Мәдениет • 11 Наурыз, 2024

Өнермен өрген өмірін

95 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өмірі мен өнері біте қайнасып кеткен бе дейсің қашан бара қалсаң да, шәкірттерінің әр қадамы мен шешіміне, жалпы тағдырына бәйек болып, болысып жүрген режис­сер, ұстаз, тәлімгер Асхат Максим­ұлы­ның қамқор көңілін көріп. Оны­сы «сырт көзге солай көрініп, сүйкімді бола қалайыншы» деген әлдеқандай бір есептен туған елжіреу емес, бұл – оның риясыз көңілі, боямасыз болмысы.

Өнермен өрген өмірін

Елордамыздағы ең жас театр саналатын Музыкалық жас көрермендер театры­ның іргесін қалап, төл шәкірттері­м­ен шығармашылықтың шырайын кір­гіз­ген режиссер, Қазақстанның ең­бек сіңір­ген қайраткері, өнертану PhD, Қа­зақ ұлт­тық өнер университетінің профессоры, «Болашақтың» түлегі Асхат Маеми­ров­тің өнерге деген іңкәрлігі қан­дай болса, өзі басшылық ететін театр сахнасын­да тер төгіп жүрген өнерлі өрен­дер­ге деген мейірім-махаббаты да дәл сондай. Себебі ол үшін өмір мен өнер арасын шекарамен шектеу мүмкін емес. Ондайда режиссердің өзі «өнерім – өмірім, ал театрым – отбасым» дейді зор мақтанышпен. 

«Өзім де көпбалалы, өсіп-өнген әу­летте туып, 10 баланың ортасында тәрбие­ленгендіктен болар, айналамның бәрін туыс көремін. Ол сезім шәкірттеріме келгенде тіпті асқақтап кетеді. Сондықтан өзіміз іргесін қалаған Музыкалық жас көрермендер театрындағы әрбір әртістің тағдырына жауаптымын деп санаймын. Бәрін де бірдей бауырыма басамын, туған балаларымдай білгенімді үйретіп, өнеге көрсеткім келеді. Театрымыз құрылғалы бері өткен үш жылда ұжымда 14 жұп шаңырақ көтеріп үлгерді. Алда тағы бірнеше үйлену тойы күтіп тұр» дейді режиссер ағынан ақтарылып.

Ә дегеннен-ақ әңгімесін өмір мен өнердің сабақтастығынан бастаған режис­сердің ой орамдарынан қазақы құнды­лықтарға деген құрметін де аңдағандай болдық. Олай болуы заңды да. Кез келген адамның тағдырын туған жер, өскен ортасы құрайды десек, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Сарыой елді мекенінде туып-өскен өнер иесінің бойынан топырағына тартып туған тектілікті де танығандай болдық.

«Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының туған топырағында туып, сол аядай ғана ауылда өсіп-өндік. Бұл – қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы ауыл. Сол ауылда жүріп ауылдың көнекөз қарияларының әңгі­месіне кішкентай кезімнен қанығып өстім. Анам қазір 91 жаста. Немене-шөберелерінің қуанышына кенеліп отырған әулетіміздің алтын дің­гегі, алып бәйтерегі. Аға-жеңге, іні-келін­дерімнің дені ұстаздық жолды таңда­ғандықтан, біздің әулетті мұғалімдер отбасы деп те атайды», деп жалғады режиссер әрі қарай әңгімесін.

1981 жылдың жазында Сарыойға гастрольдік сапармен М.Әуезов атындағы театр ұжымы келген болатын. Ол кезде Асхаттың жасы небәрі 7-де еді. Алыстағы Алматыдан жеткен театр ұжымы ауыл­дың аядай клубында екі қойылым көр­се­теді. Оның бірі – М.Әуезовтің «Қара­гөзі» болса, екіншісі – С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы. Бір сандық қана сиятындай сахнада жүріп Сәбира Майқанованың жасаған Мөржан мен Фармон бибі бейнелері болашақ режиссердің бала танымына өшпес із қалдырып, сәби санасында мәңгілік жатталып қалды.

