Спорт • 10 Наурыз, 2024

Жарыс күнделігі

28 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәскеуде шахматтан «Аэрофлот Опен – 2024» турнирі өтіп, оған әлемнің бір­қатар мемлекеттен келген 500-ден аса ойыншы қатысты. Аталған жарыс Қазақ­станның дарынды шахматшысы Бибісара Асаубаеваның айқын жеңісімен аяқтал­ды. Өзге шахматшыларымыз мынадай орындарды иеленді: Қазбек Нөгербек – 18, Даниал Сәпенов – 21, Рамазан Жалмаханов – 38 орын және Әлішер Сүлейменов – 56-орын.

Жарыс күнделігі
  • Ресейдің «Наше дело» промоутерлік компаниясы Санкт-Петербургте жекпе-жектің бірнеше түрінен дүбірлі дода ұйымдастырды. Нева жағалауындағы жарыстың басты бәсекесінде Орынбордың қазағы Дамир Исмағұлов пен Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүрген армян спортшысы Эдуард Вартанян күш сынас­ты. Кикбокстің ереже­сі бойынша өткен кездесуде екеуі де аянбай айқасты. Бірақ төрешілердің бүйрегі Эдуардқа бұрды. Үшінші раундта олар Исмағұловқа нокдаун белгіледі. Дамир өз наразылығын білдірді. Бірақ қазылар оған құлақ аспады. Ақыры Вартанян басым түсті. Жеңістің қызуы басылмай тұрып Ресей файтері Дамир Исмағұловты ММА ережесі бойынша күш сынасуға шақырды. Егер реті келсе, бұл жекпе-жектің Қазақстанда өтуі де мүмкін екені айтылды.
  • Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары мынадай нәтижелермен аяқталды: «Жетісу» – «Астана» 0:2, «Қайсар» – «Қызылжар» 0:3, «Атырау» – «Ордабасы» 1:1, «Тобыл» – «Елімай» 4:2, «Жеңіс» – «Шахтер» 1:0, «Тұран» – «Қайрат» 0:0. Екі кездесуден кейін 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізген «Тобыл» мен «Астана» жарыс кестесінде көш бастап келеді. «Ордабасы» мен «Қайраттың» олардан екі ұпайы кем.
  • Теннистен Қазақстан құрамасы­ның капитаны Ярослава Шведова өз қыз­метінен кетіп, оның орнына Юрий Щукин таға­йын­далды. 44 жастағы маман 2008-2014 жылдар аралығында ұлт­тық командамыз­дың сапында өнер көрсетті. Ролан Гаррос пен Аустралияның ашық біріншілігінде ойнап, АТР рейтингін­де 119 орынға дейін көтерілді. Кейінгі кез­дері Щукин Шведованың көмекшісі болды.
  • Сауд Арабиясының астанасы – Эр-Рияд­та кәсіпқой бокс кеші өтті. Басты бәсекеде аса ауыр салмақта айқасатын франциялық Франсис Нганну мен ұлыбританиялық Энтони Джошуа жұдырықтасты. Алғаш­қысы – аралас жекпе-жектің хас шебері, UFC-дің экс-чемпионы. Екіншісі – бокстан Олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы. Бұл айқаста Джошуа Нганнуды екінші раундта нокаутқа жіберді.
  • Футболдан Қазақстанның жасөспірім­­дер құрамасының (U-15) аға жаттықтыру­шы­сы болып 64 жастағы ағылшын мама­­ны Стюарт Халл тағайындалды. Ол әр жылдары өз елінде, Үндістан, Сент-Винсент пен Гренадин, Занзибар, Танзания, Руанда, Ке­ния, Бангладеш, Эфиопия және Филиппинде еңбек етті. Сонымен қатар, Халл еліміз­дегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған «High Performance» бағ­дарламасына жетекшілік етеді.