рестен бәсекелер бас­талды. 97 кг салмақта күрескен Ризабек Айтмұхан тек былтырғы жыл­ғы әлем чемпионы Ахмед Тад­жудиновтан ұтылып, қола медальды қанағат тұтты. 

Ал Болгарияның бас ша­һары – Софияда Дан Колов пен Никола Петровтың мемо­риалы өтуде. Аталған жарыс­та Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері тамаша өнер көрсетті. Қазірдің өзінде қор­жы­нымызда төрт жүлде бар. Тар­қатып айтсақ, 72 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Әділ­хан Сатаевтың қарқынына ешкім шыдамады. Финалда ол Олимпиада және әлем чемпио­ны, ирандық Мұхамедреза Гераиды «тушемен» ұтты. 55 кг салмақта Марлан Мұқашев бас жүлдені олжалады. 63 кг салмақта Диас Әскербай дара шықса, Мұхамедәлі Мамырбек қолаға қол созды. Үшінші орын үшін сайыста Мұхамедәлі әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, екі дүркін Еуропа чемпионы, болгариялық Эдмонд На­заряннан басым түсті.