Аймақтар • 13 Наурыз, 2024

Қарағайдан ойып алған жиһазым

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ит тұмсығы өтпейтін, орман-тоғайы мол Көкше өңірінде ағашты кәдеге жаратып жатқан кәсіпорын көп емес. «Kazwood» серіктестігі осы олқылықтың орнын толтырып отыр.

Қарағайдан ойып алған жиһазым

Серіктестік әуелі қарапайым орын­дық жасауды қолға алған. Бірнеше түрін. Жеп-жеңіл, әп-әдемі. Кейін көзтар­тарлық етіп сан алуан ою-өрнекпен әшекейлеген. Цехтағы мамандардың айтуына қарағанда, ағашқа жан бітіру үлкен қажыр-қайратты, шыдамдылықты талап етеді. Орындықтан басталған оңды іс бірте-бірте арнасын кеңейте бастаған. Оған себеп болған жайт –  т­ұтыну­шылардың тілегі. Зеренді ауылын­­да осындай кәсіпорынның бар еке­нін естіп, өнімінің өңін көргеннен кейін ықыластары ауса керек. Асүй жиһаздарын жасауға тапсырыс бере бастаған. Қазір айына шамамен қырық текше метр өңделген ағаштан мыңға жуық орындық пен 500-ге тарта үстелді нарыққа шығарады.

Бір айта кетерлігі, ағаш це­хын­­­дағы жұмыстың 80 па­йыз­дан астамы автомат­тан­дырылған. Қол еңбегін мейлінше азайт­қан­нан кейін жұмыс та өнімді. Шикізатты жонып, қырлап, қа­лыпқа келтіретін осы заманғы арнайы құрылғылар алыс-жақын шетелдерден жет­кі­зіл­ген. Жал­ғыз құрылғымен 16 бұйым­ды бір уақыттың ішінде ою-өрнекпен безендіруге болады екен. Ілкімділігіне қарап риза боласың. Ал бұйымды көркем етіп, жұтындырып шығару үшін бір тәуліктен аса уақыт жұм­са­ла­ды.

аа

– Мынандай станокпен кез кел­­ген бұйымды жасауға бо­ла­ды, – дейді ағаш шебері Анатолий Литвинов. – Біздегі станоктардың барлығы су жаңа әрі осы замандағы ағаш өңдеу сала­сындағы озық нұсқалар. Қа­зір мен қазақтың әр өрнегіне мол мағына сыйғызып, ұлттық ұғымның ұшқынын бейне­лей­тін ою-өрнек қондырылған жиналмалы үстелдерді жасап жатырмын. Әбден кеуіп, кемеліне келген ағаш көбелектей жеп-жеңіл, ықшам әрі мық шегедей мықты болады. Мынандай дөңгелек үстелге жағалай отырса, он адам еркін сыйып кетеді. Қонақжай халықтың дастарқаны жиналмайтын жақсы әдеті бар ғой. Дөңгелек үстелдің бір жақсы жері көп орын алмайды. Мейманыңды күтіп болған соң ықшамдап жинап, бір қалтарысқа қоя саласың. Ал жергілікті жұрт үстелдің үстіндегі ою-өрнекті көр­ген кезде ықыласы ауып тұрады. Үстелдердің көлемі әртүрлі. Оны патша көңіл тұтынушының тілегі біледі. Төрт адамдығын да, сегіз адамдығын да жасаймыз. Тапсырыс бергеннен кейін әрі кетсе үш күннің ішінде оймақтай етіп қолдарына ұстатамыз.

Негізі жиһаз жасауға қара­ғай қолданылады екен. Серіктестік директоры Ақмарал Омаро­ва­ның айтуына қарағанда, бір кезде құрылыс материалдарын Ресейден жеткізген. Сібір қарағайлары адамның қолы жетпейтіндей жуан болғанымен, нағыз жиһаз жасауға жарамсыздау болып шықты. Іші кеуік, борпылдақ. Ал Көкше қарағайлары шақпақ тас­тай мықты, берік.

– Қазір ең басты­ қиын­­дық шикізатта, – дейді Ақмарал Омарова. – Бағасы қым­бат­та­ған­нан кейін өнімнің өзіндік құны да өсіп кетеді. Ал біз тұрақты тұтынушыларымыздың көңілін жыққымыз келмейді. Жолымызда кесе-көлденең жат­қан бар мәселе осыған келіп тіреледі. Әйтпесе, серіктестік шеберлерінің қолынан шыққан жиһаздар бір шеті Ақтөбе мен Қарағанды, Астанаға дейін белгілі болып қалды. Бәлкім, біздің алдымен сапаға көңіл аударуымыз септігін тигізіп тұрған шығар.

апо

Сәл ғана таратып айтатын бол­сақ, жұмысын жолға қойып, тасы өрге домалай бастаған кәсіпорын бірнеше жұмысты бірік­тіріп отыр. Қажетті шикі­затты өңдеуден бастап дайын өнімді нарыққа шығарғанға дейінгі барлық жұмыс атаулы осы цехта орындалады. Жер­гі­лік­ті жердің жиһазымен ша­ңы­ра­­­ғына шырай кіргізген тұты­ну­шылардың берген бағасы, айтқан лебізіне қарағанда, сапасы шетелдік өнімдерден сынық­сүйем жоғары болмаса, еш кем емес.

Аралап көрдік. Жұмысы кө­ңіл тоғайтар кәсіпорын бес цехтан тұрады екен. Оң қанат­та­ғы біреуінде шикізат өңделіп, біршама пішінделіп, қалыпқа келтірілсе, екіншісінде көз жа­­уын алатын көрікті ою-өрнекпен әр­ле­не­ді. Келесі цехта дайын бұйым сүр­гі­ле­ніп, арнайы сапалы бояумен сырланады. Әзірге мұнда оннан астам адам жұмыс істеп, тұрақты табыс тауып отыр. Кәсіпорынның елге жаққан тұсы да осы. 

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы