Ұстаз • 12 Наурыз, 2024

Ауыл мұғалімінің «Алтын тұғыры»

176 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейіпкеріміз Шұғыла Шайманалиева тұлымшағы желкілдеген кішкентай күнінен мұғалім болуды армандапты. Кім білсін, мүмкін бұған әкесі Қанибек пен анасы Жаңылдың «біздің Шұғыла өскенде мұғалім болады» деп айнала өбектеп, перзенттерінің сол биікке жетуіне барынша мүмкіндік жасағаны да әсер еткен шығар. Әйтеуір, бала көңілі сыныпқа жарқырай амандасып кіріп келетін мұғалімді ерекше жақын тартып тұратын. Сондықтан да өзі туып-өскен Қармақшы ауданы Алдашбай ахун ауылындағы № 111 орта мектепті бітірген ол 1990 жылы еш ойланбастан Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін таңдады.

Ауыл мұғалімінің «Алтын тұғыры»

Бұл қоғам алмасып, жылдап жалақы алма­ған жұрттың көбі күнкөрістің қ­а­мы­тын мықтап киген аласапыран уа­қыт еді. Жан-жақтың бәрі қусырылып келе жатқандай сезілетін сондай кезең қиын­дығын студенттік өмір байқатпады. Оқу орнын бастауыш сынып мұғалімі маман­дығы бойынша бітіріп, еңбек жолын өзі оқы­ған № 111 орта мектептен бастады. Көз­дері жәудіреп отырған топ баланың алды­на жүрексіне шыққаны кеше ғана сияқ­ты еді. Бүгін қарап отырса, оған да 31 жыл болыпты.

Қазіргі білім саласы өзгеріске толы. Жаңа қоғам мұғалімі осы жаңалықтан қалмай, заманауи әдістемелерді меңгеруі керек. Әсіресе мектеп табалдырығын жаңа аттап, жан-жағына үркектей қарап отырған шәкірттер жүрегіне кілт тауып, олардың танымын кеңейтуге алғаш қадам жасайтын бастауыш сынып мұға­лім­де­рінің жүгі екі есе ауыр. Осы күні педагог-зерттеуші санатындағы жоға­ры білімді бастауыш сынып мұғалімі Шұғы­ла Қанибекқызы әр салада бір биікті бағындырған оқушыларын мақтан етеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген тәмсілі ұстаз­дықтың қай уақытта да ауыр жүк арқа­лағанын аңғартады. Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен салаға қол­дау артып, қала мен ауыл мектебі ара­сын­дағы айырмашылықты азайту бағы­тын­дағы бастамалар қолға алынды. Бұған, әрине, біз қуанамыз. Республикалық «Ақбота», «Бастау» олимпиадаларында, халықаралық «Кенгуру», «Пони» бай­қау­ларында жеңімпаз атанған шәкірт­те­рі­мнің жеңісіне марқаямын. Ауыл мек­тебінің мәртебесін көтеруге сәл де бол­са септігімді тигізгеніме қуанамын. Осын­дай­да ең әуелі мені ұлы мұрат жолын­дағы ұстаздар қатарынан көргісі кел­ген әкем мен анамның сенім­ін ақтағаныма шүкіршілік етемін», дейді ол.

Ізденімпаз педагог 2021 жылы аудан­дық «Үздік бастауыш сыныптағы математика пәнінің мұғалімі 2021» байқауында жүлделі орыннан көрінді. Келер жылы «Білім беру ұйымдарындағы әдістемелік жұмыс­тарды ұйымдастырудың ерек­ше­­­ліктері мен мүмкіндіктері» та­­қ­ы­­ры­бындағы облыстық семинарда ма­ра­­пат төріне көтерілді. Сол жылы «Мате­ма­­тикалық сауаттылық – ой дамыту» та­қы­рыбындағы авторлық бағдарламасы жа­рық көріп, «Тәуелсіздік тірегім – Ел­таң­бам елдігім» атты республикалық байқаулар жинағына мақала жариялады. Республикалық басылымдарда бас­тауыш сыныптарда мақал-мәтелдер арқылы оқушының тіл байлығын дамыту бағытындағы мақалалары жарық көріп жүр. Осы жетістіктері үшін әр жылдары аудандық, облыстық кәсіподақ комитеттерінің, аудандық білім бөлімінің марапатын алды.

Былтыр күзде бастауыш­ сынып мұ­ғалімдеріне арналған республикалық «Ал­тын тұғыр» олимпиадасының аудан­дық кезеңінде топ жарды. Биыл қаңтарда об­лыс­тан да озық шығып, республикалық ке­зең­ге дайындалды. Ақпан айында педа­гог­­тердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, мұ­ға­лімнің шығармашылық әлеуетін дамыту мақ­­сатында Астана қаласында «Дарын» РҒПО мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту ор­та­­­лығы ұйымдастырған республикалық са­­­йыста Шұғыла Қанибекқызы елдің әр тү­­­к­­­пірінен жиналған 160-тан астам әріп­те­­сі­нің арасынан дара шығып, І орын ие­лен­ді. Байқауда биіктен көрінген ауыл мұ­ға­ліміне Дубайға жолдама табыс­талды.

«Олимпиада тапсырмалары баста­уыш сынып бағдарламаларын негізге алып құрастырылған авторлық, логикалық есептерден тұрды. Еліміздің әр қиырынан жиналған мұғалімдермен бәсекеге түсіп, ең жоғары ұпай жинадым. «Алтын тұғыр» – мамандар тәжірибесін ұштап, ынталандыратын жоба. Кәсіби дағдымызды жетілдіріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетін сайыстан түйгенім көп. Менің жеңі­сіме сенім білдіріп, қолдау танытқан әріп­тестеріме, аудандық білім бөліміне, өзім еңбек ететін № 111 орта мектеп ұжы­­мына алғысымды білдіремін», дейді Шұғыла Қанибекқызы.

 

Қызылорда