Өнер • 14 Наурыз, 2024

Айналайын Көкшеден, еркелеткен!

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағы аяулы әнші қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың мерейтойы мен шығармашылығына жарты ғасыр толуын әдемі ән кеші қылып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлеп, әспеттеп өткізді.

Айналайын Көкшеден, еркелеткен!

Әншейінде ортасы ойсырай, жартылай жүдеп тұратын мәдениет сарайында бұл күні ине шаншар жер болмады. Осыған қарап-ақ, ән ұшып, өлең қонған өңірдегі дәстүрлі әншіге деген дүйім жұрттың құрметін, ұлттық өнерге деген ықыласын аңғаруға болар еді. Жарты ғасыр киелі сахна төрінде әдемі қоңыр даусы­мен тыңдарман қауымның талғамынан шы­ғып келе жатқан әнші Қазақстан ком­позиторларының шығармалары мен есте жоқ ескі кезеңдегі саф алтындай жар­қыраған халық әндерін үзбей насихаттауда. Бәлкім шығармашылық қорының молдығы өнерді сүйгендігінен шығар. Жалғыз Көкше жұртшылығы ғана емес, әлденеше шетелдің кірпияз көңіл тыңдарманы да Бисараның өнеріне тәнті болған. 2001 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 10 жыл­­ды­ғында Бисара Мәкенованың қайта­ланбас ғажап даусы Алаштың ән өне­рінің сұңғыла саңлақтары Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаев, Байғабыл Жылқыбаевтармен қатар қойылып, «Ғасырлар сазы», «Қазақстан халықтық музыкалық антологиясы» атты алтын дискі жазылды. «Көкшетауым – ән туым!» жеке ән жинағы жарық көрді.

Шығармашылық кеште әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй тартылды. Көкше төріндегі көрікті кешке арнайы келген Қазақстан Республика­сының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова мен Қазақстанның мәдениет қайраткері Арай­лым Рахымқызы мәнді шараның мазмұнын үстей түсті. Кеш барысында Қазақстанның халық әртістері Қайрат Байбосынов, Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев бейнебаян арқылы жылы лебіздерін жеткізді.

Қарт Семейде туып, бар шығар­машылық ғұмыры ән бесігі – Көкшеде өтіп келе жатқан Бисара Мәкенова елге деген ризашылығын жеткізген кезде тебі­ренбеген адам қалған жоқ. Кештің тақырыбы да тауып қойылған екен десті. Шынында да көрікті Көкше асылын ардақтай білетін, бар мейірін төгетін, мәртебесін асыратын жер ғой. Сондай ықыласты көріп келе жатқан әншіге ән көгінде қалықтар шалқар шабыт сыйлаған да елдің әнге, әншіге деген мөлдір махаббаты. Ал әнші болса «Айналайын Көкшеден, еркелеткен» деп дөп басып айтып отыр.

 

Көкшетау