Медицина • 10 Наурыз, 2024

Қалқанша безді емдеудің жаңа әдісі

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медицинадағы заманауи жетістіктер аса күрделі операциялардың өзін пышақсыз жасауға мүмкіндік беріп отыр. Әлемнің озық елдерінде кеңінен пайдаланылатын тың әдістер кейінгі жылдары елімізде де қолданыла бастады. Күні кеше Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында уытты емес біртүйінді зоб анықталған екі бірдей науқасқа аз инвазивті операция жасалды.

Қалқанша безді емдеудің жаңа әдісі

Қалқанша безді емдеудің бірегей инно­вациялық әдісін жасауға Астана қаласы­нан арнайы келген интервенциялық онкора­диолог Нияз Малаев жетекшілік етті. Бұ­ған дейін мұндай операцияның бірне­ше түрін жасаған білікті маман өз тәжірибе­сімен бөлісіп, институт мамандарына тың тәсілдің артықшылықтары туралы дәріс өткізді.

Операция жасалған науқастардың бірі 47 жастағы түркістандық болса, екіншісі – Жамбыл облысының 43 жастағы тұрғыны. Мамандар қалқанша безінің түйіндік түзі­лімдерін емдеудің айрықша әдісі сәтті өткенін, алдағы уақытта институт қабыр­ғасында мұндай операцияларды жасау қолға алынатынын жеткізді.

«Біздің клиникада терапиялық бейін­дегі пациенттер, соның ішінде қант диабеті, қалқанша безі аурулары және т.б. науқастарға медициналық көмек көрсе­тіледі. Қалқанша бездің қатерсіз түйіндерін емдеудің бірегей, аз инвазивті әдісі – радиожиілікті аблацияны енгізу біздің пациенттерге хирургиялық араласусыз қалқанша безінің түйіндік түзілімдерінен арылуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз Астана қаласының Ұлттық ғылыми медициналық орталығының дәрігері, әріптесіміз Нияз Бейсенұлына қолдау көрсеткені үшін риза­шы­лығымызды білдіреміз», дейді ҒЗИ бас­қар­ма төрағасы Марат Пашимов.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі нау­қасқа да уытты емес бір түйінді зоб диагнозы қойылған. Бұл – функцияның бұзылуынсыз қалқанша бездің қатерсіз патологиясы. Симптомдар түйіннің көлеміне және оның орналасуына байланысты өрбіп, косметикалық ақау, тыныс алу мен жұтудың қиындауы, тамақ ішу кезінде ыңғайсыздық сезіну, дауыстың өзгеруі сияқты қолайсыздықтарды туындатуы мүмкін. Ал жарты сағат ішінде жүзеге асатын инновациялық әдістен кейін науқас дертінен құлан-таза айығады.

«Денсаулықтың адамға берілген үлкен нығмет екенін денемізді дерт дендегенде ғана білетініміз өкінішті. Мұндайда үміт артарымыз – ақжелеңді абзал жандар. Осынау ерекше әдісті жасатуға арнайы Түркістан облысынан келдім. Бәрі сәтті өтіп, көңілім жайланған жағдайы бар. Дәрігерлерге, медбикелерге, маған қолдау білдірген әрбір жанға шын көңілден алғыс айтамын», дейді Ойдин Туреханова.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда қал­қанша бездің қатерсіз түйінді ісіктерін хирургиялық жолмен алып тастауды қамтитын стандартты терапия қолданылған. Қалқанша безді аблациялау процедурасын науқастар жақсы өткереді. Процесс шамамен 30 минутқа созылады. Процедурадан кейін шамалы ауырсынудың пайда болуы қосымша ауырсынуды басуды қажет етпейді. Радиожиілікті аблация қауіпсіз. Бұл әдістің артықшылығы – аз инвазивтілік және процедураның қысқа­мерзімділігі, жақсы терапиялық әсер және асқынулардың болмауы.

«Радиожиілікті аблация – ісік тініне әсер етудің заманауи әдістерінің бірі. Оның мақсаты – ісікті толығымен жою, осы әсердің нәтижесінде қалқанша без түйіндерінің патологиялық жасушалары жойылады, бездің сау тіндері зақымдалмайды. Бұл әдіс – қалқанша безі түйіндерін хирургиялық жолмен алып тастауға тамаша балама», деп атап өтті Нияз Бейсенұлы.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі Лаура Даниярованың айтуынша, науқас хирургиялық араласудан бас тартқан кезде қалқанша безінің қатерсіз түйіндері 3 см-ден асқанда, қысылу белгілері мен эстетикалық проблемалар туындағанда инновациялық әдістің көмегіне жүгінген абзал. Сондай-ақ аталған әдісті құрамында 70%-дан аса кисталық компонент, іргелес органдардың қысылуын тудыратын өсіп келе жатқан түйіндер бар барлық дерлік қатты және аралас қатты кисталық түйін түзілімдеріне жасауға болады. РЖА процедурасының алдында түйіндік түзілім биопсиясы және цитологиялық зерттеу қажет.

Алдағы уақытта ҒЗИ бұл бағытта арнаулы мамандар даярлауды және көрсеткіштер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, қалқанша бездің қатерсіз түзілімдеріне РЖА жүргізуді жоспарлап отыр.

 

АЛМАТЫ