Тарих • 14 Наурыз, 2024

Тарихқа блогерлік емес, байыпты көзқарас қажет

787 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Осы тақырыпқа біз, ғалымдар, ертеден көңіл аударуымыз керек еді. Билік тарапынан қоғам ортасына іріткі тудырып, от салу – көне заманнан келе жатқан «дәстүр». XX ғасырда сталиндік билік тарапынан адамды адамға қарсы қою, таптарға бөліп, топтарға тартып, оларды түрлі әрекетке мәжбүрлеу кеңінен тарады. Бұл – қоғамды, қайраткерлерді, зиялыларды бөлшектейтін, бір-біріне қарсы қоятын билеудің қитұрқы тәсілі. «Бөлшекте де, билей бер» (орысшасы «разделяй и властвуй», латынша «divide et impera») дегенді ең алдымен Рим императоры Юлий Цезарь айтты деген сөз бар. Әйтеуір осы сөзді Сталиннің кезіндегі кеңестік билік басшылыққа алғаны ақиқат.

Тарихқа блогерлік емес, байыпты көзқарас қажет

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Төңкеріске дейін қазақ қоғамында бай мен кедей арасында ешқашан тар­тыс, келіспес қақтығыс болған жоқ. Кедей өзінің кедейлігін, аш-арық­ты­ғын байдан емес, Құдайдан көрді. Жарат­қанның басқа салғанына шыдау, көну керек деген басты қағида бол­ды. Бай кедейдің малын ешқашан зор­лықпен тартып алған жоқ, ондайға дала заңы жол бермейтін. Ал екіжақты дау туған болса, оның шешімін билер айтты. Жұттан малы қырылып қалған кедейге бай ағайындары қарайласты, ағынан бөлісті, аштан өлтірген жоқ. Есе­сіне жас азаматтар байдың малдың бағысып, жалға жүрді, жұмысын істеді, жұмсағанына барды. Кететін болса, бай еншісін беріп, үй қылып, алдына мал салып, риза­шы­лығымен босатқан.

Осының бәрін кеңес өкіметі халық­қа теріс ұғындырып, бай кедейге ешқан­­дай қысым жасамаса да, оны халықтың жауы, «қанішер», «еңбегіңді сорған», «малын алған», «қаныпезер», «залым» деп ұқ­тырды. Сөйтіп, екі топты бір-біріне айдап салып, өшіктірді. Ондай құжаттар көп­теп табылып жатыр, жақында кітап болып шықты да. Кедейді байлардан кек алуға үндеді. Қазақ аулында бұрын ешқашан болмаған «белсенді» деген әлеуметтік топты ойлап тапты. Олар большевик уәкілдерінің ақылымен бай мен кедейдің арасын ашып, екі жақтың бір-біріне жауыға түсуіне қызмет етті. Орашолақ, топас, ақылсыз істеріне қарап, халық оларға «шолақ белсенді» деген ат берді. Ешқандай ақыл-айласы жоқ, көбі хат танымайтын «жыртық бөріктілердің» арасында шынында да «шаш ал десе, бас алатын» ұры-қары­лары, ұрдажықтары көп болған. Бар­лық насихат құралы, өкімет адамдары­ның сөздері, баспасөз материалдары, шы­ғармашылық өнімдері тек байды жамандап, оны барынша құбыжық қы­лып көрсетуге тиіс болды. Сөйтіп, қазақ аулында екі топтың арасында қолдан қақтығыс туғызылды. Ал сол «шолақ бел­сенділердің» жазбаларын, арызда­рын көрген қазіргі жас «тарихшылар­дың», блогерлердің көбі қазақты «сатқын» деп өз халқынан өзі жеріп жүр. Алайда оларды өкімет мін­деттегенін, жазбаса көздерін жоятынын ойламайды. Сол сияқты Алаш қайраткерлерінің үстінен жазылған жазбалар, өтірік жазғырулар қызметте жүрген көзі ашық адамдардың бәріне міндеттелгенін білмейді... Өз басын аман сақтау үшін олар бұрынғы алашор­далықтарды жамандауға амалсыз барды. Мұны өзара сын деп ойлады. С.Сей­фуллиннің де, Т.Рысқұловтың да, басқалардың да тағдыры солай.

