Театр • 10 Наурыз, 2024

«Арена» – ақиқат айнасы

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сахна төріндегі портретті көргенде-ақ, ұлт мүддесіне қатысты бір шындық айтылады-ау­ деп топшылағанбыз. Айтқанымыздай, облыстық драма театрында қойылған «Арена» спек­­так­­лінен көрермен ащы да болса ақиқатты, ақ пен қараны көрді, әркім өзінше ой түйді.

«Арена» – ақиқат айнасы

Жаңадан құрылған «Асылтас» театры­ның «Арена» қойылымы бұған дейін Алма­ты­да, Семейде және Ақсуат ауылында шы­мыл­дығын түрген еді. Белгілі меценат Дулат Тастекеевтің қолдауымен құрылған өнер ордасы гастрольдік сапармен бүгін Өске­менге жеткен. Драма авторы – белгілі ақын Бақыт Беделхан болса, оны сахнаға лайықтап алып шыққан режиссер – Елік Нұрсұлтан.

Қойылымның құрметті қонағы ретінде келген «Түрксой» түркі мемлекеттері Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, меценат Дулат Тастекеевтің құттықтау сөз­дерінен соң көрермен ду қол соқты, сахна­ шымылдығы ашылды. Ортаға шырттай киінген қара мұртты, бұйра шашты жігіт қалбалақтай шығып, бастық келе жатқанын әмбеге хабарлады. Шоқпардай галстук таққан басшының портретін төрге ілді. Сол-ақ екен, шенді-шекпенділердің іркес-тіркес жүретін кортежі іспетті дабылдатып, көк-қызыл шамдарын жарқыратып, әйел-еркегі бар, топтаса кірді. Ортасынан басшылары ерекшеленіп көрініп тұр. Биіктеу тұғырға маңғаздана шығып, сөз сөйледі. Жанындағы жандайшаптары жағымпаздана бас изесіп, «сіздікі дұрыс» дегендей қолпаштады, қолдады. Елдіктен бұрын ақша, билік, мансап туралы әңгіме көбірек айтылды. Айтылған са­йын шибөрідей шулаған шолақ басшылардың жандары кірді. Сол сәтте халық арасынан суырылып шыққандай бүйірдегі есіктен ентелеп кірген ақ киімді Арлан есімді кейіпкердің дауысы төрдегілерді сап тыйды. Ол рөлде белгілі актер Дулыға Ақмолда еді. Шындық, әділдік, ұлт деп сахнаға шыға бергені сол, тапаншаның тарс еткен дауысы көрерменді селк еткізді. Ақ киімді кейіпкер сұлап түсті. Басшының қолшоқпарлары міз баққан жоқ. Сыңсып жылаған да ешкім болмады. Керісінше, сықылықтаған сайқал күлкі естілді. Әділдіктің ақ туы онымен құлап, шындықтың үні өшкен жоқ. Артынша Аққұртқа шықты. Оның да іздегені әділдік, жоқтағаны ұлт мүддесі еді. Онымен бірге жары Абадан да бас көтерді. Алайда «аренадағылар» оларды ортаға тартқысы келді. Алған беттен қайтпайтын Абадан көндіге қоймады. Күнтізбенің қай күні екенін қайдам, әйтеуір ел болып басшының туған күнін тойласты. Ақ тілектер ақтарылды. Тілектен көрі жағымпаздықтың желі есіп тұрды. Ырду-дырду той арасында «Когда весна придет, не знаю. Пройдут дожди... Сойдут снега...» деп ән әуеледі.

Иә, әділдік дауысы шыққан сайын «аренадағылардың» мазасы қашты. Ақыры ебін тауып, Аққұртқаға комақты ақша ұсынып жүріп, Абаданды қатарларына қосты. Абадан «мұнда қайдан тап болдым» деді ме, отандық өнім деп жарнамалаған үш аяқты велосипедті, мақтауы асқан тротуар тастарын көріп, ұяттан өртене жаздады, намыстанды. Бұл жолы да үнсіз қалмады. Басшыға қарсы шықты. Көзбояушылықтан құтылсақ деді. Иә, қарсы шыққанымен, дәрмен жоқ еді. Басшыға ұнамаған соң жандайшаптары жала жауып, темір торға тоғытты, қинады... Төрдегі шенді-шекпенділердің басына аң стиліндегі темір тор киіліп, өз қимылдарына бақылау жасаудан қалды. Бейне бір бәріне арнайы бағдарлама орнатып тастағандай орындарында біркелкі қозғалысты қайталай берген. Соңында сахнаға жеті-сегіз жастағы бала жүгіріп шығып, қай­сына қарарын білмей, аңтарылып қалды. Ол келер ұрпақ деп түсіндік. Келер ұрпаққа бүгінгі біздер не қалдырамыз? Ертеңгі күні адастырып алмаймыз ба? Қойылымның әр элементінде салмақты ой жатыр.

Қойылым авторы Бақыт Беделханның айтуынша, ұлтқа ой салатындай бұл дүние бар-жоғы он бес-ақ күннің ішінде жазылыпты.

– Драманы талдап айтудың қажеті шамалы. Көрермен көріп, көкейге түйіп өзіне керегін ала жатар. Жалпы жұрттың жылы қабылдағанын осыған дейінгі қойылымдарда да көрдік. Жаңа театр мен жаңа қойылым арқылы Рүстем Есдәулет досымыздың рухы­на сәлем сала келдік. Бұл – Рүстемнің маңдай тері төгіліп, бар күш-жігерін салған театры ғой. Сондықтан осы орайда бұл театрға Рүстемнің атын берер уақыт келгенін айтқым келеді. Ол оған лайық деп ойлаймын. Оны өнерсүйер халықтың, жалпы жұрттың қуана қолдайтынына сенемін, – деді ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан.

Айта кетейік, «Асылтас» театрының «Арена» атты тұңғыш қойылымында бас­ты рөлдерде Дулыға Ақмолда, Жанаргүл Жанаманова, Салтанат Бақаева, Жандарбек Садырбаев, Алмас Шаяхмет сынды танымал актерлер ойнады.

 

Өскемен