Технология • 11 Наурыз, 2024

Жасанды интеллектінің жасырын қылмысы

200 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Игілік үшін жасалған жасанды интеллектінің қиғылық ісі де баршылық. Оны хакерлер қарапайым азаматтың деректерінен бастап, мемлекеттің құпия ақпараттарын қолға түсіретін таптырмас құрал ретінде пайдаланып отыр. Осы тұста Халық ақыны Қарасақал Ерімбеттің «Қызғанар итаяғын құтырған ит, қабады өз иесін сақ болмаса» деген сөзі санамызға сап ете қалғаны...

Жасанды интеллектінің жасырын қылмысы

Былтыр әлемдік киберқауіпсіздік индексінде Қазақстан 78-орынға жай­ғасқан. Үш жыл бұрын 31-орында болыпты. Оның үстіне кейінгі жылдары азаматтардың жеке деректерінің жария болып кету фактілері де жиіле­ген. Таяқ­тың екі ұшы бар дегендей, алаяқ­тар да жасанды интеллектіні өз мақ­­­­сат­ы­на ыңғайлайды. Бұл – еліміз­­дегі ғана емес, дүниежүзіндегі түйт­­кіл­­ді мә­селе. Мысалы, Ұлыбритания билі­гі де осы жылдың екінші жарты­сы­на жос­­парланған сайлаудың әділ өтуі­не жа­санды интеллект кері әсер етеді деп қауіптенеді. Өйткені кейінгі уақыт­та саясаткерлердің жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейне мен аудиожазбалары желіде қаптап кеткен. Сарапшылар технологиялық компа­ниялар мен үкімет бірлесіп шара қолданбаса, жалған ақпараттар түрлі шиеленіске алып келуі мүмкін дейді. Өткен жылы Лейбористер партия­сы­ның көшбас­шы­сы Кир Стармердің әріптестеріне дауыс көтеріп, бейәдеп сөздер айтып жатқаны әлеуметтік же­лілерде тарады. Кейін бұл – жасанды интеллект жасаған жалған аудиожазба екені мәлім болды. Сарапшылар дипфейкпен күрес жүргізілмесе, демо­кра­тияға қауіп төнеді деп есептейді. Ашып айтсақ, дипфейк – жасанды интел­лект көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудиожазбалар. Бұл технология адамдардың бейнелерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді айтқызуы мүмкін. Дипфейк алғашында 2016 жылы пайда болды, бірақ қарапайым қолданушыларға қол­жетімсіз еді. Алайда биылдан бас­тап, дипфейк жасайтын бағдарлама­лар барлық интернет қолданушыларға қолжетімді болып, кеңінен таралып жатыр. Сол үшін де ғаламтордағы дү­ние­лерді саралай білуге балаларды ғана үйретіп қоймай, ересектерді де тарту керек.

Ақпараттық қауіпсіздік маманы Батыр­­жан Тютеев көп жағдайда дербес дерек­тердің жариялануына азамат­тардың өздері «атсалысатынын» айтады:

«Бірде бізге бір компания келіп ақ­па­раттық қауіпсіздігін тексеріп бе­руі­мізді сұрады. Жаңа жылдың қар­саңы еді. Біз ол компанияның бар­лық қызметкерлеріне: «Сізге жаңа жылдық сыйақы беріледі деген мәтінде хат жолдадық. Соңында мына сілтемеге өтіңіз деген сөйлем болды». Сол компанияның жүйелік әкім­шісінің өзі төрт рет кіріп, логин мен құпия­сөзін жазып қойған кез де болған. Қызметкерлер осылай абайсызда хакер­лерді өз компьютеріне кіргізіп алады. Олар жүйеге еніп алған соң, өз мақса­тын жүзеге асырады», дейді ақпараттық қауіп­­сіздік маманы.

Интернет-банкинг қызметін қолда­н­ғанда да сақ болған жөн. Мәселен, қазір түрлі байқауға қатысамын деп бел­гісіз сайттарға өзінің есепшоты туралы ақпаратты еш ойланбастан енгізетін тұтынушылар аз емес. Мұндай әрекеттер сол шоттағы ақшаның жоғалуына әкеп соқтыратын жағдайларға күнде куә болып отырмыз. Біз күнделікті қолданатын ұялы телефондар тек байланыс құралы ғана емес. Құрылғыда оның иесі жайын­да мәлімет көп. Сол себепті мамандар телефонға қандай да бір қосымша орнатпас бұрын немесе сілтемеге өтпес бұрын оның қауіпсіздігін тексеріп алу­ға кеңес береді. «Citibank Kazakhstan» бас директоры Андрей Курилиннің:  «Бүгінде банкті тонауға тапанша керек емес, оны жасанды интеллект көме­гімен-ақ жасауға болады. Әлемде банк ғимаратынан қолма-қол ақшаны то­нау­мен салыстырғанда, кибершабуыл­дар үлкен проблема әкеледі», дегені бар еді.

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Виталий Перов әлеуметтік желіге жариялайтын ақ­паратқа өте сақ болу керектігін айтады:

«Қыздар көбіне «Мен (шетелге) ұшып бара жатырмын. Міне, билетім», деп салып қояды. Билет арқылы өте көп маңызды ақпаратты білуге болады. Ол билетті қайтарып, орнына басқасын алып тастауға да болады немесе ұрылар сіз­дің екі апта үйде болмайтыныңызды біліп, мекенжайыңызды анықтап, ұр­лық­қа түсуі де мүмкін», дейді ол.

Азаматтар ең бастысы киберги­­гие­на ұғымын түсінсе абзал дейді қауіп­сіз­дік мамандары. Бұл бір қарағанда тым қарапайым ережелер. Яғни күмәнді қосымша мен сайтқа дерегін тірке­ме­се, кез келген сілтемеге өтпесе дейді. Құ­­пия­­сөзге де мұқият болған абзал екен. Мысалы, «Password», «123456», «111111», «123123» секілді құпиясөздер ең жиі қол­данылады. Осылайша, хакерлер мен алаяқ­тардың жұмысын өзіміз жеңіл­детіп береді екенбіз.

Ақпараттық қауіпсіздік мамандарын алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол – маман тапшылығы. Сондықтан да болар, осы салаға білім гранттары да кө­бейген. 2022 жылы бакалавриатқа 2700 грант бөлінсе, 2023 жылы 3000-нан асады. Жалпы, еліміздегі оқу орындары ақ­параттық қауіпсіздік мамандарын даярлай бастағанына – 10 жыл. Яғни екі буын түлек қана тәрбиелеп үлгер­ген. Солар­дың еңбегінің нәтиже­сін алдағы бірнеше жылдықта көріп қалармыз. Әрине, егер ол мамандар шетел асып кетпесе...

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті