Ауыл • 12 Наурыз, 2024

Бөлінген қаржы ауылға жетпейді

196 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауылды көтеруге бағытталған бағдарлама мен құжаттардың саны көбейген сайын салада шешілуге тиіс мәселенің де көлемі ұлғайып әрі күрделеніп бара жатқандай. Сарапшылар ауылға бөлінген қаржы қолжетімді әрі тиімді болуы үшін Агробанк керек дегенді біраздан бері айтып жүр.

Бөлінген қаржы ауылға жетпейді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Парламент депутаттарының  сарап­шы­лардың табандылығы арқа­сында Үкіметтің көзқарасы дұрыс­талып, жа­ғ­дай өзгере бастады.  Қазір Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мүд­делі мем­лекеттік органдармен Агробанк құру мәселесін пысықтап жатқан көрі­неді. Бастамаға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қарсы емес секілді.

Мәселе кеш те болса қозғалды, бірақ көп нәрсені уыстан шығарып алдық. Біз ЕАЭО шарттарын Агробанкпен байланыстырып қарауымыз керек еді дейді сарапшылар. Ауылды квазисектордағы қаржы институттарының көмегімен аяққа тұрғызамыз деген ұранның үмітті ақтамағаны  2015 жылдары-ақ белгілі болып қалған. Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін несиенің басым бөлігі ірі шаруашылықтар еншісіне тиеді де, шағын фермерлер шөміштен қағыла береді. Үкіметтің ауылға бөлген қаржысының шамамен 86%-ы үлкен  кәсіп­орындарға тисе, 24%-ы ұсақ ша­руа­шылықтарға бұйырады. Ресейде де Агробанк құру тәжірибесі бар. Сол арқылы агросекторға төмен пайызбен несие беріп, ауыл  шаруашылығын құл­дыраудан сақтап қалды. Яғни аграр­­лық банк қиын сәтте «құтқару жастық­шасы» міндетін атқара алады.

Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, біздің елде ауылды қаржы­ландыру мәселесі бірізге түсірілмеген. Ауылдың инвестициялық табыс деңгейі де зерттелмеген. Екінші деңгейлі банк өкілдері субсидиялау жүйесі шығынды жауып, өнімнің өзіндік құнын азайтып, ауыл шаруашылығы саласының табыстылығы артқанда ғана қаржы салуға болатынын айтады. Ал мамандар субсидияға бөлінетін қаражат екі еселенсе, жағдай сәл де болса жақсарып, жерді сауықтыруға мүмкіндік туады дейді. Сондықтан бизнестің бұл мәселені айналып өтуінің басты себебі осы екенін екі тарап та мойындайды.

«Мемлекеттің бөлген қаржысының біраз бөлігінің ауылға жетпейтіні – айтыла-айтыла ақжемденген тақырып. Несиелік серіктестіктердің ауылға несие беру саясатын жүргізуге  шамасы жетпей отыр, активтері де, капиталы да аз. 2023 жылғы деректерде 280 мың ауыл шаруашылығы субъектісінің 8 532-сі немесе олардың жалпы санының 3%-дан сәл астамы ғана мемлекеттік мекемелер арқылы несие алғаны айтылған. Ал банк­терден несие алған шаруалардың үлесі бұдан да аз. Себебі міндетті түрде кепілге мүлік қоюы шарт, одан өзге қаржылық есептілік пен тұрақтылыққа қатысты талабы да қатал. Демек еліміздегі барлық шаруаның 5%-ға жуығы ғана несиеге қол жеткізе алады. Қолдың қысқалығы мен қаржының тапшылығынан шаруалар бәрін үнемдеуге мәжбүр. Жо­ға­ры сапалы тұқым, тыңайтқыш, пес­тицид, құрал-жабдық пен жанар-жағармай материалдарын жеткілікті мөл­шерде алуға мүмкіндік шектеулі. Ресейдің шекаралас облыстарындағы астықтың өзіндік құны Қазақстанмен салыстырғанда 1,5 есе төмен. Ресей фермерлері бұған мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкінен арзан және ұзақмерзімді несие алу арқылы қол жеткізді. Ал Өзбекстандағы Агро­банк 2009 жылдан бері жұмыс істейді», дейді ол.

Б.Зиябековтің айтуынша, Агробанкін ашуға кедергі болып, қарсы­лық танытып келген топтардың месе­лі қайта бастады. Үкімет мұндай қар­жы ұйы­мы­ның қажеттілігін енді түсінді.

«Мұндай банкті әуелде мемлекет балансында ұстап, кейін жекеменшікке беруге болар еді. Бірақ біздің елде салалық банктерді ашуда кедергі көп.  Қолданыстағы заңдар, оның ішінде «Қазақстан Республикасының банк­тер қызметі туралы» заңы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банктен» өзге бірде-бір банк мамандандырылған банк бола алмайды. Егер осы норманың күші жойылса,  аграрлық банктің ашылуына кедергі де жойылады. Күні бүгінге дейін қабылданған заң күші бар құжаттарда ауылды қаржыландыру тетігі қарастырылмапты. 1998 жылы ауыл шаруашылығының даму стратегия­сы деген үш жылдық бағдарламада осы мәселенің шет-жағасы айтылған. Бірақ соңғы нәтижеде мүдделі топтар ауылды тек бидаймен ғана байланыстырып қарады да басқа мәселе ұмыт қалды», дейді.

Ол аграрлық банк ашуды заңға өзгерістер енгізуден бастау қажеттігін айтады. Баяндауынша, арнайы банк жұмыс істеген жағдайда ғана бөлінген қаржы да берекелі болады.

«Әлемдік тәжірибеде ауылға қатысты мәселенің бәрі аграрлық, кооперативтік банктер немесе мемлекет-жекеменшік серіктестік түріндегі банктер арқылы шешіледі. Қаржыландыру мәселесі де сол банктердің ұсынысы негізінде рет­теліп отырады. Банк басшыларының ұсынысында жергілікті кәсіпкерлердің бизнес жобасы ескеріледі. Бұл ауылды қаржыландырудың  көпдеңгейлі жүйесін қалыптастырар еді», дейді Б. Зиябеков.

Агробанк құру туралы әңгіме қоз­ғал­­са, мемлекет осыған дейін ма­ман­­дан­ды­рыл­ған банктің бірнеше рет банкротқа ұшырағанын алға тартатын. Экономист Қуаныш Айтахановтың сөзін­ше, алайда қиын-қыстау шақтарда тек ауыл шаруашылығы банкі емес, бүкіл банк жүйесі дағдарыспен бетпе-бет қалды.  Олардың кейбірін мемлекеттік қолдау арқасында түзеп алғанымызды бәрі біледі.

«Халықтың 46 пайызы ауылда тұра­ды. Демек банк клиенттерінің саны кемі 1 млн адам деген сөз. ЕАЭО-дағы се­рік­тес ел РФ мен Белоруссиядағы аг­ро­банктердің барлық аймақта филиа­лы бар. Әлемнің 90 елінде ауыл шаруа­шылығы банкі жұмыс істейді деген деректің өзі біз көзге ілмей отырған мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп тұр. Ауылға қаржы жеткілікті бөлінеді. Демек «Агробанк несиесінің пайыздық үстемесін ауылға бөлінген демеу қаржы арқылы да жеңілдетуге болады. Пайыздық мөлшерлемелерді мемлекет есебінен төмендету үшін субсидия бөлуге тиіспіз»,  дейді Қ. Айтаханов.

 

АЛМАТЫ