Бокс • 11 Наурыз, 2024

Бесеуі де жеңді

65 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Италияда өтіп жатқан жаз­ғы Олимпия ойында­рының лицензиялық турнирінің кезекті жарыс күні Қа­зақ­станның бес боксшысы шаршы алаңға шығып, барлығы да жеңіске жетті.

Бесеуі де жеңді

1/8 финалдық сайысты Алуа Балқыбекова (50 кг) бастады. Ол Оңтүстік Кореяның өкілі Джо Хён Джунды еш қиналмай жеңді. Көп кешікпей Сәкен Бибосынов (51 кг) Бахрейннің намысын қор­ғап жүрген қандасымыз Азат Мах­метовпен қолғап түйістірді. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы біле­тін боксшылардың өнері көрер­мендердің көңілінен шықты. Жоғары қарқында өткен сайыс Сәкеннің пайдасына шешілді.

Нұрбек Оралбай (80 кг) мен Алексей Алферовтің айқа­сы да Бусто-Арсициодағы спорт ке­ше­ніне жиналған жанкүйерлерді бірден өзіне баурап алды. Бірі – 2023 жылғы әлем чемпионы, екін­шісі – 2021 жылғы әлем бірін­шілігінің финалисі. Алғашқы раундта Беларусь елінен келген былғары қолғап шеберінің сәл ғана басымдығы байқалды. Одан кейін тізгінді қолына мық­тап ұстаған Нұрбек жеңісті қар­сы­ласының уысынан жұлып әкетті.

Кешкі бағдарламада тағы екі жер­лесіміз 1/8 финалдық бәсеке­лерін өткізді. Махмуд Сабырхан (57 кг) Пуэрто-Риконың өкілі Калеб Тирадоны тізе бүктірсе, Ас­­ланбек Шымбергенов (71 кг) түрік­менстандық Байрамдурды Нұр­мұхаммедовтан басым түсті.

Алда – ширек финал. Ал Олимпия ойындарының жолдамасы тек жартылай финалға шыққан боксшыларға берілетінін ескерсек, жерлестерімізге тағы бір жекпе-жекте жеңіске жету қажет. Тек сонда ғана олар Париж рингінде күш сынасу құрметіне ие болады.