Қылмыс • 13 Наурыз, 2024

Интернет алаяқтарынан сақтаныңыз!

112 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкентте кейінгі жылдары интернет алаяқтық қылмыстары өршіген. Осыған байланысты онымен күрес те тиісті орган тарапынан күшейіп жатыр. Жуырда интернет алаяқтарға алданып қалмаудың алдын алу мақсатында қалалық полиция департаментінде жиын өтті. Блогерлер, журналистер, қоғам белсенділері қатысқан отырыста полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев ғаламтор арқылы алаяқтар халықты қалай алдайтынын баяндап, осы мәселені жалпақ жұртқа кеңірек жеткізу керектігін айтты.

Интернет алаяқтарынан сақтаныңыз!

Полиция полковнигінің мәлімдеуінше, интернет желісінде болатын қылмыстар саны кейінгі жылдары күрт артқан. Мәселен, 2021 жылы мегаполисте 1 124 интернет алаяқтық қылмыстар тіркелсе, 2022 жылы ол 1 161-ге өскен. Былтыр ғаламтор желісінде халықты сан соқтырып кеткен алаяқтық деректер 991 болған. Ал биыл алғашқы екі айда 118 осындай қылмыс саны тіркелген. Маманның айтуынша, алаяқтардың ғаламторды оңай олжа табудың құралына айналдыруының басты себебі адамдардың жасы бар, кәрісі бар күндіз-түні интернетті пайдалануында болып отыр. Есесіне солардың кесірінен ақшалай келтірілген залал көлемі де артып барады. Оның нақты мысалы, былтыр орын алған 991 интернет алаяқтық қылмыстан 870 млн теңге мемлекетке шығын келген. Дәл осындай жиын мұның алдында да қалалық прокуратура ғимаратында болған.

Соңғы кезде интернет алаяқтықтан сақтандыратын түсіндірме жұмыстарын көбейтуге халықтың қаржылық сауатты­лы­ғының төмендігі итермелеп отыр. Осы орай­да полиция департаменті әккілердің құрығына ілігіп қалмаудың жолдарын көрсет­кен бейнеролик түсірген. Учаскелік поли­цейлер де осы күнде өз аумағында интернет алаяқтық бойынша қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болған. Дегенмен мұндай қылмыстың тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше саны жылдан-жылға артып барады. Сол себепті қалалық полиция департаменті қоғам белсенділерін, БАҚ өкіл­дерін жинап, осындай маңызды жиын өткі­зуге мәжбүр. Мұндағы мақсат – жиынға келген әрбір қатысушы әлеуметтік желі арқылы немесе ауызша түрде болсын жақындарына, халыққа интернет алаяқтардан сақтанып жүруді еске салу. Сондықтан полиция полковнигі бір азаматты қылмыскерлердің тұзағынан аман алып қалсақ соның өзі іс-шараның берген үлкен жетістігі деді. Осы ретте маман алаяқтардың адамдарды қалай алдап соғатыны және одан қайтіп құтылуға болатыны жайлы ашық баяндап берді.

Полиция өкілінің мәлімдеуінше, 2021 жыл­дан бері ең жиі кездесетін оқиғаның бірі – қылмыскерлер өтірік банктің немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде өздерін таныстырып, шотындағы ақшаға интернет алаяқтардан қауіп төніп тұрғанын айтып, дереу басқа шотқа аудартады болмаса онлайн несие алдыртады. Қылмыскерлер адамды сендіру үшін неше түрлі әдісті қолданады. Құпия болған барлық деректі айтып береді, өзінің қызметін куәландыратын құжаттарын көрсетеді, тіпті әдейі сөйлесіп жатқанда тұтқаның ар жағынан кеңседегі қарбалас жұмыстың дауысын естіртіп қояды. Осындай жағдаяттар адамды лажсыз иландырып тастайды. Сөйтіп, ешкімнен ақыл-кеңес сұрамастан, өздігінше шешім қабылдап,
3-4 банктен несие рәсімдеп, тіпті оны өзге шотқа аударып үлгереді.

Тағы бір назар аударарлық жайт, алаяқтар құрбандарына біреуге хабарласуға болмаса қабырғасымен кеңесуге еш мүмкіншілік қалдырмайды. Өйткені олар сөзбенен құрбанын жыланша арбаудың тәсілін әбден меңгергендер. «Сіз тұтқаны қоймай тұрыңыз, былай жасасаңыз дұрыс болады» деп артық әрекет жасауға ешбір мүмкіншілік бермейді. Міне, осындай сөздің сиқырынан шыға алмай қалудың салдарынан интернет алаяқ­тар жөнінде күніге естіп, біліп жүрсе де көп азамат алданып қалып жатыр. Бір өкініштісі, адамдар несиені өз қолдарымен, келісім беруімен рәсімдейді. Былайша айтқанда, алаяқтың қалтасына ақшаны өзі салып береді. Осы ретте полиция өкілі мұндай жағдай орын алатын болса, дереу тұтқаны қойып, банктің өзінен немесе 102 нөміріне телефон шалып мән-жайды білуі керек дейді. Өйткені банкке немесе құқық қорғау органына азаматтардың құпия деректерін хабарлау немесе сұрау керек емес. Олар онсыз да бәрін біледі. Егер анық бір жағдай мәжбүрлесе ешкімнен сұрамай-ақ деректерді тексере береді.

«Алаяқтықтың екінші кең тараған түрі ол инвестициялық салымдар. Яғни интернет желісінде газ, мұнай, басқа да пайдалы қазбалардан мол дивиденттер алуға болатыны жөнінде танымал тұлғалардың аузы­мен сөйлеткен бейнероликтер өріп жүр. Интернет желісін пайдаланушы сілтеме арқылы сайтқа кіреді. Сол кезде оған алаяқтар байланысқа шығып әбден миын улайды. Бастапқы кезде сендіру үшін ­20 мың теңге құйдырады. Арнайы инфографика арқылы ақшасының қалай еселеніп жатқанын бақылатады. Әбден сеніміне кіріп болғанша осылайша бір-екі ай алдаусыратып жүреді. Кейін үлкен ақшаға қалай алданып қалғанын азаматтың өзі де түсінбей қалады. Тіпті басындағы жалғыз баспанасын сатып инвестицияға құйып жіберген кісілер де болды. Бұл жерде айтқымыз келгені, ешқандай батпан құйрыққа алданып қалуға болмайды. 50-100 пайыз үстемеақы берем деу – барып тұрған өтірік. Тіпті екінші деңгейлі банктердің өзі депозитке жылдық 15 пайыз үстемеақы қояды. Сондықтан адам дүниеқоңыздыққа салынып кетпей, әрдайым шындыққа тура қарап жүруі керек», деді полиция департаментінің өкілі.

Бұл ретте маман интернет алаяқтардың қылмыстық ісін тергеп-тексерудің өзіндік қиындықтары барын жасырмады. Мәселен, қылмыскерлер онлайн арқылы санаулы минуттар ішінде ақшаны бірнеше шотқа аударып үлгереді. Ал оны ертең полиция тексерген кезде әрбір аударылған шотқа банктен арнайы санкция алады. Мәселен, Халық Банкінен Каспиге аударылса екі банктің де санкциясы керек болады. Ал бұл дегеніміз қаншама уақытты талап етеді. Сондықтан маман азаматтардың өз-өздеріне ықтиятты болып, бөтен кісіге телефон арқылы ешқандай құпия деректерді айтпауға, қаржылық бірде-бір іс-шараларды атқаруға жол бермеуге шақырды.

Өз кезегінде блогер, ұзақ жыл қаржы саласында еңбек еткен азамат Бақытжан Көпбаев интернет алаяқтық бойынша жауапкершілікті бірінші кезекте банктердің өзінен бастау керек деген ұсыныс тастады. Оның айтуынша, егер алаяқтық бо­йынша шығындарды сақтандыру жүйесі арқылы өтеуді банктің мойнына жүктесе, онда қаржы институттары азаматтардың қылмыскерлерге алданып қалмауына бірінші кезекте өздері мүдделі болар еді. Ал қазіргі таңда алданатын да, бар зауалды көтеретін де байғұс халық пен өте қиын істі тергеп шаршайтын полицейлер болып тұр.

 

ШЫМКЕНТ