«Менің бойыма өнерге деген махаб­баттың дәні дәл осы кезде егіл­ген шығар деп ойлаймын. Себебі дәл сол кездегі күйді әлі күнге дейін ұмытпаймын. Одан бері арада 40 жылдан аса уақыт өтті. Бірақ менің санамда әлі күнге дейін Сәбира апайдың Мөржан кейпіне еніп, ағаш таяғымен жерді ұрып жатқаны және ауылдағы Кенжетай деген үлкен әжеймен сахнада тұрып ұрысқаны кетпейді. Сенгіштігіміз сондай, шынымен ұрыс болып жатыр екен деп қабылдаппыз. Бірақ оның ойын екенін, көрерменмен арада байланыс орнату үшін актрисаның әдейі жасаған импровизациясы екендігін кейін түсіндік қой. Сонда ауылдың адамдары да тап-таза, аңғал болатын, қойылымдағы оқиғаға риясыз сеніп, Қарагөзді аяп, соның жағына шығып, болысып жатқаны ғой. Оны дер кезінде түсіне қойған актриса да тосылып қалмай, Кенжетай апайымызбен айтыс жасап, қойылымның әсерін күшейте түскені бар еді. Міне, сол кезден бастап мен өмірімді өнермен байланыстырамын, Алматыға барып өнер академиясына немесе журналистика факультетіне түсемін деп шештім. Бірақ облыстан педагогикалық мамандыққа арнайы орын бөлінгендіктен, ата-анамның ақылымен елде қалып, білім алдым. Сөйтіп, 1995 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагоги­ка­лық институтының филология факультетін тәмамдадым», дейді өнер иесі балалық шағының жарқын естеліктерімен бөлісіп.

Бірақ өнерге деген іңкәрлік жалынды жастың жанын жай таптырмады. Оқуын ойдағыдай тәмамдаса да, аңсары Алматы жаққа қарай ауды да тұрды. Ақыры арманы ақиқатқа айналып, 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын режиссура мамандығын үздік аяқтады.  2007 жылы «Болашақ» президенттік стипендиясының иегері атанып, Париж қаласындағы Sorbonne Nouvelle Paris-ІІІ университетінің магистратурасында білім алды. 2009–2010 жылдары Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасында білімін шыңдап, «Режиссура магистрі» академиялық дәрежесіне ие болды. Ал 2015 жылы Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторантурасын тәмамдап, «Қазақстанның театр ре­жис­сурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық» атты диссертация қор­ғады.

«Менің режиссура кеңістігін әдіс­нама­лық негізде танып-білуіме, кәсіби тұрғыда спектакльдің туу үдерісін ұғы­нуыма себепкер болған тұлғалардың бірі, әлемге танымал сахна санаткері – Питер Брук. Дәлірек айтсам, ұлы режиссер, реформатор – Питер Бруктің суреткерлік ұстанымдары, көркемдік қағидаттары, қайталанбас қойылымдары менің санама сілкініс, шығармашылық импульс берді. П.Бруктің «Бос кеңістік», «Уақыт ағымдары», «Адасу нүктесі»  кітаптары кез келген режиссер мен әртістің басты оқулықтарының біріне айналуға тиіс. Өз басым бұл кітаптарды қайталап оқудан жалықпаймын. Питер Брук – ұлы адам. Оның ұлылығы – қарапайымдылығында. Сонау 2008 жылы Қазақстаннан Парижге ілім-бі­лім іздеп келген, ешкім танымайтын қазақтың жас режиссерін өз театрында қабылдап, емін-жарқын сұхбат құруы, ұлылық пен кісіліктің жарқын үлгісі. Питер Бруктің «Бюфф дю Нор» (Théâtre des Bouffes du Nord) театрына барып, «Бернарда Альбаның үйі» спектаклінің премьерасын көрген күн – өмірімдегі тарихи сәттердің бірі», дейді режиссер кәсіби тәжірибе тәлімдерінен сыр тарқатып.

Осылайша, жергілікті және әлемдік театр мамандарынан тәлім алып, теория­лық тұрғыда кәсіби білімін ұштаған маман отандық өнер мен мәдениет саласы­ның білікті менеджері ретінде өзін басқа­ру­шылық-ұйымдастырушылық қыры­нан таныта білді. Соның нәтиже­сінде Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, «Қазақстан халқы рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, «Қазақ әуендері» акционерлік қоға­мының президенті, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры лауазымы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазақстан мен Орта Азияда тұңғыш рет «Astana Musical» мемлекеттік театры­ның негізін қалап, 2016–2019 жыл­дар аралығында театрдың көркемдік жетек­шісі болды. Еліміздің театр сахнала­рында қойылған жиырмадан астам қойылымға режиссерлік қолтаңбасын қалдырып, респуб­ликалық және халық­аралық өнер фести­валь­дарының бірнеше мәрте лауреа­ты атанды.

