2023 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру секторының барлық негізгі көрсеткіші өсім көрсетті. Сонымен қатар капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштерінің айтарлықтай беріктік қоры қалыптасқан.
2024 жылдың басында сақтандыру ұйымдарының активі 2,49 трлн теңгені құрап, бір жылда 20,7%-ға ұлғайды. Міндеттемелер 1,59 трлн теңгеге дейін көбейді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 23,2%-ға артық. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1 трлн теңгеге жетті. 2023 жылы сақтандыру төлемдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 43,7%-ға артып, 274 млрд теңгені құраған.
Тәуекелдерді сапалық және сандық бағалауды қамтитын SRES (Supervisory risk evaluation system) әдіснамасын пайдалана отырып, реттеуші сақтандыру ұйымдарына қатысты қадағалау назарының деңгейін белгіледі. Атап айтқанда, 2 сақтандыру ұйымына – экстремалды қадағалау, 3 ұйымға – қарқынды қадағалау, 7 ұйымға – егжей-тегжей қадағалау, 5 ұйымға – бақылау, 8 ұйымға стандартты қадағалау белгіленді. Осы бағалау негізінде биыл сақтандыру ұйымдарын қадағалаудың түрі мен қарқындылығы айқындалатын болады. Қадағалау үдерісінде сақтандыру омбудсманына және агенттікке келіп түсетін сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың шағымы мен өтінішін қарау нәтижелері, сондай-ақ сот кабинетін, сақтанушылардың пікірлері мен жаңалықтар порталдарын талдауды қоса алғанда, ашық дереккөздерден (Open Source Intelligence) алынған деректерді жинау әдістері белсенді түрде пайдаланылады.
2024 жылы агенттік сақтандыру нарығына қатысушылар қызметінің іс-қимылын назарға ала отырып, тәуекелге бағдарланған қадағалау моделін жетілдіру жұмысын жалғастырмақ. Бұл клиенттермен, контрагенттермен және бәсекелестермен қарым-қатынасты қоса алғанда, олардың қызметінің түрлі аспектілерін бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр Дүниежүзілік банк еліміздегі бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (JERP) шеңберінде Халықаралық сақтандыру қадағалау қауымдастығы (IAIS) белгілеген сақтандырудың негізгі қағидаттарына (ICP) Қазақстан заңнамасының сәйкес келуі тұрғысынан бағалау жүргізді. Осы бағалауға сәйкес 25 қағидаттың 14-і сақталады. Осы жылы агенттік клиенттерге әділ көзқарас қағидаттарын енгізу, тұтынушылардың түрлі санатының мүддесін ескере отырып, сақтандыру өнімдерін әзірлеу және тұтынушылардың шағымын реттеу бойынша сақтандыру ұйымы басшыларының жауапкершілігін белгілеу бөлігінде сарапшылардың ұсынымдарын орындауға қатысты жұмыс жүргізеді.
Сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге байланысты Solvency II халықаралық стандартын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табады. Ұйымдардың капиталы (SCR) мен меншікті қаражатына қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін. Ол үшін тестілік есептеулер жүргізу жоспарланып отыр.
17 ХҚЕС (халықаралық қаржы есептілік стандарты) бойынша қаржылық есептілікті ұсынуды бақылау да – қадағалау саясатының басым бағыты. Бүгінде сақтандырушыларда 17 ХҚЕС бойынша қаржылық есептілікті автоматтандыру жоқ, ал жеке IT шешімдерді енгізу үшін айтарлықтай шығыстар талап етіледі. Сондықтан биыл агенттік сақтандыру ұйымдарымен бірлесіп 17 ХҚЕС талаптарын қанағаттандыру мақсатында қажетті көрсеткіштер жиынтығын модельдеу және есептеу үшін бұлтты есептеулерді қоса алғанда, бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу мүмкіндігін қарастырады. Бұл әрбір қатысушыға түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетеді және қаржылық есептіліктің ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етеді. Сақтандыру секторын цифрландыру реттеуші үшін әлі де басты артықшылық болып қала бермек.
Биылғы іргелі жаңалықтың бірі – сақтандырудың барлық міндетті түрі бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібінің (Еурохаттама) енгізілуі. Тұтынушы кеңсеге бармай-ақ сақтандыру ұйымының сайты арқылы сақтандыру төлемін алу үшін өтініш пен құжат ұсына алады. Өтініштен бастап төлем жасауға дейінгі сақтандыру жағдайын реттеу үдерісінің барлық кезеңі тұтынушының жеке кабинетінде көрсетіледі және сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорда тіркеледі. Азаматтар мобильді қосымша (Еурохаттама) арқылы сақтандыру төлемін жеделдетілген режімде алуға өтініш бере алады. Биыл қаңтарда Еурохаттаманың 423 жағдайы ресімделіп, жалпы сомасы 41,6 млн теңгеге 223 сақтандыру төлемі жүргізілді. Орташа төлем 187 550 теңгені құрады, реттеудің орташа мерзімі – 5 күн.
2024 жылы агенттік нарыққа қатысушылармен бірлесіп тұтынушыларға сақтандыру қызметінің бүкіл ауқымын ұсыну үшін электрондық алаңдар (маркетплейс) құру нұсқаларын қарастырады. Бұл клиенттердің сақтандыру ұйымының ұсыныстары туралы хабардар болуын арттырады, ал сақтандыру ұйымына сақтандыру өнімін әзірлеу кезінде клиенттердің дербес мүддесін есепке алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта елімізде апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу маңызды басымдыққа ие болады деп күтіліп отыр.
2024 жылы апаттық оқиғалар туындаған жағдайда халықаралық сарапшыларды тартумен (сақтандыру моделін айқындау, жол картасын және заңнамалық түзетулерді әзірлеу) халықты мүліктік қорғаудың тетіктерін айқындау бойынша жұмыс жүргізіледі. Кездесуге қатысушылар сақтандыру ұйымдарын пруденциялық реттеуді жетілдіру, сақтандыру қызметтерін цифрландыруды дамыту, 17 ХҚЕС стандартының шеңберінде автоматтандыру бойынша басқа да өзекті мәселелерді талқылады.