Сенат • 13 Наурыз, 2024

Заң шығару қызметіндегі жасанды интеллект

190 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі сарапшылар қауымдастығының және мемлекеттік органдардың өкілдері заң шығару қызметіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін талқылап, осы саладағы бірлескен жұмыстың бағыттарына назар аударды. Аталған жиын кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ахуалдық орталығында өтті.

Заң шығару қызметіндегі жасанды интеллект

Палата спикері рефор­малардың тиімділігі және оларды дұрыс іске асыру көбіне заңнаманың са­па­сына байланысты еке­нін атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа формациядағы заң­дар дайындауға ғылыми-сарап­тамалық қоғамдастықты жұ­мыл­дырудың және оңтайлы заң­намалық шешімдер қа­был­дауға заманауи техноло­гияларды қолданудың ма­ңы­зы зор екенін айтты. Бұл ретте бүгінде түрлі салада айтулы нәтижелерге қол жеткізіп отырған жасанды интеллект тиімді тетік бола алады.

Сенат төрағасының ай­туын­ша, қазіргі таңда елі­­мізде бұл сала құқықтық тұр­­ғы­дан толық реттелмеген.

«Парламент жыл са­йын орта есеппен 100-ге жуық заң қабылдайды. Үкімет пен министрліктер соңғы он жылдың өзінде ғана 30 мың­нан астам нормативтік-құ­қықтық акт қабылдады. Бұл – ауқым­ды деректер жиын­тығы деген сөз. Норматив­тік-құ­қық­­тық актілерді жаңа техно­логиялар­дың мүмкіндіктерін пайдалана отырып талдау қа­былданатын заңнама­лық шешімдердің сапасын айтарлықтай арттыратыны анық. Бізде заңдарды әзірлеу мен келісудің жекелеген кезеңдері әлі де қа­ғаз жүзінде жүргізіледі, яғни үдерістердің бір бөлігі цифр­ландырылмаған. Сондықтан заң шығару қызметінде жасанды интеллектіні, жалпы цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін талдаудың маңызы зор», – деді М. Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы 2021 жылы ұлт­тық жасанды интеллект платфор­масының жұмыс істеуіне байланысты заңнамалық деңгейде базалық нормалар енгізілгенін тілге тиек етті. Атап айтқанда, Ақпа­рат­тандыру туралы заңда ұлттық жасанды интеллект платформасы операторының құзыреті айқындалған. Бұдан басқа, ми­нистрлік Жасанды интел­лек­тіні дамытудың 2024-2029 жыл­дарға ар­налған тұ­жы­рым­дамасын әзірлеп жатыр.

«Мемлекет басшысы заң шығару қызметін цифр­лан­дыруды тапсырғаны бел­гілі. Осыған байланысты Пар­ламент палаталарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Цифрлық стра­тегияның жобасы әзір­ленді. «Е-Парламент» жобасы да іске асырыла бас­тады. Алдағы уақытта осы істе бәріміз бірлесіп әрекет етуі­міз керек. Сенат жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті құқық­т­ық орта қалыптастыруға жәр­дем­десуге дайын. Осы ба­ғыт­тағы тиісті жобалар бо­йын­ша бірлесіп жұмыс істейік», – деді Сенат спикері.

Отырыс барысында Data-Management саласындағы цифрлық шешімдерді реин­жи­нирингтеу, заң шы­ғару үдерісінің қазіргі жай-күйі мен цифрландыру мә­се­лелері, сондай-ақ заң шы­ғару сала­сындағы стар­тап­тар­дың жалпы трендтері де талқыланды.

Одан бөлек, іс-шарада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының төр­ағасы Рүстем Биғари, «Ұлт­тық ақпараттық тех­но­логия­лар» АҚ төрағасы Рос­тислав Коняшкин, Әділет вице-министрі Бекболат Мол­дабеков, «Astana Hub»-тың бас директоры Мағ­жан Мәдиев, «Bizdin.ai» ком­паниясы­ның бас директоры, Айбек Нұртазаев, TAG Consulting-тің басқарушы се­рік­тесі Валерий Гор­лачев, Парламентаризм инс­­­титутының директо­ры Қанатбек Сафинов тағы басқа сарапшылар мен мем­лекеттік органдардың өкілдері сөз сөйлеп, жасанды интеллект саласындағы жобаларын таныстырды.