Тарих • 12 Наурыз, 2024

Соловки лагерінен қашқан қазақтар

1506 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінде қазақ тарихына қатысты тың деректер көрші мемлекеттерден тыс алыс-жуық шетелдерден де жиі ұшырасып жатыр. Оның ішінде құнды фотосуреттер, карталар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар да бар. Сондай соны жаңалықтың бірі – өткен ғасырдың 30-жылдары Соловецкий лагерінен (ерекше мақсаттағы Соловецкий лагері, қысқаша СЛОН, Соловки деп те аталады) қашып, Финляндияға жеткен қазақтар жөнінде табылған дерек.

Соловки лагерінен қашқан қазақтар

Бұл құнды мәліметті мұрағат зерт­теуші Абай Мырзағали өзінің әлеумет­тік парақшасында сүйіншілеп жазған еді. Оның айтуынша, бұл – тың дерек. «Түркияда білімін жетілдіріп жатқан Бекзат Бекболат бауырымыз хабарласып, Соловецкий лагерінен қашып шығып, Финляндияға жеткен үш қазақ туралы жаңа мәлімет тапқанын айтты. Ол мәліметті Өмір Низаметтин Айкурт есімді зерттеушінің фейсбук парақ­шасынан алғанын ескертті», дейді ол.

Деректер табылған «Yeni Turan» газетінің түпнұсқасын бауырлас Түркия еліндегі «Түркі тарихы мен мәдениеті» қорынан (TURKTAV) қолға түсірген едік. Қордың иесі – құнды жәдігер жинаушы Өмір Низаметтин мырза.

«Соловецкий лагерінен қашқан қазақ­тар жөнінде «Yeni Turan» газетінің 1932 жылғы 4-санының бірінші бетінде басылған. Бұл газет Финляндияның Хель­синки қаласында шыққан. Газетті шы­ғарушы – әзербайжан азаматы Мехмет Садық Аран. Басылымның төртінші санында Есмырзаұлы мен Үмбетұлының суреті де басылған. Үшінші санында да олардың қалай қашқаны, босатылғаны туралы жазылып жарияланған. Одан бөлек басқа да лагерьден қашып шыққан адамдардың басынан кешкен қорлығы баяндалған», дейді коллекционер.

Газетте суреті көрсетілген екі адам­ның есімі сәл қате берілген тәрізді. Онда көріп отырғаныңыздай, бірі – «Үмбет ев», екіншісі «Ес Мырзаев» деп беріліпті, түрік грамматикасының заңдылығы­мен. Бұл – адамдардың есімі емес, тегі. Ал шын мәнінде, бұл кісілер – Үмбетқали мен Есмырза (Бұл сөзіміздің дәлелі тө­мен­­­де келтіріледі).

Ал газеттегі жазбада былай делін­ген: «Өткен сандарымызда айтып өт­кен қыр­ғыз (қазақ) бауырларымызды ақы­рында Фин үкіметі кепілдіксіз босатты. Суреттерін осы нұсқада жариялап отырған қырғыздар жөнінде жазған жазбаларымыз себепті «Яңа Милли Юлда­ғы» жазылғандарға дереу жауап бере кете­йік. Біздің барлық жазбаларымыз жақсы ­ниетте жазылған, ешқандай ұлттық ұйым­ды қаралау мақсаты болмаған. Әрі мәселе де өздігінен шешілгесін құр талас­тың қажеті жоқ. Құтқарылған бауыр­ларымызға көмек көрсетіліп жатыр».

Мұнда айтылған жағдайға жорамал жасау қиын. Әзірше қосымша деректер қолға түспей отыр. Өйткені тасқа ба­сыл­ған шағын ақпараттың айтысына қара­ған­да, Соловецкий лагерінен қашып барған қазақтарға Фин үкіметі тарапынан да тергеу-тексеру болған сыңайлы. Алайда олардың кепілдіксіз босатылғаны мәселе өздігінен шешілгенін меңзесе керек. Әрине, бұл індете зерттеуді қажет етеді.

Мұрағат жинаушы Өмір Низамет­тин мырза бұл кісілерге қатысты дерек­терді іздестіріп жатқанын айтып, қуантып қойды. Бәлкім, алдағы уақытта ол жақ­тан тағы да тың деректермен толығып қалуы ғажап емес.

Соловецкий лагерінен қашқан қа­зақ­тар жөнінде ел ішінде де деректер жоқ емес. Екі дерек кездеседі. Абай Мырзағалидың айтуынша, бірі – 1930 жыл­дың басында ақпан, наурыз айына арналып шыққан «Жас Түркістан» жур­налының 3-4 сандарында жарияланған «Со­ловецкийден Финляндияға қашып шық­­қан үш Түркістан (Орталық Азия – ред) азаматы хақында» деген жазба, екін­­шісі – 1932 жылы сәуірде «Жас Түр­кістан» журналында жарияланған журнал басқармасының көмегіне алғыс ретінде Хелсинкиден жазған екі қазақтың хаты.

Жалпы, Финляндияға кеткен қазақ үшеу деп айтылғанымен, әзірге тек Үм­бетқали мен Есмырзаның ғана дерегі табылып отыр. Ал үшінші адам жөнінде мәлімет жоқ. Сонымен Финляндияға жеткен қазақтар туралы әңгімені осы жерден доғара тұрып: «лагерьден қашып шыққан адамдардың басынан кешкен қорлығы баяндалған» деген сөзге тоқталайық.

Соловецкий лагері – жер бе­тіндегі тірінің тозағына айналған орын­­ның әйгілісі. Лагерь – 1919-1933 жыл­дар­дағы Соловки аралдары (Ресейдің Архангельск облысында) аумағында құ­рылған КСРО-дағы ең ірі ГУЛАГ. 1921 жылдан қысқаша СЛОН (Соловецкий лагерь особого назначения) деп аталды. Әу баста діндарлар қамалса, 1923 жыл­дан бастап саяси тұтқындарды қойша то­ғытты. Журналист Серікбол Хасанның зерт­теуінше, СЛОН-ға 1923 жылы – 2 557, 1924 жылы – 5 044, 1925 жылы – 7 725 адам қамалса, 1928 жылы – 21 900, 1929 жылы – 65 000, 1930 жылы 71 800 адам айдалыпты. Онда ұзын саны 7,5 мың адам жан қиғаны жазылады. Оның 3,5 мыңы 1933 жылғы ашаршылық кезінде қырылыпты.

Осылайша, миллиондаған адамның сорын сорпадай қайнатқан әйгілі Соловки лагерінің негізгі көздегені – халықтарды жадынан айырып, азаттық туралы ойды тұншықтыру еді. «Еңбекпен түзету» де­генді жалау еткен жазалаушы лагерь­дің арам пиғылы байырғы халықтардан «хомосоветикус» жасап шығару үшін адамдарды эксперимент құралы ретінде қолданды. Оған бағынбаған, өзінің адами болмысынан айнымаған тұтқындар адам естіп білмеген азаптау көреді. Ауыр еңбекке жегіліп, біразы ауырып өледі.

«Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ сынды басқару жүйесінің үлгісін жасап бер­ді. Соловки арал лагерінің айналасы теңіз­дермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, социа­листік республикалар одағын құр­мас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүр­гізілді… Қысқаша айтқанда, Соловки арал лагері КСРО-ны басқарудың лагерь­лік жүйесінде «көрнекілік» рөл атқарды. Қолындағысын күштеп тартып алу, аштан өлтіру, тілді ұмыттыру, ассимиляцияландыру, дінсіздендіру, соғыс қаруларын сынау, интернационалдандыру секілді жеті түрлі мақсат Соловки аралында арнайы қолданылған болатын», деп жазады тарихшы ғалым Тілеу Көлбаев.

Дүниені тітіренткен тамұққа елуге жуық ұлт өкілі тоғытылды. Оның ішінде қазақ­тар да азапты күндерді бастан кеш­ті. Әйткенмен қанша қазақ қамалғаны туралы нақты дерегі жоқ. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы т.б сонда болғаны белгілі. Алаштанушы Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының еңбегінде Алаш қайраткері білікті педагог, Петербор­дан шығатын «Мусульманская газетаға» мақала жазған Мырзағазы Есболұлының да Міржақыппен бірге СЛОН-да болғаны жазылады. Олардың бәрі де репрессия кезінде атылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл Соловки лагеріне түскен адамның тірі құтылғаны кемде-кем.

«Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сонда бұл қанды шеңгелден Үмбетқали мен Есмырза қалай құтылды деген сұрақ таңғалдырады...»

 

* * *

Арқада Мәди мен Иманжүсіп, Ал­тайда Сұлубай мен Бүркітбай батырлар «банды» атанып, қазақтың сайын сахарасынан сайғақ құрлы пана таппаған, кер заманның тар ноқтасы басына сыймаған, өктем империялардың отарлаушы саясатында тіс-тырнағына дейін қарсы тұрған тұлғалармен тағдырлас батыс өңірде Аманғали мен Құныскерей болды. Біз сөз етіп отырған екі азамат осы «банды» Аманғалидың бірі – інісі, екіншісі – туы­сы екені анықталып отыр.

Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында (Алматы: «Арыс» баспасы, 2002) «Аманғалидың зайыбы Мұхсина мен үш інісі жазықсыз сотталып, екі інісі (Мұқанғали, Әндірғали) атылған, бір інісі (Үмбетқали), туысы (Есмырза) Финляндияға өтіп кеткен. Олардан тараған ұрпақ – бес қыз Қазақстанды бір көруді аңсайды» деп жазылыпты. Жоғарыда бұл екі азаматтың есімі «Yeni Turan» газетінде қате жазылған деп, осы дерекке сүйенген едік. Бұған қоса бұл жөнінде Ләтифолла Қапашевтың «Банды» Аманғали ісі» деген деректі кітабында келтіріледі (кітап Алматыда «Арыс» баспасынан 2004 жылы шыққан). Бұған қоса деректерді Құныскерейдің тарихын жазған Атыраудағы белгілі қаламгер, тарихшы Өтепберген Әлім­гереев ағамыздан да алдық.

«Бұл екі азамат «банды» атанған Аман­ғалидың ауылынан (әулеті). Олар он аға­йынды. Тегі – Кенжеахметұлы. Одан алты ұл, төрт қыз тараған. Алты ұл – Аманғали, Мұқанғали, Әндірғали, Қадырғали, Сүндетқали, Үмбетқали. Қадырғали жастай қайтыс болыпты. Қалғаны Аманғалимен бірге болған. Соның ішінде Сүндетқали 1987 жылға дейін Махамбет ауданы, Сарытоғай деген жерде тұрыпты. Үш қыз, үш ұлы бар. Қазір соның бір ұлы ғана қалған көрінеді. Ал Үмбетқали 1929 жылдары Астраханға кетіп қалыпты. Содан кейінгі оқиғасы белгісіз. Бірақ Финляндияға кеткенін туыстары жақсы білген. Ол фин елінде жеке кәсіпкер болыпты. Ер адамдардың костюмін тігіп, соны кәсіп қылған көрінеді. Сонда еуропалық әйелге үйленіп, одан төрт қызы бар деседі. Оның үлкені ертеректе қайтыс болыпты. Үмбетқалиға кезінде осындағы ағайындары барыпты, бірақ өзі елге келе алмаған».

Өтепберген Әлімгереев ағамыздың айтысына қарағанда, Үмбетқали білімді, мәдениетті адам болған көрінеді.

«Үмбетқали кейін 70-жылдары сауда-саттықпен Мәскеуге келіпті. Бірақ елге келе алмаған. Ал мындағы ағайындары олардың адресін тауып, фин жеріне барыпты. Сүндетқали да барған-ау деймін. Бұлар «біз Үмбетқалидың туыс­тарымыз» десе, бір қызы «папам үйде жоқ еді, қазір хабар берейін» депті. Сөйтсе ол Еуропаның бір елінде жүріпті. Үмбетқали тез жетіпті. Өйткені өзінің жеке ұшағы бар көрінеді. 5-10 күн үйінде қонақ болған туыстарына Үмбетқали: «Мен елге енді бара алмаймын. Олар мені кіргізбейді» депті. Бір шифонерді ашса, ішінде 16 түрлі костюм бар екен: «осыны түгел алып кетіңдер» депті. Туыстары бір-екеуін ғана алған сияқты. Ол осы Атыраудағы туыстарының бірінде сақталған болуы мүмкін», дейді Ө.Әлімгереев.