«Осы күнге дейін өнердің әр саласында қызмет етіп келемін ғой. Десе де мен үшін елімізде жаңаша бағыттағы өзіндік стилі мен қолтаңбасы бар театр ашу үлкен арман болды. Ол тілек әсіресе шетелде білім алып жүргенде көрген түрлі бағыттағы қойылымдардың әсерінен кейін тіпті үдей түсті. Ресейлік әйгілі режиссер «Театр өнері студиясының» негізін қалаған Сергей Женовачтың, еліміздегі белгілі режиссер, ұстаз, астаналық Жастар театрының негізін қалаушы Нұрқанат Жақыпбайдың театр ашып, жаңалық жасаған өнердегі өзгеше өрнегі мені ерекше шабыттандырды. Питер Бруктің тәлімі өз алдына үлкен мектеп болды. Міне, соның барлығы жиналып келіп, елорда төрінен ашылған Музыкалық жас көрермендер театрының құрылуына себеп болды. Осы арқылы мен де жоғарыдағы рухани ұстаздарымның ізімен театр-студия бағытындағы жас театрдың қанат жаюына қызмет етіп келе жатырмын. Биыл театрымыз үшінші маусымының шымылдығын ашты. Сондай маңызды сәтте шақыруымды қуана қабыл алып, ұжымға қосылған халықаралық Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Есля­мова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Асыл­хан Төлепов пен Аян Өтепберген сынды талантты актерлердің жанымнан табылуы маған үлкен демеу болды, күш берді. Ал шәкірттерім – байлығым. Барлы­ғы­мыз ортақ мақсат жолында тізе қосып еңбек етіп келе жатырмыз. Аллаға мың да бір шүкір», дейді Асхат Максимұлы.

Ортақ мақсатқа жұмылып, өзгеше өнер тудыруға бекінген жас өнер ұжымы алғашқы адымдарынан-ақ шығармашы­лық қарымын айқын танытты. Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында қойылған М.Әуезовтің «Абай – Тоғжан», Н.Мошинаның «Дү­­ние-ғапыл», М.Омарованың «Шәм­ші», «Chanel №5», Э.Олбидің «Зоо­парк», Д.Исабековтің «Гауһартас», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», А.Воло­дин­нің «Қоштасқым келмейді» қойы­лымдары суреткерлік ерек қолтаңба, соны сараптау һәм жаңашыл формасымен көрерменін қуантып келеді. Еліміз ғана емес, шетелдік көрермендердің көз­айымына айналып үлгерген «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі 2017 жылы Париж, Канн, Вена, Брюссель, Мәскеу қалаларында зор табыспен көрсе­тіл­се, 2018 жылы айтулы қойылым Фран­ция­­дағы Авеньон халықаралық театр фестиваліне қатысты. Көрермен көзайымына айналған театрдың тағы бір тамаша туындысы – Асхат Мае­миров­тің режиссерлігімен қойылған Д.Иса­бековтің «Гауһартас» қойы­лымы. Отбасы құндылықтарын дәріп­теген драма өткен жылдың үздігі деп танылып, Мәдениет және ақпа­рат министрлігі ұйымдастырған Өнер сала­сын­дағы «UMAI–2023» екінші ұлттық сый­лығын иеленді.

«Гауһартас» – әдеби шығарма ретінде қазақ әдебиетінде де, шетелде де әбден  мойындалған дүние. Кино ретінде де көрерменнің көңілінен шықты. Мен осы шығармаға қылаудай да кірбің түсірмеуім қажет екендігін жақсы түсіндім және театрымның бағытына сай музыкалық драма ретінде ұсындық. Қойылым премьерасынан бері бір жыл өтті. Әр көрсетілім екі рет қойылады. Әлі күнге дейін көрермен толастаған емес. Әр қойылым сайын  аншлаг. Бұл нені білдіреді? Адамның адами сезімдерге, шынайы махаббатқа шөліркегенінің көрінісі», дейді режиссер.

Әңгімеміздің басында өмір мен өнерді бекер сабақтастырған жоқпыз. Өнерде құндылықтар, сезім туралы осындай құнды ой айта білген режиссер өмірде де махаб­батқа адал, сезімге берік. Бесікте құндақ­таулы жатқан кезінен табысқан өмір­лік жары Нұргүлмен бірге қол ұста­сып, 30 жылдан аса бақытты күндерін артқа тас­тады. Бүгінде көзінің ағы мен қара­сын­дай болған екі ұлын ержеткізіп, немере­ле­рінің бақытты ата-әжесіне айналып отыр.