Жуырда құрметті академик, профес­сор марқұм Талас Омарбековтің ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жыл­дық мерей­тойы қарсаңында «Тар­лан» ин­тел­­лектуалдық клубында айтқан сөз­­дері «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рия­лан­ды (27.02.2024). Ғалымның айт­қаны­ның бәрі – өзі білген деректерден алын­ған, растығына көзі жеткен дүние­лер. Әсі­ре­се мына деректің шынайы­лы­ғы шүбә­­сіз: Әлекең ол кезде Мәскеу­де, күн­діз-­түні соңынан қалмайтын ОГПУ – ­НКВД бақылауында. Жұмысы жоқ, ­табыс көзі тоқыраған. Басқа амалы бол­маған соң, бірде ол РКФСР халық комис­сар­лары кеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың қабылдауына ба­рады. Алайда Рысқұлов хатшысы арқы­­лы «қа­былдамаймын» деп бір-ақ қайтарады...

Мұндайда қазіргі жеңіл ойлайтын­­дар Т.Рысқұловты жамандап, Ә.Бөкейхан­ға көмек қолын созбаған деп ойбай­лап шыға келер еді. Ал Тұрар Рысқұлов Әле­кеңнің өзіне не себепті келгенін айт­пай-ақ біліп, жұмыссыз жүрген тұл­ғаны Нәзір Төреқұлов арқылы баспаға қызметке алдырған... Ал егер Т.Рысқұлов Ә.Бөкейханды қабылдаған болса, басы сол күні кетер еді. Сондықтан арыстарымыз ұзақ уақыт бір-бірінің проблемасын емеуріннен-ақ сезіп, қолдаған. Ал сырт көзге олар бір-бірінен қашқан сияқты көрінеді.

1938 жылы Тұрар Рысқұлов атылды, ал әйелі мен енесі үш бірдей сәби қызымен бірге сталиндік қапасқа қамал­ды. Тірі қалған арыстарымыз­дың бәрі де Алашордадан ат-тонын ала қашуға мәжбүр болған. Бәрінің де оны жамандап жазған хаты бар. Т.Омарбе­ков аталған мақаласында М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің Алашорданы сынаған хаттарын оқып, ұялғаннан жерге қара­дым дейді. Ал осылай жазбаса, қанды өкімет олардың бәрін де құртар еді. Осыны түсінбеген қазіргі байбаламшылдар «ойбай, анау сатқын екен, мынау сатқын екен» деп айғай-сүрең салып жүр.

Басқа амалы қалмаған соң, өтірік жамандауға мәжбүр болған тұлғаларды жерден алып, жерге салуды тоқтата­тын кез жетті. Өтірік куәлік беру, жаны үшін жалған айту орыс және басқа ха­лық­тар арасында да көп болған. Ол жағ­­дайды маған көрнекті грузин де, украин да ғалымдары айтатын. Алай­да басқа халықтар мұндайды тез түсі­ніп, тез тыйылды. Өкінішке қарай, біз­дің арамызда, әсіресе өздерін жарна­ма­­лауға құмар блогерлер осындайды жалау­латуды жалғастырып келеді. Талас Омарбековтің: «ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы қайраткерлерді әде­би шығарманың кейіпкерлеріндей бір-біріне қарсы қоймай, тарихтың күр­делі контексіндегі елдік, ұлттық, халық­тық мүддесін алға шығарып, жан-жақты зерттей білуіміз қажет. Құр коммунист аты үшін немесе белгілі саяси мақ­сатта («өзара сын» науқаны) жазған хаты мен мақаласы үшін жазғыру – әбес­тік... Сәкен мен Тұрарды қазақтың азат­тық идея­сына, ұлттың саяси-экономи­ка­лық дербестігіне қарсы қойып, боль­шевизмнің түрлі қиямпұрыс әрекетімен байланыстыру – 20-жылдардың тарихын мүлде білмеу немесе оқиғалар мен фактілерді өзінің қабылдауынша біржақты түсініп, оқырман мен жас ұрпақты адастыру» деген ойымен толық келісемін. Сенсация іздегіш блогерлер ғана емес, кәсібін сыйлайтын тарихшы, әдебиетші мен журналист ағайындар да осыны әрдайым ескеруі керек.

Әрине, құр дүрмекке еріп, өз заманында адасып, ұлтымыздың арыстарына, олардан кейінгі тұлғаларымызға қара күйе жаққан «шолақ белсенді» адамдар ғылыми және мәдени-шығармашылық қауымнан оқта-текте шығып отырғанын жасыруға болмайды. Олардың біразы туралы естуші едік. Кейбіреулерін көрдік те. Ондайлар өз басына қауіп төнбесе де, жауапты қызметте жүрмесе де, сол кездегі идеологияның, күшпен таңылған насихаттың әсерімен Алашорданы, ұлт тарихындағы елеулі зерттеулерді, ел рухын көтеретін шығармаларды жамандап шықты. Бұлардың біразы – жаңа өкіметке жағынып, көзге түсу үшін, жақсы қызмет, жақсы тұрмысқа жетуді аңсаған карьеристер, шын мәніндегі сатқындар. Ал көбі алданып, кеңестің жалған идеологиясына құрбан, түсінігі төмен пенделер.

Жалпы, сталинизмнің елге әкелген қасіреті туралы Отан тарихшылары аз жазған жоқ. Қазір тарихшылар Алаш қоғалысын, 1928–1933 жылдарғы аш­тық, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақ­стан азаматтарының қатысуы, тың жер­лерді «игеру» науқаны сияқты тақы­­рыптарды тиянақты зерттеп жүр. Осы үдерістен біз де қалмай, белгілі заң­гер, профессор Е.Нұрпейісов, тарих­шы ғалым Ә.Ауанасова үшеуміз бірігіп, 2018 жылы шығарған монографияда боль­шевизм идеологиясын жасаушылар­ды, оны дәріптеушілерді және сол солақай догмаларды Қазақ даласы мен Орта Азия республикаларында іске асыр­ған саясаткерлерді, олардың әдіс-қи­мылдарын зерттеп-зерделедік.

Сәтін салып Қазақстан ғана емес, Ресей, Татарстан, Қырғызстан архив­терінде осы ашаршылық, репрессия та­рихына қатысты архив қорларын ақтар­дым. Сондай-ақ Гувер архиві (АҚШ) және Голландия корольдік ар­хи­він­дегі большевизм қозғалысы мен олар­дың шығу тарихы туралы мәлімет­термен таныстым.

Сол еңбектерді ақтару барысында «социализм-коммунизм» құра­мыз деген көсем «қайраткерлердің» түгел­ге жуығының моральдық дең­гейі, психо­логиялық түйсігі, интел­лек­туал­дық алған білім дәрежесі өте төмен болға­нына көз жеткіздік (мұны 2005 жылғы «Қызылдар мен қаралар» атты кітабым­ның 37–39-беттерінен көре аласыздар). Сол басшылар мен «көсемдер» миына тек адамзат қоғамындағы бай мен кедей ара­сындағы экономикалық теңсіздікті және оны күшпен жоюды ғана сіңіріп, ал оның алғы­шарты мен қалыптасуын түсіне алмаған. Сонымен бірге бүгін айтқан сөзі­нен ертең танып шыға келген. Өтірік, аяр­лық, қорлау, шеттету, кінәлау, айдап салу қа­лыпты жағдайға, жұмыс тәсіліне айналған.

Большевизм көсемдерінің сөзінде тұрмайтынын, айтқандары жалаң насихат пен жалған ұран екенін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұс­тафа Шоқай ерте күннен-ақ білген. Әлекең 1917 жылдың күзінде-ақ олар­дың әркеттерін әшкерелегені белгілі. Қазақ зиялыларымен қоян-қолтық бірге кү­рескен башқұрт ұлтының серкесі Заки Уәлиди Тоған былай деп жазады: «Мы азиаты, обманулись, сохраняя верность клочкам бумаги, которые по мнению Ленина, не имеют никакой цен­ности. Раньше мы представляли Ленина личностью, отличающегося от таш­кентского Колесова, оренбур­с­­кого Цвил­линга, Артема из Центра. Те­перь выя­снилось,что между этими людьми и Лениным нет никаких раз­ли­­­чий» (З.В.Тоган. Воспоминания. Кн.1.Уфа, 1994 – 224,364-б).

Теорияға жетік болды деген Ленин, Троцкий, Зиновьевтер классикалық әде­биеттерден, оның арасында К.Маркс пен Ф.Энгельс мұрасынан тек бай мен кедей арасындағы экономикалық теңсіздіктерді жою жолдарын теріп оқып, оны күшпен іске асырудың жолда­рын іздеген. Ал И.Сталин сияқты еш жерде жұмыс істеп көрмеген «кәсіби революционерлер» олардың еңбектерін түрмелерде, қуғында, жер аударылған жерлерінде қуана «жұтып», іске асыруда төңірегіндегі кәнігі қылмыскерлердің әдіс-тәсілдерін қолданған. Сондықтан да бүркеншік аттар жамылып, ойлағанын іске асыруды қалай ұйымдастырудың үлгісін де қылмыскерлерден алған. Ұйымдарына ақша түсіруде де ашық қылмысқа барып, адам өлтірген, банк тонаған, байларды, ақшалыларды боп­салаған. Куәгер қалдырмай, бірге бол­ған жолдастарына дейін көзін жойып отырған. Камо, Халтурин, Красин деген төңкерісшілердің осындай істері белгілі. Ленин олардың ісін «экспро­приаторларды экспроприациялау» деген сөзбен ақтаған. Олар тіпті көптеген жылдар КСРО елін жасырын атау­лар мен  «кличкаларын» қолданып басқарғанын баршылық біледі.

И.Сталиннің өзі де бұл істе үлкен «шеберлік» көрсеткен. Оның арам істері туралы кезіндегі көмекшісі болған Борис Бажанов та жазып кеткен. Борис Бажа­нов деген кім? Б.Бажанов 1923 жылы алдымен И.Сталиннің көмекшісі, артынан Орталық комитет хатшысы бо­лып тағайындалған адам. 1928 жылға дейін Кремльде жұмыс атқарып, сол кездегі Л.Троцкий, Н.Бухарин, Б.Каменев, Г.Зи­новьев арасындағы (олардың барлығы бүркеншік фамилиямен) саяси күрестің куәгері болған. Сонымен қоса ол бар­лық отырыстардың хаттамасын жүргізіп, дайындаған адам. Яғни көптеген құпия әрекетті өз көзімен көрген. Ал саясатта көп білетін адам міндетті түрде біраз уақыт бақылауда болып, сосын көзі жойылатын. Өміріне қауіп төнгенін сезген Б.Бажанов 1928 жылы Ашхабад қаласына,Түрікменстанға әдейі ауысып, одан Иранға, одан Еуропа арқылы Америкаға қашқан.

Оның естеліктерінен большевик­тер­дің іс-әрекетін білген адамның да төбе шашы тік тұрады. Бүгін пайдаланған ада­мын большевиктер ертеңгі күні жо­йып­ отыруды көздеген. Осы Б.Бажанов И.Ста­­лин мен оның жақтастары маңа­йын­­да жүрген партия мүшелері, рес­пуб­лика басшыларының соңына арнайы тыңшылар қойып бақылап, үнемі қара­уылдап отырғанын нақты факті­лермен көрсетіп жазған. Соның ішінде Тұрар Рысқұлов немесе басқа да барлық ұлттық кадрлар күні-түні бақылауда болғаны айдан анық. Осы үрдіс Мәскеуде ғана емес, ұлттық республикаларға да тараған. Сон­дықтан мен профессор Талас Омар­беков материалындағы Тұрар Рысқұ­лов­тың Әлихан Бөкейханмен кез­десу­ден қашқанын, бірақ байланыс­ты бас­қа жолмен жасады деген болжамын то­лық қостаймын. Тұрар өзінің үнемі ба­қылауда екенін білген. Осындай адам Алашорданың басшысын жеке қабыл­дай алар ма? Мысалы, Заки Уәлиди Тоған Тұрар Рысқұловпен тығыз байланыста болғанын айтады. В.И.Ленин туралы деректі З.У.Тоған Т.Рысқұловқа бергенін, ал сол хат Бөкей Ордасы Алаш азаматтарына (Жаһанша Досмұха­­ме­дов пе екен?) жеткенін, кейін сол хат Түр­кия Президенті Мұстафаға тапсы­рыл­ға­нын еске алады. Яғни Т.Рысқұ­лов 1920–1930 жылдары Кремльде болып жатқан ­саяси күрестер туралы ақпа­­рат­ты ­алып отырып, большевизм көсем­де­рінің бет-әлпетін терең аша білген (Тоған, 367-б.).