Ол кісі бұл деректі қазір Атырауда тұратын Сүндетқалидың қызы Нәбира­дан естігенін айтады. Ол кісінің мәліметін­ше, Үмбетқали 1905 жылы туыпты. Ал Есмырза бұлардың туысы екен.

Осы жерде Аманғали Кенже­ахмет­ұлына (1888-1928) аз-кем тоқтала кеткен жөн шығар. Аманғали қазіргі Атырау облысы Исатай ауданында туыпты. Өзі әнші, ақын, балуан болған адам. Аманғалидың соңында асқақ рухты әндері, өлеңдері қалды. А.В.Затаевичтің «Қазақтың 1 000 әні» кітабына 2 әні нотасымен енген. Аманғали туралы белгілі композитор әрі жазушы І.Жақанов, атыраулық қаламгер Т.Тінәлиев, ақын Т.Досымов, сондай-ақ Л.Қапашев әдеби-көркем шығармалар және зерттеу мақалалар жазып, деректі кинофильм түсірген.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылда­рын­да ол қуғынға ұшырап, «банды Аман­­ғали» атанды. Ескіше сауат ашқан. 1916 жылғы маусым жарлығымен қара жұ­мысқа алынып, елге 1917 жылдың ақ­пан төңкерісінен кейін оралады. 1918-1919 жыл­дары милиция қызметкері ре­тін­де Нарын өңірінде кеңес өкіметін орна­­туға қатысқан. 1921-1922 жылдары Шолан­тау маңында (Нарын құмы) Серов, Ки­се­левтің ақ гвардияшыларына қарсы соғы­сады.

Аманғалидың «банды» атанып, қу­ғын­далуы болмашы оқиғадан – аға­йын, екі құда арасындағы реніштен басталған.

«Мен Оралдың архивінде екі апта отырып, Аманғалидың қылмыстық ісі­мен таныстым. Ол кезде көшірме жасау, фото­ға түсіру жоқ. Қолмен жазып көшір­дім. Солардың бәрін бір папка қылып Ләтифолла Қапашев ағамызға бердім. «Соңғы саңлақ» деген тақырыппен өзім жазсам деп жүргем. Бірақ сол кісі жазып жатыр дегенді естіп, үлкеннің алдын кесіп өтпейін, «тақырыпты менен бұрын бастаған екенсіз» деп Ләтифолла ағамыздың өзіне бердім. Аманғали елдегі тентек адам болған. Кикілжің уақ-түйек нәрседен шығыпты. Бұлар жиналып, карта ойнайтын көрінеді. Бір НКВД-да істейтін Жұмағали деген кісі қарақулық жасапты. Содан басталған, қысқасы. Соңы саяси сипат алып кеткен. Анау кеңес адамы, өзі органда істейді. «Банды» деген атты жақсылап жапсырған. Кеңес өкіметіне қаралап көрсеткен. Шетелге қашып кетпекші болғанын біліп, ақыры атып өлтірген», дейді белгілі қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат.

Аманғали 1925 жылы Жайықтың Бұхара бетіне өтіп, Адай правителі (ревкомы) Тобанияз Әлниязовты сағалайды. Алайда ол шарасыздан куғыншылар­дың қолына Аманғалиды ұстап береді. Аманғали Орал түрмесіне жөнелтіледі. 1926 жылы мамырда Аманғали үш адам болып түрмеден қашады. Бостандыққа шығысымен кек алуға аттанады. Атыс-шабыс кезінде Аманғалидың қасын­дағылар Жұмағалидың немересін, кейін баласын өлтіреді. Осылайша, «банды» аталып, жала жабылған Аманғалидың соңынан жазалаушы отряд шығады. Қашып-пысып, тынымсыз жортуылда жүр­генде ұлы Нағымжан, зайыбы Мұхсина, т.б. серіктері ұсталып, кейбір туған-туыстары оққа ұшып, Аманғали жалғыз қалады. Ақырында, 1928 жылы 11 қаңтарда немере інісі Тайыр екеуі қуғыншылар қолынан қаза табады. Олардың сүйегі қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қарағайлы деген жерінде жатыр. Ал інісі Үмбетқали 1988 жылы фин жерінде қайтыс болып, жат жерден топырақ бұйырды.