Шаруашылық • 13 Наурыз, 2024

Cапасыз тұқым сан соқтырмасын

151 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Павлодар облысында көктемгі егіске 21 мың тонна тұқым жетіспейді. Диқандар бұл тапшылықты импорттық өнім сатып алу арқылы толтыруға ниетті. Алайда жергілікті мамандар сырттан жеткізілетін кейбір тұқымның өнгіштігі өте төмен екенін, кейбірінің көрсеткіші 40-60 пайыздан аспайтынын ескертіп отыр.

Cапасыз тұқым сан соқтырмасын

«Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-ның аға ғылыми қызметкері Наталья Жукованың айтуынша, фермерлер кез келген тұқым­ның сапа тұрғысынан негізгі екі көр­сеткішіне көңіл аударуы керек.

«Ең әуелі сырттан сатып алынатын тұқымның фитосанитарлық талаптарға сай екені құжат жүзінде нақтылануы керек. Аудандастырылмаған дәнді дақылмен біздің өсімдіктер үшін қауіпті аурулардың қоздырғыштары келуі мүмкін. Кейбір қауіпті ауру түрлері үлкен егіс танаптарын тып-типыл етіп жіберуге қабілетті. Екіншіден, кез келген тұқымның өнгіштік көрсеткішін әбден зерделеу керек. Көктемгі егіс жұмыстарына дейін әлі біраз уақыт бар. Кейбір фирмалар тауарлық дақылды тұқым деп сатып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан ғалымдардың, зерттеу инс­титуттары мен зертханалардың көмегі арқылы дақылдардың бұл қасиетін анықтауға болады. Мәселен, былтыр Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қос­танай облыстарында күзгі жаң­бырдан астықтың сапасы төмендеп кетті. Диқандар су астықты жинап, оны қол­дан кептіруге мәжбүр болды. Бұл дәнді да­қыл­дардың сапасын айтарлықтай кемітті», дейді Н.Жукова.

– Жуықта біз өзге бір аймақтан әкелінген тұқымның сапасын тексеріп көрдік. Оның өнгіштік қабілеті 40-60 пайыз аралығында ғана екені белгілі болды. Түсініктірек болуы үшін айтайын, біздің стансада тұқым өндіру кезінде белгілі бір дақылдың 100-ден 97 пайызы ғана өніп шықса, ол тұқым түрі сыртқа шығарылмайды. Бұл толыққанды өнім беруге қабілетсіз деген сөз. 40-60 па­йыз – егілетін егіннің тең жартысынан өнім алынбайды дегенге саяды. Яғни фермер 100 гектарға егін салса, оның 60 гектарында түк шықпайды. Бұл – ертеңгі күні қып-қызыл шығын, – деп сөзін жалғады серіктестіктің аға ғылыми қызметкері .

Маманның сөзінше, Павло­дар облысы бойынша Ертіс, Желе­зин, Успен аудандарында ылғал­дың мол қоры байқалады. Ал Шарбақты, Аққулы, Павлодар аудандарында керісінше қар аз түскен. Сондықтан былтырғы құр­ғақшылық кейбір жерлерде қайталануы мүмкін.

«Егер алдағы уақытта ауа райын болжаушылар биылғы жаз­дың да құрғақ өтетінін болжаса, онда шаруаларға біртіндеп бидай мен арпадан гөрі тамыры тереңге кететін дақыл түрлерін таңдағаны дұрыс. Мысалы, күнбағыстың тұқымы тамырын тереңге салады. Біздің станса бұл жағынан шаруаларға ақыл-кеңес бере алады. Кейінгі жылдары әлем бойынша климат өте құбылмалы, алдағы жаздың қалай өтетінін тап басып айту қиын. Соған орай көктемгі тұқым себу шараларын қай мез­гілде жүргізу керектігі туралы да ерте бастан айту ойға сыймайды. Қар кетіп, көктем орталанған тұста барлығы белгілі болады», деді маман.

Тағы бір мәселе, «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» жергілікті шаруа­лар­ға тұқым сата алмайтыны да белгілі болып отыр. Себебі был­тыр 1400 гектар жерге егін салып, ол толы­ғы­мен құр­ғақ­шылық салдарынан күйіп кеткен. Тұрақ­тан­дыру қорының арқасында биыл небәрі 1000 гектарға тұқым себіледі деп жос­парланған.

Серіктестік жыл санап селекция саласында түрлі жетістікке жетіп келеді. Тек былтыр жаз­да екі бірдей арнайы патент­ке ие болды. Оның бірі – «Анель – 16» жаздық жұмсақ бидайы. Стансаның тәжірибе алаң­дарында өсіп шығарылған жаңа сорт гектарынан 18 центнер өнім беруге қабілетті. Құрғақшылыққа төзімді, Ертіс-Баян жерінің топырағына бейімделген жаңа сортты ендігі жерде көбейтіп, жергілікті астық шаруашылықтарына тарату мәселесі тұр. Бұған қоса, әзірше «Людмила» атауы берілген тағы бір сорт жақын уақытта тіркеліп қалады деп күтіліп отыр. Егер осы екі сортты Қостанай мен Солтүстік Қазақстан өңір­ле­ріндегі егіс танаптарында қол­данар болса, оның әлеуеті толық жарқырап көрінер еді деп санайды сұрып иелері.

Ғылыми орталықтың және жергілікті ірі шаруашы­лық­тардың бірлесуімен шыға­рыл­ған «Галичанка», «Победа» сұрып­та­ры­на жергілікті агро­құры­лымдар қызығушылық таныта бастаған. «Павлодарская юбилейная» және «Кондитерская юбилейная» аталатын жаңа бидай сұрыптары жергілікті тұқым нарығында үл­кен сұранысқа ие. Бұдан бөлек, сұлы, тары, көпжылдық шөп бо­йынша да жетістіктері аз емес.

Биыл өңірдегі егіс алқапта­ры­ның көлемі 1 млн 657,6 мың гектар болады деген болжам бар: Астықты, майлы және жемшөп дақылдарының егістігін кеңейту есебінен өткен жылғы деңгейден 8,1 мың гектарға артық. Көктемгі дала жұмыстары үшін 174,4 мың тонна тұқым қажет.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшы­сы­ның мін­детін атқарушы Төлеген Көшер­баевтың дерегінше, аймақта 8 аттес­татталған тұқым шаруа­шы­лы­ғы субъектісі, оның ішінде 7 шаруашылықта сатуға арнал­ған 12,8 мың тонна тұқым бар. Бүгінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ астықты дәнді дақылдар тұқымын сатып алуға тауарлық несие беруді көздеп отыр. Ал тұқымның жалпы жетіспеушілігі – 21 мың тонна. Бұл көлем өңірден табылмаса, өзге аймақтардан, шет мемлекеттерден сатып алынады деп жоспарланған.

Облыста барлығы 49 358 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен түрлі жабдықтар бар болса, оның 39 327-сі немесе 79,7 пайызы тозып кеткен. Көктемгі дала жұмыстарын жүр­гізу үшін Павлодар облысына бөлінген 25,7 мың дизель отынын жеткізумен «LF TRADE» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС операторлары айналысып жатыр. Трактор отынының бір литрі 282,4 теңгеден сатылады.

Айтып өтейік, алдағы егін шаруашылығын қолдау үшін бюджеттен 5,9 млрд теңге субсидия қарас­ты­рыл­ған.

 

Павлодар облысы