Фото: kapital.kz
Құрамында төрағалық етуші Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева мен Н.Қ.Сұлтанов бар Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ЖШС-нің банкрот деп тану туралы арызына қатысты азаматтық іс бойынша жергілікті соттардың сот актілерін қайта қарау туралы банктің өтінішхатын қарады.
Серіктестік 23 миллион теңгеден астам салық берешегінің бар екенін және оны өтей алмайтынын алға тартып, банкрот деп тану туралы сотқа арызбен жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот борышкердің арызын қанағаттандырған. Апелляциялық сот алқасы шешімді күшінде қалдырған. Өтінішхатта банк бұрын қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Басқарманың соңғы иесі серіктестікті 11 қазанда сатып алғаны және 2021 жылғы 25 қазанда оны банкрот деп тану туралы сотқа арызбен жүгінуге шешім қабылдағаны анықталды.
Сотқа жүгінген кезде арызданушы өзінің дәрменсіздігін және бюджетке 23 млн теңге көлемінде салық берешегін өтей алмайтынын көрсеткен. Алайда кейіннен оның басқа да кредиторлық берешегі бары анықталды. Оның екінші деңгейлі екі банкке 45 миллион теңгеге, жалдамалы жұмысшыларға 53 миллион теңгеге және азаматтық-құқықтық міндеттемелер бойынша 100 миллион теңгеге жуық басқа да берешегі бар болып шықты.
Сонымен қатар салық органының электрондық шот-фактуралардың ақпараттық базасынан берілген ақпарат бойынша ЖШС 2020 жылғы наурыздан 2023 жылғы наурызға дейінгі 3 жыл ішінде 12 жеткізушімен 1,7 млрд теңгеден астам сомаға сатып алу айналымын жүргізген.
Жоғарыда аталған фактілер арыз берушінің оның дәрменсіздігі туралы дәлелдерін жоққа шығарады. Сондықтан Жоғарғы Соттың сот алқасы ЖШС-ні банкрот деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тартты.