Қылмыс • 12 Наурыз, 2024

Мал ұрлығы мазалап тұр...

129 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне және қоғам дер­тіне айналғаны – баршаға мәлім. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аума­­­ғында мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақ­­сатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істеліп жа­­тыр. Дегенмен өзге жанның отбасын асырап отырған төрт тү­лі­­гіне қол сұққан әккі ұрылардың ісі тыйылар емес. Қора­сын­да тұр­ған малынан айырылып, жүгенін ұстап қалған адамдар көп.

Мал ұрлығы мазалап тұр...

Қылмыстық кодекстің (ҚК) мал ұрлығына қатысты бабына енгі­зіл­ген өзгеріске сәйкес мал ұр­лы­ғына қатысы бар адам 5 жылдан 7 жылға, ал егер ол ұйым­дас­қан қылмыстық топ болатын болса, 10 жылдан 12 жылға дейін дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мал ұрлы­ғына қатысы бар адамға бұрын­ғыдай бітімгершілікке келу, ке­шірім қарастырылмаған. Төрт тү­лікті қолды еткен адам абақ­­тыға қамалып, жазасын өтей­ді.

Түркістан облысы тұрғын­да­рының 70–80 пайызы мал шаруа­шы­лығымен шұғылданады. Міне, осы төрт түлік малды күнкөріс көзіне айналдырған тұрғын­дар­дың дегбірін барымташылар қашырып отыр. Мұндай ұр­лықты ұйымдастырушы­лар – кәнігі қылмыскерлермен қатар, жал­ған құжат жасайтындар, ұр­лан­­­ған малды тасымалдаушылар, қасапшылар, қара базар­да­ғы алып-сатарлар, бір сөзбен айтқанда, сыбай­лас­қан топ. Ұры­ларды поли­ция қыз­мет­кер­лері темір торға топырлатып тоғытып жатса да, төрт түлікті қолды етушілер ты­йылар емес.

Түркістан облысы полиция департаментінің берген мәлі­метіне сүйенсек, өткен жылы бұл өңірде мал ұрлығы 11 пайызға азайған. Айталық, өткен жыл­дың 12 айында мал ұрлығымен айна­лысқан 27 қылмыстық топ құ­рық­талды және олардың осы қыл­мыстың 90 фактісіне қатысы бар екені дәлелденді. Тұрғын­дардың ұрланған 600-ден астам малы қайтарылды. Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Десе де, төрт түлігі айдың-күннің аманында қолды болғанын айтып шағымданушылар әлі де көп.

Жақында 14 жылқыны ұрла­ған Түркістан және Қызыл­­орда облыс­­тарының тұрғындары ұс­тал­­ды. Үш қылмыскер­­дің бірі – малды сатып алушы. Мал ұр­ла­­ғандар жәбірленушіге жалпы 4 миллион теңгеден аса шы­ғын келтірген. «Түркістан ПД кри­миналдық полиция бас­қар­­масының қыз­меткерлері облыс­­­тың жедел-іздестіру ша­ра­­­­­­лары барысында мал ұр­лы­­­­ғы­мен айналыс­қан топқа тос­­­қауыл қойды. «Мал ұр­лау­­­­­шы­лардың Бәйдібек ауда­нын­да орналасқан жайылымнан 14 жыл­­қыны жымқырғаны анық­талды. Күдіктілердің бірінің тұр­ғы­л­ықты жерін тінту барысында ұр­ланған жылқыларды, ГАЗель авто­көлігін және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Сон­дай-ақ олардың Қызылорда облы­сының аумағында басқа да екі мал ұрлығына қатысы бар екені белгілі болды. Қазіргі уақыт­та мал ұрлығы фактісі бойын­ша сотқа дейінгі тергеу жүр­гіз­іліп жатыр», деп мәлімдеді Түр­кістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Түлкібас ауданының бір тұр­ғыны жайылымда жүрген 69 бас жылқысы жоғалғанын хабарлаған. Өз бетінше іздеп таба алмаған соң, бір күннен кейін полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт бойынша жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жылқыларды іздестірді. Мобильді топтарға бөлініп, үй жануарларының баруы мүмкін деген аймақтар толығымен тексерілді. Осы­лайша, тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген тыңғылықты іс-шара­­лардың нәтижесінде жоғал­ған жылқылар 40 шақырым қа­шық­тықтағы көршілес Сайрам ауданындағы егістік алқабынан табылды. Сақшылар 69 бас жыл­қыны иесіне тапсырды.

Сондай-ақ Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын мал ұрлығының құрбаны болғаны жөнінде арызданған. Ер адамның айтуынша, қорасында тұрған 33 қойын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге ­2 миллион теңгеге жуық шығын келген. Ақпарат алысымен полицейлер жедел-тергеу тобын құрып, оқиға орнына жетті. Жақын маңдағы барлық аумақ пен жайылымды аралап, көрген-білгендерден жауап алды. Тың­ғы­лықты жедел-іздестіру шара­ла­рының нәтижесінде тәртіп сақ­шы­лары 22 мен 25 жастағы екі күдік­тіні ұстады. Белгілі болған­дай, күдіктілер түнгі уақыт­та қорада тұрған малдарды авто­кө­лікке тиеп алып кеткен. Ұрланған мал­­дарды базарға апарып сатып жібер­ген. Ал түскен ақшаны еке­уара бөлісіп, бас пайдаларына жаратқан. Тергеу барысында күдік­­тінің бірі бұрын сотты бол­ға­ны анықталды. Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынып, олар­ға­ қатысты сотқа дейінгі тергеп-тек­серу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Келес аудан­дық полиция бөліміне алты ауыл тұр­ғыны арызданды. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер олардың ірі қара малдарын қол­ды еткен. Жоғалған малдарын тұрғындар өз күштерімен іздеген, алайда нәтиже болмаған соң, полицияға шағымданған. Полиция қызметкерлері аталған фактіні ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеп, жедел-іздестіру шаралары­ның нәтижесінде мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, екі азаматты ұстады. Ұрылар жергілікті тұрғындардың жайы­лымдарда қараусыз қалған және қорада тұрған төрт түлігін жымқырып, жүк көлігімен артып әкеткен. Жұмыссыз жүрген жас жігіттер жәбірленушілерге 2,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.

Түлкібастық полицейлер аудан аймақтарында мал ұрлы­ғын тоқтату мақсатында жиі рейд жүргізіп келеді. Полицейлер осындай кезекті жұмыс барысында Сарытөр аулына бара жатқан жолда күдік тудырған, жылқы мінген ер адамды тоқтатады. Әңгімелесу кезінде күдікті сұрақ­тардан жалтарып, малдың өзіне тиесілі екенін айтып, мүм­кін­дігінше кетуге асыққан. Осы сәтте поли­цияға жергілікті тұр­ғын­нан мал ұрлығы жөнінде арыз түседі. Әйел адамның айтуын­ша, түнгі уақытта қорасынан бай­лаулы тұрған жылқысын бел­гісіз біреу ұрлап кеткен. Поли­цейлер алған ақпараттан кейін жылқының сипатын салыстыра келе, мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен өздері тоқтатқан ер адамды тұт­қын­дай­ды. Тексеру барысында ол ауда­н­ның жұмыссыз, бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты. Қолды болған малды полиция қызметкерлері өз иесіне қайтарып берді.

Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Түркістан облысында 2021 жылдан бері үшжақты – шаруашылық иесі, мал бағушы мен әкімшілік арасындағы келісімшарт қолданысқа енгі­зілген. Олар өзара бірлескен түрде жұмыс істейді. Яғни әкімдік өкілдері шаруашылық иесіне сенімді мал бағушыны ХҚКО бойынша тіркеп, мал жаюға арналған арнайы жерді белгілеп, шаруашылық иесіне тапсырады. Сонымен қатар облыс тұрғындары арасында арнайы мессенджерлік чат әдісі қолданысқа енген. Аталған әлеуметтік желі арқылы тұр­ғын­дар жоғалған малының фото­суретін түсіріп жібереді немесе полиция қызметкерлері қараусыз жүрген төрт түлікті байқап қалса, суретке түсіріп, осы чатқа салады. Өзінің жоғалған малын таныған азамат қайтарып алады. Бұл – мал ұрлығының алдын алуға тосқауыл болатын, септігін тигізетін шара.

 

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ,

журналист

 

Түркістан облысы