Бокс • 14 Наурыз, 2024

Бусто-Арсициода бес жолдама бұйырды

87 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнир аяқталды. Аталған жарыста ширек финалға дейін жеткен жігіттердің барлығы да Париж Олимпиа­дасында күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Солардың қатарында еліміздің бес бірдей былғары қолғап шебері бар.

Бусто-Арсициода бес жолдама бұйырды

Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Апеннин түбегіне үздік алты шәкіртін апарды. Солардың арасынан тек 63,5 кг салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлының жолы болмады. Былтыр ғана ұлттық команданың сапына енген дарынды жас екінші кезеңде болгариялық Родослав Росеновқа есе жіберді. Ал талай сынақтан мүдірмей өтіп, бірқатар байрақты бәсекеде олжа салған бес спортшымыз ширек финалға сүрінбей жетті.

92 кг салмақтағы Айбек Оралбай АҚШ бокс­шысы Джамар Таллимен күш сынасты. Бұл бәсекеде қандасымыз күмәнсіз жеңіске жетті. 51 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сәкен Бибосынов ұлыбританиялық Кириан Макдональдпен кездесті. Жекпе-жекті өте жақсы бастаған қандасымыз үшінші раундта қатты соққы жіберіп алды. Төреші нокдаун белгіледі. Бірақ дереу есін жиған сақа спортшымыз көздеген мақсатына қол жеткізді.

57 кг салмақ дәрежесінде Махмұд Сабырхан мен Асрор Вохидов шеберлік байқасты. Осы тәжік жігіті 2011 жылы Астанада өткен жасөспі­рімдер арасындағы әлем чемпионатында бас жүлдені олжалаған еді. Одан кейін Асрор дүбірлі додада даралана алмады. Ол Азия ойындары мен әлем чемпионатына бірнеше мәрте қатысса да, жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бұл жолы да дәл солай болды. Апеннин түбегіндегі айқаста Махмұд өзінің мықтылығын мойындатты.

71 кг салмақ дәрежесінде Аслан Шымбергенов әзербайжандық Сархан Әлиевпен айқасты. Команда капитанына тән мінез көрсеткен Асланбектің мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай ирландиялық Келин Кессидимен күш сынасты. Бұл бәсекеде қандасымызға біраз тер төгуге тура келді. Бірақ ол да жеңіске жетіп, жоспарын жүзеге асырды. Нәтижесінде, Бусто-Арсициодан еліміздің бокс­шылары бес лицензиямен оралды.

Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт, Асқар Ерке­баевтың қос шәкірті – Айбек пен Нұрбек Оралбай бірер айдан кейін Францияның астанасында алауы тұтанатын ғаламдық додада өнер көрсетеді. Еліміздің жекпе-жек түрлері тарихында бір шаңырақтан шыққан ағайынды спортшыларға бұрын-соңды ондай бақ бұйырмаған еді. Міне, енді бұл күндері Астананың тұрғыны – Рахат Оралбайдың егіз ұлдары Париж Олимпиадасында күш сынасу құрметіне ие болды. Сондай-ақ Парижге баратындар қатарында 63,5 кг салмақтағы Руслан Абдуллаев та бар. Өзбекстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген қазақ жігіті ширек финалда сербиялық Алексей Сендрикке сан соқтырды. Ал аса ауыр салмақта Қытайдың намысын қорғаған Данабек Байқоныс норвегиялық Омар Мұхаммед Шинадан ұтылып, көздеген мақсатына қол жеткізе алмады.

Әйелдер арасында 75 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен ұлыбританиялық Синди Нгама біздің Валентина Хальзованы оңдырмай сабады. Бәсеке барысында төреші үш рет нокдаун белгіледі. Үшінші раундта бәсеке тоқтатылды. Техникалық нокаут! 50 кг салмақтағы Алуа Балқыбекова германиялық Карина Макси Клейцерге жол берді. Осылайша, біздің қыздар Италиядағы жарыстан құралақан оралды.