Заки Уәлиди Тоған біз үшін тағы да мынадай өте маңызды мәлімет бе­реді. 1919 жылдары болуы керек, Уфа қа­­ла­сында өткен кездесуде Әлихан Бөкей­хан, Мұхамеджан Тыныш­баев, Мұс­тафа Шоқай және Юсуф Акчуринмен кездескен кезінде олар Мұсылман халық­тарының федерациясын құру туралы әңгіме қозғайды. Келесі кездесуде боль­шевизмнен ешқандай жақсылық күту­ге болмайтыны білген олар шетелге, да­мыған Еуропа елдеріне кетіп, түр­кі халық­тарының трагедиясын паш етеміз деп шешім қабылдайды. Т.Рыс­құлов бұл әңгімеден хабардар болған.

Жалпы айтқанда, большевиктер өкі­метті қылмыстық жолмен тартып алды, оны 70 жыл бойы қылмыстық әдіс-тәсілдермен басқарды. Арасында ком­мунистік идеологияға берілген идеал­ды коммунистер болмаса, Кремльдің төбесінде отырғандардың көбі жай­дақ, қайтсе де халықты тыпыр еткізбей ұстауды көздегендер еді. Сталиннің жеке өз басы барлық қулық-сұмдықты мең­герген, қалай пиар жасауды тез бол­жайтын, өте қу, «вор в законе» болды деп айтсақ, артық болмайды. Не білімі, не интеллектісі жоқ ол өз билігін нығайтуда тіпті әдебиет пен өнерді де уысында ұстап, оның дарынды адамдарын, қазақша айтқанда, арқандап ұстап отырған. Әкесін жақсы білген Светлана Алилуева «12 писем другу» атты естелігінде И.Сталинді «диктатор» деп көрстеуі де бекер емес.

Н.Хрущевтің тұсындағы коммунис­тік билік қанды жолмен жүргізілмесе де, халықтарды рухани тұрғыдан езгілеп, тамырынан айырып, ұлттық мектептерді жауып, ұлыорыстық шовинизмді жаппай тарату жолымен кетті. Ешқандай тиімді экономикалық жоба болмаған тың игеру идеясы нақ осы мақсатты іске асыру үшін ойлап табылған. Жүйелі оқыма­ған, білімсіз, мінезсіз, өзін өзі ұстай алмайтын ұшқалақ жан Сталин мектебі­нің «үздік оқушысы» ретінде коммунис­тік-қылмыстық билікті ны­ғайта түсті. Жалпы, біз 1985–1990 жылдары Алаш қайраткерлерін ақтау кезінде олар­дың көбіне шығармашылығын айтып, саяси қызметін көрсете алмадық. Мысалы, Мағ­жан Жұмабаев тек лирик ақын ретін­де көрсетіліп, оның талай саяси үдеріс ішінде болғаны айтылмады. Ал қазір архивтердегі біз тап­қан құжаттар ақын Мағжан ірі саяси қайраткер болғанын айғақтайды. Қазақ зиялы қауымы отар­шыл билікпен саяси күреске бірігіп шы­ғып, ел үшін жан аямағаны анық.

Сөздің түйінін айтар болсақ, қазіргі жастар «қазақтар бірін-бірі көрсетіпті» деген айғай-сүреңге, «бір-бірін құртқан өздері екен» деген лақапқа емес, мәселеге терең бойлап, сол замандағы ахуалды терең зерделесе екен деймін. Сол кездегі билік саяси қызметкерлерінен бірін-бірі көрсетуін, бірінің үстінен бірі арыз жазуын, жамандауын талап етіп отырғанын ешқашан ұмытпаған жөн. Олар бұл істі барынша қоштап, «нағыз коммунист», «шыншыл пионер», «қызыл белсенді», т.с.с. атақтармен ынталандырып отырған. Алғыс жариялап, марапат берген, қызметін өсірген... Сондықтан барлық трагедияның түбірін сол кездегі сталиндік биліктен іздеген дұрыс.

 

Бүркітбай АЯҒАН,

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор